Құрылыс объектілерінің ақпараттық модельдеу технологиясын қолдану міндетті болатын құрылыс объектілері түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 19 наурыздағы «Құрылыс объектілерінің ақпараттық модельдеу технологиясын қолдану міндетті болатын құрылыс объектілері түрлерінің тізбесін бекіту туралы» №114 бұйрықтың бекітілгенін хабарлайды.
Аталған нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 62-бабы 1-тармағын іске асыру мақсатында қабылданды.
Міндетті ақпараттық модельдеуді енгізу құрылыс саласын цифрлық трансформациялауға, жобалаудың дәлдігін арттыруға және ғимараттардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бекітілген құжатқа сәйкес, ҚОАТМ (құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы) кезең-кезеңімен енгізілетін болады:
2026 жылғы 1 тамыздан бастап бұл технологиялар ірі білім беру мекемелері (600 орыннан басталатын мектептер), көлік тораптары (әуежайлар, вокзалдар, метрополитен), ұзындығы 100 метрден асатын көпірлер және бірегей құрылыс объектілері үшін міндетті болады.
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап тізім 6 қабаттан асатын тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды (балабақшалар, ауруханалар), әкімшілік ғимараттарды, сондай-ақ энергетикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылым объектілерін (магистральдық желілер, ЖЭО, мұнай құбырлары) қамтиды.
2030 жылғы 1 қаңтардан бастап ақпараттық модельдеуді қолдану жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі ғимараттарды (технологиялық жағынан қарапайым құрылыстарды) қоспағанда, құрылыс объектілерінің барлық түрлері үшін міндетті болып табылады.
Бұйрықтың толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/documents/details/996322?lang=kk