
Смағұл Шалқарбеков (1919-1994) Жаңаарқа ауданы қасиетті мекен Қараағаштың тумасы Шалкарбеков Смағұл 1919 жылы дүниеге келген.
Қарағанды қаласынан мектеп бітіргеннен кейін Совет армиясы қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Отан алдындағы борышын атқаруға 1939 жылдан кірісе бастайды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда ол қызмет еткен бөлім Германияның одақтасы Жапония тарапынан болуы ықтимал соғыс қаупіне қарсы тұру үшін Қиыр Шығыста қалдырылады.
Шалқарбеков Смағұл Қиыр Шығыста Хасан көлінің маңында болған арандату мақсатында болған қақтығыстарға қатысып өз міндетін абыроймен атқарады.
Содан кейін Талбухин армиясының құрамында Украина майданында фашистік Германиямен соғысқа кіріседі.
Соғыс кезінде Украина, Австрия, Румыния, Венгрия, Югославияны азат ету ұрыстарына қатысып, көптеген ерліктер көрсетеді.
Ол еңбектері Совет үкіметі тарапынан бағаланып, көптеген ордендер мен медальдармен марапатталады. Атап айтқанда, «Ерлігі үшін» (№ 3534697) медалі тапсырылып, екінші рет ерлік жасағанда «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады.
Екінші дәрежелі Отан соғысы ордені берілген. Бұдан басқа «Ерлігі үшін» (№ 964348), Белградты құтқарғаны үшін, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы, Жеңістің 40-жылдығы, Жеңістің 50-жылдығы медальдары бар.
Кейін бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені берілген.
Бұдан да басқа ордендері мен медальдарын анықтау үшін қазіргі таңда Облыстық қорғаныс бойынша департаменті Подольскідегі архивке сұрау салып іздестіріп жатыр.
Соғыс аяқталған соң елге оралған ол Жаңаарқа ауданында әртүрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Қараағаш ауыл советінде секретарь, төраға қызметтерде болды. Осы ауылдағы орман шаруашылығында қызметтерде істеді.
Өмірінің соңғы кездерінде «Рассвет» совхозындағы Жаңаарқа байланыс бөліміне қарасты байланыс бөлімшесінің бастығы болып зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жалғастырып, тек денсаулық жағдайына байланысты ғана бұл қызметінен шықты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Шалқарбеков Смағұл 1994 жылы қаңтар айында дүниеден озған.
Авторы: Немересі – Айымгүл Смағұлова
ҚР ИИДМ ИДӨҚК халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық басқармасының сарапшысы