Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 8, 159-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау (ведомстволық наградаларынан айыру) қағидаларында:
«3. Ведомстволық наградалармен марапаттау негіздемелері» деген бөлім «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі» деген кіші бөлімі және 27-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі
27-1. «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсенділігі, ұзақ және мінсіз қызметі, кәсіби қызметтегі жоғары көрсеткішке қол жеткізгені, қосқан ерекше үлесі мен жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, қорғаныс өнеркәсібі саласында кемінде 10 жыл жұмыс істеген қызметкерлер, ардагерлер және өзге де адамдар марапатталады.
Ерекше жағдайларда бұл медальмен қызметкерлер ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, сондай-ақ жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін де марапатталады.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының тізбесі және сипаттамаларында:
«1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының тізбесі» деген бөлімде:
«Медальдар» деген кіші бөлімде:
1-1-тармақтың 1-тармақшасы алып тасталсын;
1-2 тармағымен келесі мазмұнда толықтырылсын:
«1-2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі:
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін».»;
«2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының сипаттамалары (бұдан әрі – сипаттамалар)» деген бөлімде:
келесі мазмұндағы кіші бөліммен толықтырсын:
«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің медалі «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» (1-3-қосымша)
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі диаметрі 32 мм түзу тегіс шеңбер нысанында жасалады.
Медальдың беткі жағында кеме, ұшақ, танк, дүркіндете ату реактивті жүйесі және спутник бейнелері ойып жасалған. Медальдың ортасында Қазақстан Республикасының картасы, онда Қазақстанның елордасы «Астана» және күн астындағы қыран бейнеленген. Негiзі күмiс қорытпасынан дайындалған.
Жиегін бойлай ашық көгілдір реңде «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жазу орналасқан.
Медальдың сыртқы жағында жиегін бойлай ұлттық ою-өрнек ортасында «Қазақстан Республикасының Қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жазу бейнеленген.
Медаль құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм және биіктігі 50 мм, сары түсті екі жолағы бар көк түсті қатқыл лентамен қапталған алты бұрышты тағанмен жалғанады.
Медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуішпен бекітіледі.»;
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің медальдары» кіші тармағында бірінші тарау және оның сипаттамалары алып тасталсын;
сипаттамаларға 1-1-қосымшасы алып тасталсын;
осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 1-3-сипаттамаға қосымшамен толықтырылсын.
Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин