Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы және корпоративтік басқару департаментінің қызметіндегі ішкі Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау бойынша Талдамалық анықтама

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы және корпоративтік басқару департаментінің қызметіндегі ішкі Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау бойынша

Талдамалық анықтама

Астана қаласы                                                                      4 шілде 2025 жыл

 

Ішкі талдау жүргізілетін нысанның толық атауы: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Қаржы және корпоративтік басқару департаменті (бұдан әрі – Департамент).

 

Ішкі талдауды жүргізудің негіздері: «2025 жылға арналған ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу кестесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 10 сәуірдегі
№ 48 бұйрығы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысының 2025 жылғы 28 ақпандағы № 71 бұйрығы және 2025 жылғы 21 мамырдағы № 173 бұйрығы.

 

Ішкі талдау жүргізілетін кезең: 2024 жылғы қаңтар – 2025 жылғы мамыр.

 

Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау 2 бағыт бойынша жүргізілді:

  1. Департаменттің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
  2. Департаменттің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

 

Департаменттің қызметін реттейтін құқықтық актілер:

Аппарат басшысының 2023 жылғы 27 қазандағы № 45 бұйрығымен бекітілген Департамент Ережесіне сәйкес, Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерінің және өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің негізінде жүзеге асырады.

 

  1. Нормативтік құқықтық және құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айқындау

 

Аталған бағыт бойынша құрылым бөлімшенің қызметіне қатысты келесі ішкі нормативтік құқықтық актілер зерделенді:

  • «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ведомстволық бюджеттік комиссиясының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 15 сәуірдегі № 124 бұйрығы.

Аталған бұйрықпен Министрліктің бюджеттік комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылып, Комиссияның Ережесі бекітілді.

Комиссия қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасы Конституциясы, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Комиссия туралы Ереже құрайды.

Комиссия қызметінің негізгі мақсаттары – Министрліктің бюджет жобасын уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Министрліктің бюджетін нақтылау, түзету және орындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Актіні талдау нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

 

  • «Қазақстан Республикасының органдары қызметкерлеріне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыға үстемақылар белгілеу, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысы.
    Аталған Қағидалар мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен көтермелеу тәртібін регламенттейді.

А) Сыйақы төлеу негіздерінің тізбесі (Қағидалардың 3-тармағы) бірқатар бағалау сипатты және нақты емес тұжырымдарды қамтиды, бұл сыйақы беру критерийлерінің айқын еместігін айқындайды. Критерийлерге «қызметтік міндеттерді үлгілі орындау, мінсіз қызмет өткеру, ерекше маңызы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындау және өзге де жетістіктер», «органға жүктелген функциялар мен міндеттерді тиісінше орындау» және тағы басқалары кіреді. «Өзге де жетістіктер» немесе «үлгілі орындау» сияқты тұжырымдардың нақты өлшенетін көрсеткіштері жоқ. Бұл қызметкердің еңбегін әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік береді және іс жүзінде «жетістік» немесе «міндеттерді тиісінше орындауды» негіздеу арқылы кез келген қызметкерді көтермелеуге жол ашады. Бұдан бөлек, бұл көрсеткіштер Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес олардың тікелей міндеттерінің шеңберіне жатады. Мұндағы сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыйақы беру критерийлерінің субъективтілігі, бұл кейбір тұлғаларды негізсіз көтермелеуге немесе басқа қызметкерлерді кемсітушілікке әкелуі мүмкін. Нақты көрсеткіштер болмаған жағдайда жұмыстың тиімділігі мен нәтижелері бейтарапсыз бағалануы мүмкін, бұл сыйақыларды бөлу объективтілігін төмендетеді.

Ә) Үстемақы белгілеу шарттары (5-тармақ) да кең тұжырымдалған және жалақыға үстемақы белгілеуге кең негіз береді. Уақытша жоқ қызметкердің міндеттерін орындау (5-тармақтың 1) тармақшасы) сияқты объективті негізден бөлек, өзге тармақшаларда да түсіндірудің кең мүмкіндігі бар:

  • «кеңейтілген міндеттер шеңберін жүктеу, жеткілікті тәжірибе мен дағдыларды және жоғары кәсіби деңгейін иелену, сондай-ақ өзге де көрсеткіштер» (5-тармақтың 2)тармақшасы);
  • «функционалдық міндеттерді тікелей орындау кезінде мемлекеттік тілді қолдану» (5-тармақтың 3) тармақшасы).

2) тармақшадағы тұжырым іс жүзінде басшылыққа қосымша міндеттер формалды түрде жүктелген немесе жеткілікті тәжірибесі бар деп танылған кез келген қызметкерге үстемақы белгілеуге мүмкіндік береді, бұл қосымша жүктеменің көлеміне нақты өлшемшарттарсыз жүргізіледі. «Сондай-ақ өзге де көрсеткіштер» деген сөздер мүлде нақтыланбаған. 3)тармақшада мемлекеттік тілді қолданғаны үшін көтермелеу көзделген – бұл маңызды мақсат, алайда бұл талап барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті болып табылады, тиісінше, іс жүзінде барлық мемлекеттік қызметшілер бұл талапқа сай келеді. Мұндағы сыбайлас жемқорлық тәуекелі – үстемақы белгілеудің айқын параметрлерінің болмауы «міндеттер ауқымын кеңейту» немесе «мемлекеттік тілді қолдану» деген желеумен жекелеген тұлғаларға негізсіз үстемеақы белгілеу тәуекелін тудырады, тіпті бұл елеулі күш-жігерді талап етпесе де.

в) Шағымдану механизмі көзделмеген. Қағидаларда сыйақы немесе үстемақы белгілеу туралы немесе олардан бас тарту туралы шешімдерге шағымдану мүмкіндігі мүлде көрсетілмеген. Сыйақы алмаған (немесе әріптесінен аз көлемде сыйақы алған) қызметкерде бұл шешімге дау айту немесе қайта қарау үшін ресми тәртіп жоқ. Бұл барлық даулар орган басшылығының қарауында қалатынын білдіреді. Мұндағы тәуекел – кері байланыстың болмауы. Қызметкерлер тиісті сыйақысын алу үшін бейресми жолдарды (таныстар арқылы, жеке өтініштер немесе тіпті заңсыз сыйақы ұсыну) іздеуге мәжбүр болуы мүмкін, бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерін ынталандырады.

Осыған байланысты және көрсетілген тәуекелдердің Министрліктің құзыретіне кірмейтінін ескере отырып, әзірлеуші уәкілетті мемлекеттік органға өзгерістер мен нақтылаулар енгізудің қажеттілігі туралы ұсыныс білдіріп, хат жолдау ұсынылады.

 

  • «Бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға жұмсалған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысы.
    Аталған қаулы Қазақстан Республикасы шегінде және шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға бюджет қаражаты есебінен шығыстарды өтеу тәртібін айқындайды.

А) Қағидалар тұрғын үй құнының тәуліктік өтеу шекті нормаларын елді мекен санаты мен қызметкердің лауазымына байланысты саралайды. Жоғары басшылық буынының басшылары үшін елорда мен ірі қалаларда тұрғын үйге тәуліктік өтеу шегі 10 АЕК-ке дейін, ал облыстық маңызы бар қалалар мен аудан орталықтары үшін төмен коэффициенттер белгіленген. Қалған қызметкерлер үшін ірі қалаларда 7 АЕК-ке дейін (кіші қалалар мен ауылдар үшін төменірек).

Талдау барысында салық заңнамасымен қайшылық/коллизия анықталды. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 244-бабына сәйкес, іссапар кезіндегі тұрғын үй үшін жұмыс беруші шығындары салық салынатын базаны азайтуға жатқызылады (яғни, шегерімдерге енгізіледі) тек тұрғын үйді жалдау ақысын төлеуді растайтын құжаттар болған жағдайда ғана. Ал қызметкерге чектерді жинамай-ақ өтемақы төленген жағдайда мемлекеттік орган салық есебі мақсаттары үшін бұл шығындарды құжат түрінде негіздей алмайды. Бұл мемлекеттік кірістер органдары тарапынан талап қою қаупін тудырады. Осыған байланысты аталған Қағидаларға өзгерістер енгізу не болмаса Салық кодексін нормативтік сәйкестікке келтіру үшін арнайы ескертпе енгізу қажеттілігі туындайды.

Осылайша, ведомствоаралық келісудің жеткіліксіздігі НҚА-да олқылықтар тудырып, ол теріс пайдалануға немесе төлемдердің заңдылығын бақылауды қиындатуға негіз болуы мүмкін.

Б) Күнделікті қайтып келу мүмкіндігі бар іссапарлар (4-тармақ). Қағидалар іссапар орны тұрақты жұмыс орнына жеткілікті жақын орналасқан және қызметкердің күнделікті барып-қайтуға мүмкіндігі бар жағдайды жеке реттейді. Әрбір жағдайда шешімді мемлекеттік орган басшылығы қабылдайды және осы шешімге төлемдердің көлемі байланысты. Егер қызметкер өз еркімен іссапар орнында түнеп қалса, оған әдеттегі іссапардағыдай барлық күндер үшін тәуліктік және тұрғын үй шығындары төленеді. Ал егер ол күн сайын үйіне қайтып жүрсе, онда оған тек жол шығындары (мысалы, жанар-жағармай немесе автобус құны) өтеледі, тәуліктік төлемдер төленбейді. Мұндай тәртіп тәуліктік төлемдер қажет болмаған жағдайда артық шығындарды болдырмау үшін орынды болып көрінеді. Бұл ретте тәуекел шешім қабылдау кезіндегі субъективизммен байланысты: Қағидалар қай қашықтық немесе қандай жағдайлар күнделікті қайтып жүруге лайықты екенін нақты көрсетпейді. Барлығы басшылықтың қалауы бойынша шешіледі. Бұл кейбір қызметкерлер үшін басшылық үнемі «түнемеге қалуға» рұқсат беріп, тәуліктік төлемдерді төлеуге мүмкіндік табуы мүмкін (тіпті жол жақын болса да), ал кейбіреулерін күнделікті барып-қайтуға мәжбүрлеуі мүмкін дегенді білдіреді – бұл біркелкі еместікке және тіпті туыстық, таныстыққа жол ашуы мүмкін. Ең нашар жағдайда басшылық командировкалық төлемдер алғысы келетін қызметкерлерге жаппай «орнында түнеп қалуға» рұқсат беріп, олар шын мәнінде қайтып келе алатын болса да, бұл бюджет шығындарын арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Шешім – ішкі нұсқаулықтар әзірлеу: мысалы, белгілі бір километрден асатын қашықтық немесе жолға белгілі бір уақыт жұмсалатын жағдайда ғана түнеу орынды деп танылсын. Қазіргі уақытта бұл мәселе нақты регламенттелмеген, бұл олқылық болып табылады және теріс пайдаланудың әлеуетті көзі болып саналады. Осыған байланысты аталған Қағидалардың 4-тармағына тиісті нақтылаушы өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз (нақты қашықтықты реттеу).

Осыған байланысты және көрсетілген тәуекелдердің Министрліктің құзыретіне кірмейтінін ескере отырып, әзірлеуші уәкілетті органға өзгерістер мен нақтылаулар енгізу қажеттілігі туралы ұсыныс білдіріп, хат жолдау ұсынылады.

 

  • «Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдарда, Ұлттық әл-ауқат қорынан басқа, корпоративтік басқарудың Үлгілік кодексін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
    2018 жылғы 5 қазандағы № 21 бұйрығы.

Кодекс мұндай компаниялардың қызметінің ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыруға бағытталған корпоративтік басқару стандарттарын белгілейді. Кодекс өзге мақсаттармен қатар сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермейтін тетіктерді енгізуді жариялайды.

Актіні талдау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

 

  • «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын және іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 23 бұйрығы.

Аталған Қағидалар квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін стратегиялық жоспарлау тәртібін (он жылдық даму жоспарлары және бес жылдық іс-шаралар жоспарлары), оларды мемлекеттік органдармен келісу, орындауды мониторингтеу және өзгерістер енгізу тетіктерін белгілейді.
Актіні талдау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

 

  • Департаменттің Ережесі, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы № 103 бұйрығымен бекітілген. Лауазымдық нұсқаулықтар бойынша тәуекелдер төменде келтірілген.

 

  • Қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтары, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысының 2023 жылғы 27 қазандағы № 47 бұйрығымен бекітілген. Лауазымдық нұсқаулықтар бойынша тәуекелдер төменде келтірілген.

 

  1. Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айқындау

 

Талдау нәтижелері бойынша келесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айқындалды.

 

Лауазымды тұлғалардың міндеттері орнына құқықтарын белгілеу
Департаменттің Ережесі мен лауазымдық нұсқаулықтарын талдау барысында лауазымды тұлғаларға нақты белгіленген міндеттер орнына құқықтар берілген тұжырымдар анықталды. Мұндай тұжырымдар тиісті реттеу болмаған жағдайда әрекеттер еркіндігін қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелін тудырады. Төменде нақты мысалдар, құжаттарға сілтемелер және ықтимал салдарларды талдау келтірілген.

 

№

Цитата құжаттан

Дереккөз

Түсініктеме

Тәуекел және ықтимал салдарлар

1.

Басқа құрылымдық бөлімшелерден қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

Департамент қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары (мысалы, 2.2-тармақ)

Өз функцияларын орындау үшін барлық қажетті ақпаратты сұратуға және пайдалануға міндетті.

Міндеттің болмауы ақпараттың сұралмауына, бұл манипуляцияларға және талдаудың толық болмауына жағдай жасауы мүмкін.

2.

Министрлікті мемлекеттік органдарда және өзге де заңды тұлғаларда өзінің құзыретіне кіретін мәселелерді қарау кезінде ұсынуға, мемлекеттік органдардың, халықаралық және өзге де ұйымдардың жиналыстарына, отырыстарына, семинарларына, конференцияларына қатысуға құқылы.

Департамент қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары (мысалы, 2.1-тармақ)

Тек басшылықтың тапсырмасы бойынша, міндетті есептілікпен және бекітілген өкілеттіктер шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс.

Ұйым мүдделерін рұқсатсыз ұсыну, жеке ықпал ету және мүдделер қақтығысы тәуекелін туындатады.

3.

Қажет болған жағдайда өзге бөлімдермен өзара іс-қимыл жасауға құқылы.

Департамент қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары

Әрбір функционалдық бағыт бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды орнатуға міндетті.

«Қажет болған жағдайда» деген формулировка өзара іс-қимылдан жалтаруға, бақылау мен үйлестіруді қиындатуға мүмкіндік береді.

4.

Басқарма бас мамандарының өз міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, қызметтік тәртіпті және қызметтік әдепті бұзғаны үшін оларға тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.

Басқарма басшыларының лауазымдық нұсқаулықтары (2.4-тармақ)

Формулировка нақты, критерийлермен шектелген және субъективизмді болдырмайтындай болуы керек. Тек ресми қызметтік тексеру нәтижелері негізінде, бекітілген рәсім бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

Белгілі бір кінәлі тұлғаға қатысты субъективті қолдану, қысым көрсету, қызметтік әдепті бұзу және кемсітушілік тәуекелін тудырады.

5.

Орындау мерзімдерін белгілей отырып, өкімдер беруге, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауға құқылы.

Басқарма басшыларының лауазымдық нұсқаулықтары (2.14., 2.16-тармақтар)

Өкімдерді орындау міндетті болатын және белгіленген тәртіпте бақыланатын жағдайларды нақтылау қажет.

Жүйелі бақылаудың болмауы мерзімінде орындамауға және жауапкершілікті басқаларға жүктеуге әкелуі мүмкін.

6.

Басқарма жұмысына қатысты мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға, сондай-ақ оларды бағынысты қызметкерлердің орындауына қатысуға құқылы.

Басқарма басшыларының лауазымдық нұсқаулықтары (2.12-тармақ)

Шешімдерді дәлелді жазбаша негіздемелермен қабылдау міндеті болуы тиіс.

Формулировка белгіленген міндеттемелерді орындаудан жалтаруға, өзара іс-қимылды қиындатуға және бақылауды әлсіретуге мүмкіндік береді.

7.

Басқарма құжаттарына қол қоюға, қаржыландыру жоспарларын орындауға қатысты құжаттарды, қызметкерлер әзірлеген хаттарды визалауға құқылы.

Басқарма басшысының лауазымдық нұсқаулығы (2.17-тармақ)

Қызметкерлердің функцияларын орындау кезінде әзірлеген хаттарға қол қоюға және оларды келісуге міндетті. Қол қоюға жататын құжаттар тізбесін нақтылап, қаржы құжаттарына қосарланған қол қоюды енгізу қажет.

Міндеттің болмауы құжаттардың қараусыз қалуына, қызметтік міндеттердің орындалмауына жағдай жасауы мүмкін. Құжаттар тізбесінің айқын болмауы өкілеттіктердің шамадан тыс шоғырлануына және рұқсат етілмеген шешімдерді келісу тәуекелін арттырады.

8.

Қызметкерлердің Министрлік пен Департамент басшылығының бұйрықтарын, өкімдерін, ескертулерін, нұсқауларын тиісінше және толық орындау құқығы.

Басқарма басшысының лауазымдық нұсқаулығы (2.18-тармақ)

Бұл функционалдық міндет болғандықтан, осы тармақты міндет ретінде белгілеу керек. Сонымен қатар, тиісті түрде ресімделген жазбаша өкімдердің міндеттілігін нақты ажыратып көрсету және заңсыз немесе құқықтарды бұзатын нұсқауларға шағымдану тетігін көздеу қажет.

Формулировка қызметкерлерге заңсыз немесе лоббистік талаптарды жеткізу үшін негізсіз немесе ауызша нұсқаулар беру арқылы теріс пайдалануға әкелуі мүмкін. Бұл қызметкерлерге қысым көрсету, рәсімдерді айналып өтіп ауызша нұсқауларды орындау, заңдылық қағидатын бұзу тәуекелін тудырады.

 

  1. Кейбір басқарма басшыларында басқарма қызметкерлерін көтермелеу бойынша ұсыныстар енгізу құқығы бар, ал басқаларында бұл құқық қарастырылмағанын айта кету қажет. Осыған байланысты, барлық басқарма басшыларына бұл құқықты белгілеу қажет деп санаймыз.

Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген ескертулерді жою мақсатында лауазымдық нұсқаулықтарға тиісті өзгерістер енгізу ұсынылады.

 

  1. Лауазымдық нұсқаулықтарды талдау барысында қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндер мен тұжырымдардың әртүрлілігі анықталды.

Мысалы, Директордың нұсқаулығындағы 2.1-тармақ, Директордың орынбасарының нұсқаулығындағы 2-тармақ, Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысына қатысты лауазымдық нұсқаулықтың қазақша нұсқасы – орысша нұсқамен толық сәйкес келмейді.

Аталған қайшылықтар мен қазақ тіліндегі нұсқаулықтардың тиісінше рәсімделмеуі әртүрлі сипаттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде құқықтық актілердің қазақша нұсқасын басым етуге бағытталған заң жобасы бар екенін ескере отырып, құжаттардағы мәтіндердің аутенттілігін (бірдейлігін) қамтамасыз ету қажеттігін хабарлаймыз.

 

Мүдделер қақтығысы.

  1. Мемлекеттік сатып алу және қамтамасыз ету басқармасы басшысының лауазымдық нұсқаулығының 3.10 және 3.21-тармақтарына сәйкес бір лауазымдық деңгейде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою жауапкершілігі көзделген, бұл тапсырыс беруші мен бақылаушы функцияларын тиімді бөлуге қайшы келеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 18 қарашадағы  Заңының 6-бабының 2), 4), 8) тармақшаларына және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 488 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдардың (бұдан әрі – Әдістеме) 24-тармағының мүдделер қақтығысын реттеу бағытындағы 5) және 6) тармақшаларына сәйкес жоспарлау, орындау және бақылау функцияларын бір лауазымды тұлғада шоғырландыруға жол бермеу көзделген.

Мәселе мүдделер қақтығысы мен ішкі бақылау қағидатының бұзылуында болып отыр. Бір лауазымдық деңгейдегі, бір құрылымдық бөлімше екі маңызды әрі бір-біріне қайшы келетін функцияларды қатар атқаруда, бұл – теріс пайдалану тәуекелін арттырып, ашықтық деңгейін төмендетеді:

  • Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру – қажеттілікті жоспарлау, конкурстық құжаттаманы әзірлеу, сатып алу рәсімдерін өткізу және жеткізушіні таңдау үдерістерін қамтиды.
  • Орындалған жұмыстар актілеріне қол қою – жеткізушінің өз міндеттемелерін орындағанын, атап айтқанда көлемі, мерзімі мен сапасын нақты растау болып табылады.

Мүдделер қақтығысы мен ішкі бақылау қағидатының бұзылуы – бір құрылымдық бөлімшенің сатып алуға деген қажеттілікті қалыптастыру, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыстардың қабылдау актілеріне қол қою функцияларын бір мезгілде атқаруынан көрініс табады.

Бұл практика мемлекеттік сатып алу жүйесінің рәсімдік ашықтығынан, тапсырыс беруші мен бақылаушы рөлдерінің айқын бөлінуінен айырады, тиісінше теріс пайдаланушылыққа жағдай жасайды.

Мұндай жағдайда коррупциялық көріністердің тәуекелі артады: бастапқыда «жақын» немесе «сенімді» жеткізушіні іріктеу ықтималдығы; нақты орындалмаған немесе сапасыз орындалған жұмыстардың көлемі мен сапасын жалған көрсету мүмкіндігі; тәуелсіз тексеру тетігінің болмауына байланысты бұзушылықтарды анықтау қиындайды.

Мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін функциялар нақты бөлінуі тиіс. Сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру мен өткізуді – бір басқарма және нақты лауазымды тұлғалар жүзеге асыруы тиіс. Ал орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне бақылау жүргізуді және қабылдау актілеріне қол қоюды – басқа басқарма және өзге уәкілетті тұлғалар қамтамасыз етуі қажет.

Бұл тәртіп ішкі бақылау қағидаттарына, сондай-ақ ашықтық пен есептілік талаптарына толық сәйкес келеді.

Осыған байланысты Департаменттің ұйымдық құрылымын және міндеттердің бөліну жүйесін қайта қарау ұсынылады. Жоспарлау мен сатып алуды ұйымдастыру функцияларын бір лауазымды тұлғаға жұмыстарды қабылдау және бақылау функцияларымен қоса атқаруға тыйым салу қажет.

Осыған орай ішкі регламенттер мен бақылау рәсімдеріне тиісті өзгерістер енгізіп, өкілеттіктерді нақты бөлу және мүдделер қақтығысының алдын алу қамтамасыз етілуі тиіс. алу үшін регламенттер мен ішкі бақылау рәсімдеріне тиісті өзгерістер енгізу ұсынылады.

 

  1. Бухгалтерлік есептің сапасын бақылау бойынша, есептілікті дайындау жөнінде міндеттері бар қызметкер деректердің баланста дұрыс көрсетілуін бақылауға да жауап береді, бұл объективтілікке кедергі келтіреді. Мәселе бухгалтерлік есептілікті жасау мен оның дұрыстығын бақылау міндеттерінің функционалдық бөлінуінің болмауында, бұл ішкі бақылау және аудиторлық тәуелсіздік қағидаттарының бұзылуына алып келеді.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасының бас сарапшысы (Мергенбаева А.) лауазымдық нұсқаулығының 3.1, 3.6, 3.8, 3.11, 3.12-тармақтарына сәйкес бухгалтерлік және салықтық есептілікті қалыптастыру функцияларын орындайды, сондай-ақ 3.9-тармаққа сәйкес шаруашылық операцияларды есепте дұрыс көрсетуін тексереді, ішкі бақылау іс-шараларына және бюджетке төлемдер, міндетті әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар бойынша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына және депоненттермен есеп айырысу бойынша тоқсан сайынғы түгендеуді жүргізуге қатысады.

Мұндай функцияларды біріктіру мүдделер қақтығысына алып келеді: қызметкер іс жүзінде өзінің жұмысын өзі тексереді, бұл бақылаудың тиімділігін төмендетеді және қателерді жасыруға немесе деректерді бұрмалауға жағдай жасайды. Нәтижесінде ішкі бақылаудың объективтілігі жоғалады, ал оның рөлі есептіліктің дұрыстығына нақты кепілдік бермейтін формалды тексеріспен шектеледі.

Талаптарға сәйкес есеп жүргізу функциясы мен бақылау функциясы ашықтықты және қаржылық есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында нақты бөлінуі тиіс. Бұл қағидатты практикалық іске асыру бастапқы есеп деректерін, бухгалтерлік жазбаларды дайындауды және есептілікті қалыптастыруды бір орындаушы жүзеге асыратынын, ал деректердің дұрыстығын тексеруді және оларды есепте дұрыс көрсетуді бақылауды бұл деректерді дайындауға қатысы жоқ басшы немесе өзге тұлға орындайтынын көздейді.

Осыған байланысты аталған функцияларды бөлу үшін лауазымдық нұсқаулықтарға өзгерістер енгізу қажет.

  1. Корпоративтік даму басқармасы басшысының лауазымдық нұсқаулығының 3.3-тармағына сәйкес басқарма басшысының міндеттеріне Министрліктің орталық аппаратына бағынысты ұйымдардың даму жоспарын және іс-шаралар жоспарын қарауды қамтамасыз ету кіреді, ал 3.12-тармағына сәйкес Министрліктің орталық аппаратына бағынысты ұйымдардың даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының іске асырылуын мониторингтеуді қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Осындай қайталанатын тармақтар осы басқарманың бас сарапшысының лауазымдық нұсқаулығында да (3.1 және 3.7-тармақтар) бар.

«Қарау» сөзі көп мағыналы ұғым болып табылады, ол келісуді, түзетуді және өзгерістер енгізуді де қамтуы мүмкін, сондықтан қараудың нақты қандай мақсатта жүргізілетінін нақтылау және айқындау қажет. Юридикалық-лингвистикалық айқынсыздық, сондай-ақ дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі Әдістеменің 21-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жатады. Функциялардың қайталануына жол бермеу маңызды, өйткені бұл проблемаларға алып келуі мүмкін: айқынсыздық, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және тиімділіктің төмендеуі. Бірнеше қызметкер бірдей функцияларды орындаған кезде, бұл жауапкершілік пен шешім қабылдау процесінде айқынсыздыққа, ресурстардың артық жұмсалуына және еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Функциялардың қиылысуы қандай да бір әрекеттер үшін кім жауапты екенін түсінбеу салдарынан сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасауы ықтимал.

 

Персоналды басқару, оның ішінде кадрлардың ауысуы

  1. лауазымға іріктеу және тағайындау тәртібінің реттелмеуі – жоқ;
  2. лауазымға конкурс өткізбей тағайындау – 2024 жылғы 5 желтоқсанда Министрдің келісімі бойынша ауыстыру тәртібімен Акбердиева Жазира Нұрмахыметқызы Департамент директоры болып тағайындалды;
  3. конкурс формалды түрде өткізіліп, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін тұлғаларды жұмысқа қабылдау – жоқ;
  4. бос орын, біліктілік талаптары, қажетті құжаттар тізбесі, іріктеудің әртүрлі кезеңдеріне жіберілген тұлғалар туралы ақпаратты орналастырмау, уақытылы және/немесе толық орналастырмау – жоқ;
  5. іріктеу кезеңдерін (бос орын туралы хабарландыруды орналастыру, құжаттарды қабылдау, сұхбаттасу, тестілеу және т.б.) өткізу мерзімдерінің болмауы – жоқ;
  6. сұхбаттасу мен тестілеуге арналған сұрақтарды қалыптастыру және қорғау тетігінің болмауы – жоқ;
  7. кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасау – жоқ;
  8. жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдайтын тұлғалардың мүдделер қақтығысын реттеу шараларын қамтамасыз етпеу – жоқ;
  9. қызметкерлерді лауазымға жоғарылату, басқа лауазымдарға ауыстыру конкурс өткізбей жүзеге асыру – жоқ;
  10. қызметкерлердің еңбекақысы мен көтермелеу туралы ақпараттың жабықтығы – жоқ;
  11. тәртіптік жазалары алынбаған қызметкерлерді көтермелеу – жоқ;
  12. мерзімінен бұрын алынған тәртіптік жазалардың үлес салмағы жоғары болуы – аталған кезеңде Департамент қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған;
  13. қызметкерлерді жұмысының нәтижесіне қарамастан басшылықтың қалауы бойынша көтермелеу – жоқ;
  14. тәртіптік жазаларды шамадан тыс қысқа мерзімде алу – жоқ;
  15. заңнаманы бұзған, жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтарын бұзған тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданбау – аталған кезеңде Департамент қызметкерлері тарапынан жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерін бұзу фактілері тіркелмеген.

 

Департаменттің штаттық саны 2024 және 2025 жылдардың маусым айларында – 20 бірлік.

2024 жылғы маусым айында нақты саны – 20 бірлік, 2025 жылғы маусым айында – 18 бірлік.

2024 жылғы 12 қыркүйекте жалпы конкурс нәтижесі бойынша Корпоративтік даму басқармасының бас сарапшысы лауазымына Сереке Асылхан қабылданды.

2025 жылғы 29 сәуірде өз еркімен жұмыстан босатылды.

2025 жылғы 10 ақпанда ішкі конкурс нәтижесі бойынша Қаржы және корпоративтік басқару департаменті директорының орынбасары лауазымына Смағұлова Арайлым Тұрсынғазықызы қабылданды.

2025 жылғы 27 ақпанда басқа мемлекеттік лауазымға, Комитетке тағайындалуына байланысты Жұмабекова Багнұр Жарысханқызы жұмыстан босатылды.

2024 жылғы маусымнан 2025 жылғы маусымға дейін 3 жалпы конкурс және 2 ішкі конкурс өткізілді.

Мемлекеттік қызметтер көрсету

Департамент мемлекеттік қызметтер көрсетпейді.

Рұқсат беру функцияларын іске асыру

Департамент рұқсат беру функцияларын жүзеге асырмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша

Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл функциялары Ішкі аудит департаментіне жүктелген, ал превенция және түсіндіру мәселелері Әдеп жөніндегі уәкілдің құзыретінде және бұл міндеттер лауазымдық нұсқаулықтарда бекітілген, осы бағыт бойынша құрылымдық бөлімше жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты әзірленген және қолданылады. Қызметкерлер үшін оқыту және түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде өткізіледі; 2025 жылдың басынан бастап оннан астам семинарлар мен тренингтер өткізілді, оның ішінде 2025 жылғы 29 сәуірде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілінің қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар болып табылатын барлық қызметкерлер мемлекеттік қызметке қабылданған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді уақтылы қабылдады. Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу аясында Департамент қызметкерлері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Ақпараттық сервис» жүйесі бойынша тексерілді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтер анықталған жоқ. Белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу фактілері тіркелген жоқ. Департамент қызметкерлерінің заңсыз сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттері бойынша жеке және заңды тұлғалардан, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарынан шағымдар түскен жоқ.

Министрлікте сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаудың ресми арналары, оның ішінде анонимді өтініштер үшін арналары көзделген және жұмыс істейді. Департамент қызметкерлеріне қатысты заңсыз сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер бойынша жеке және заңды тұлғалардан, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарынан шағымдар анықталған жоқ.

Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс заңнама талаптарына және ішкі регламенттерге сәйкес қамтамасыз етіледі.

Талдау кезеңінде жүргізілген бақылау іс-шаралары:

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша аудит жүргізді;
    Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы 2023 жылғы 4 қазаннан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалану бойынша мемлекеттік аудит жүргізді.

Бақылау іс-шаралары актілеріне сәйкес бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Анықталған бұзушылықтардың бір бөлігі бақылау іс-шаралары барысында жойылды.

Бақылау органдарының актілері Министрлік тарапынан қаралды, бірқатар бұзушылықтар бақылау барысында жойылды, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Осыған қоса, бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша жүргізілген талдау қаржы қызметтері тарапынан мыналарды қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті:

  1. бухгалтерлік есепті жүргізу және шаруашылық операцияларды уақтылы көрсету кезінде талаптарға толық сәйкестікті бақылауды күшейту;
  2. дебиторлық және кредиторлық берешек жағдайын тиімді мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ету.

Анықталған кемшіліктер қаржылық есептіліктің бұрмалану қаупіне, бюджет шығындарына және қаржы тәртібін жүйелі бұзуға, сондай-ақ активтерді көрсету, іссапар шығындарын жұмсау және бухгалтерлік есеп жүргізу рәсімдерін қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

 

Жалпы ұсыныстар:

1) Департамент осы анықтамаға қол қойылган күннен бастап 10 жумыс күні ішінде талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін (іс-шаралар нақты сипатта болуға және анықталған сыбайлас жемкорлық тауекелдерін жою үшін жеткілікті болуға тиіс);

2) Департамент тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі 5-ші күннен кешіктірмей Ішкі аудит департаментіне растайтын кұжаттарды қоса бере отырып, ұсынымның орындалу барысы туралы ақпарат берсін.

 

 

   Қазақстан Республикасы

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің

                аппарат басшысы                                                     А. Кенжебаева

Талдамалық анықтама
Дата публикации
08 июля 2025