Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп, құрылыс, геология, жер қойнауын пайдалану, аса маңызды минералдық ресурстар, машина жасау, тау-кен металлургия кешені, құрылыс индустриясы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру салаларында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Министрлік өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыруды қамтамасыз етеді, үкіметаралық келісімдерді, хаттамаларды, коммюникелерді, өзара түсіністік туралы меморандумдарды, жол карталарын және халықаралық сипаттағы өзге де құжаттарды сүйемелдеуді жүзеге асырады, сондай-ақ Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара іс-қимылын үйлестіреді.
Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
Қазіргі уақытта Министрлікке Германия Федеративтік Республикасымен, Француз Республикасымен, Беларусь Республикасымен, Корея Республикасымен, Жапониямен, Чехия Республикасымен, Словакия Республикасымен, Болгария Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігінің қызметін үйлестіру, сондай-ақ Швеция Корольдігімен Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның қазақстандық бөлігінің қызметін жүргізу бекітілген.
2026 жылғы 8 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.К. Нағаспаев пен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Чон Кванның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының 11-отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластықтарды бекіткен Хаттамаға қол қойылды.
2026 жылғы 12 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі О. Сапарбеков пен Швеция Корольдігінің Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсенің тең төрағалығымен Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швеция ведомствоаралық комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша машина жасау, тау-кен металлургия кешені, аса маңызды минералдық ресурстар, өнеркәсіпті цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялар тарту салаларындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын айқындаған Бірлескен коммюникеге қол қойылды.
Аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады. Осылайша, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.К. Нағаспаев пен АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Сержио Гордың тең төрағалығымен C5+1 форматындағы аса маңызды минералдық ресурстар жөніндегі диалог өтті. Іс-шара барысында орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыру, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ геологиялық барлау және шикізатты терең өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымымен (ЮНИДО) өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. 2025 жылғы қарашада Е.К. Нағаспаев бастаған Қазақстан Республикасы делегациясы алғаш рет министрлік деңгейде өткен ЮНИДО Бас конференциясының 21-сессиясына (Эр-Рияд қаласы) қатысты. Қазақстан тарапы экономиканы әртараптандыруды, терең өңдеу өндірістерін дамытуды, өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауды және экологиялық таза технологияларды енгізуді қамтитын мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың басым бағыттарын таныстырды.
Министрлік халықаралық интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән береді.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Министрлік келісілген өнеркәсіптік саясатты іске асыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауға қатысады. Бүгінгі таңда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен жалпы құны 23 млрд АҚШ долларынан асатын, 33 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 130-дан астам бірлескен жоба іске асырылуда. Бірлескен жобалардың басым бөлігі машина жасау саласына тиесілі.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде 2026 жылғы 29 мамырда Астана қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 12-отырысы өткізілді. Отырыс барысында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, тәжірибе алмасу және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік саясатын одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Министрлік мемлекеттер мен үкіметтер басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны, инвестициялық өзара іс-қимылды және өнеркәсіп пен аса маңызды минералдық ресурстар салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған ортақ құжаттарды әзірлеуге қатысады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимыл аясында Министрлік өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестициялық байланыстарды дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өндірістік кооперацияны нығайтуға бағытталған бастамаларды іске асыруға қатысады.
Министрліктің халықаралық қызметінің маңызды бағыттарының бірі шетелдік серіктестер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен іске асырылатын инвестициялық жобаларды сүйемелдеу болып табылады.
Қазіргі уақытта шетелдік қатысуы бар 17 ірі жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оның ішінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және басқа да салалардағы 9 жоба Министрліктің бақылауында.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде Министрлік өз құзыретіне жататын мәселелерді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, аса маңызды минералдық ресурстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, өндірістерді оқшаулау (локализациялау), ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, инвестициялық ахуалды жетілдіру және халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша жұмыс жүргізіледі.