GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Логотип
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Все материалы
15 октября 2026
Қорғаныс министрі Шолпан-Атада өткен ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор Айдос Мырзахметов Қырғызстанда өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты.
Тараптар 2026 жылы әскери ынтымақтастықты дамыту бағытында Кеңестің жұмыс органдары атқарған қызметтің негізгі басымдықтары мен нәтижелерін қарастырды. Атап айтқанда, әскери білім беру, кадр саясаты, жауынгерлік даярлық және күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, 2027 жылға арналған жұмыс жоспары да қаралды.
Әскери спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Достастыққа мүше мемлекеттердің алдағы әскери ынтымақтастығын реттейтін құжаттарға қол қойылды.
Отырыс аясында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Тараптар әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

14 октября 2026
Қазақстан мен Қырғызстанның қорғаныс министрлері Шолпан-Атада кездесті

Қырғызстанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов пен Қырғыз Республикасы Қорғаныс министрі генерал-майор Руслан Мукамбетовтің екіжақты кездесуі өтті. Келіссөздер ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы қарсаңында ұйымдастырылды.

Қорғаныс ведомстволарының басшылары жауынгерлік даярлық, әскери білім беру шеңберіндегі ынтымақтастықты және қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылдың басқа да перспективалы бағыттарын талқылады.

14 октября 2026
Алматы облысында 180-нен аса қазақстандық бітімгер халықаралық гуманитарлық құқық бойынша даярлықтан өтті

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында халықаралық гуманитарлық құқықтан екі күндік брифинг өтті. Оқыту Халықаралық Қызыл Крест комитетінің сарапшыларымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Шараға 2027 жылы Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясы құрамында міндеттерді орындауға дайындалып жатқан ұлттық бітімгерлік контингенттің 180-нен аса офицері мен сержанты қатысты.

Бағдарламада халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі нормалары мен қағидаттары, оларды бітімгерлік операциялар барысында қолдану ерекшеліктері, командирлердің жауапкершілігі және халықаралық нормаларды Қазақстанның ұлттық заңнамасына енгізу тетіктері қамтылды. Бұдан өзге Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қызметіне, оның мандатына, ХҚКК мен Біріккен Ұлттар Ұйымынан айырмашылығы мен өкілеттіктеріне де жеке тоқталды.

Әскери қызметшілердің практикалық даярлығына ерекше назар аударылды. Жағдаяттық тапсырмаларды талдау барысында қатысушылар миссияның жауапкершілік аймағында орын алуы мүмкін оқиғалардың түрлі сценарийлерін, оқыс жағдайларға жедел әрекет етуге ұдайы дайындықты қамтамасыз ету және халықаралық гуманитарлық құқық нормалары мен БҰҰ мандатына қатаң сәйкес шешім қабылдау мәселелерін қарастырды.

– Халықаралық гуманитарлық құқықты білу – әрбір бітімгердің даярлығының ажырамас бөлігі. Миссия барысында әскери қызметшілер күрделі жағдайда әрекет етуі керек. Мұндай кезде қабылданған әрбір шешім салмақты, кәсіби әрі халықаралық құқық нормаларына сай болуы тиіс. Біз жеке құрамның құқықтық сауаттылығын барынша арттырып, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті түсінуін қамтамасыз ете отырып, қойылған міндеттерді орындауға дайындауымыз қажет, – деді Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Уәлихан Байкенов.

Брифингке Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қарулы күштермен жұмыс жөніндегі өңірлік делегациясының өкілі де онлайн форматта қатысты. Шетелдік сарапшы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, алдағы миссия өтетін өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдану тәртібін түсіндірді.

Әскери білім және ғылым
13 октября 2026
Қазақстан Қарулы күштері үшін 200-ден астам әскери дәрігер даярланып жатыр

Еліміздегі және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында 200-ден астам болашақ әскери дәрігер білім алып жатыр. 2027 жылы Қарулы күштердің әскери-медициналық бөлімшелеріне бакалавриат, интернатура және резидентура бітірген 40-қа жуық түлек қосылмақ.

 Болашақ мамандардың басым бөлігі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алады. Мұнда 150-ден астам болашақ дәрігер әскери даярлықтан өтуде. Оның ішінде 80-нен астам қыз бар. Олар медициналық пәндерді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде меңгереді. Барлық курсанттар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілген.

 Бұдан бөлек, 50-ден астам болашақ әскери дәрігерлер Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

 Даярлықтың жеке бағыты – мақсатты білім беру гранттары арқылы бейінді мамандарды оқыту. Қорғаныс министрлігінің сұранысы бойынша С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Астана медицина университетінің резидентурасында білім алуға арналған осындай гранттар бөлініп отыр.

 Онда болашақ әскери дәрігерлер хирургия, анестезиология және реаниматология, терапия, рентгенология, сондай-ақ клиникалық зертханалық диагностика бағыттары бойынша маманданады.

 – Әскери-медициналық мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жас мамандарды тарту бағдарламасы осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 16 адам білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтағаннан кейін біздің бөлімшелерде қызметін жалғастырады, – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.

 Резидентурада дәрігерлерді даярлау Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктерінің ынтымақтастығы аясында қаржыландырылады. Мақсатты гранттар әскери-медициналық бөлімдер мен мекемелердің сұранысына ие мамандықтар бойынша кадр даярлауға мүмкіндік береді.

 Қарулы күштердің түрлі мамандықтағы дәрігерлерге деген қажеттілігі ескеріле отырып, Қазақстанның және шетелдердің медициналық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

09 октября 2026
Қазақстанның 75 әскери қызметшісі жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеуді үйренбек

Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне жасанды зердені күнделікті қызметте қолдануға үйрететін оқу басталды. Курстан барлығы 75 адам өтеді. Олардың қатарында Әуе қорғанысы күштері мен Құрлық әскерлерінің мерзімді әскери қызметшілері де бар.
Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер вайб-кодингтің негіздерін, яғни жасанды интеллектке берілетін сұраулар арқылы бағдарламалар мен цифрлық құралдар әзірлеу тәсілін меңгереді. Қатысушылар үлкен көлемдегі деректерді талдау және визуализациялау, цифрлық платформалар әзірлеу, сондай-ақ жұмыс үдерістерін автоматтандыру дағдыларын игереді.
– Біздің мақсатымыз – әскери қызметшілерге күнделікті қызметтік міндеттерінде қолдана алатын дағдыларға машықтандыру. Біз оларды нақты міндеттерге арналған цифрлық шешімдерді өз бетінше әзірлеуге баулимыз. Бұл еліміздің өңірлеріне қатысты деректерді талдаудан бастап, жұмыс үдерістерін автоматтандыруға дейінгі міндеттерді қамтиды. Ең бастысы – оның қалай жұмыс істейтінін көрсету және алғашқы қадам жасауға көмектесу. Осыдан кейін әр адам өз идеясын өз бетінше дамыта алады, – деді MNU басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта әскери қызметшілерге арналған арнайы жасанды интеллект жүйесін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оған енгізілген деректер жүйеден сыртқа шықпайды. Бұл әскери ақпаратты қорғау талаптарын ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік береді.
– Вайб-кодинг бойынша сабақтар күнделікті қызметімде көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оның көмегімен тапсырмаларды бірнеше есе жылдам әрі тиімді орындауға болады. Маған жасанды интеллект арқылы бірнеше қосымшамен бір мезгілде жұмыс істеп, оларды бір жүйеге біріктіру мүмкіндігі ұнады. Бағдарламаның өзі қажетті кодты жазады, ал пайдаланушының міндеті – тапсырманы дұрыс тұжырымдау, – деді Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің офицері майор Ғани Қорғанбаев.
Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар табысталады.
«AI-X» бағдарламасы MNU-да үш жылдық мемлекеттік эксперимент аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама жасанды интеллект технологияларын меңгеруді салалық даярлықпен ұштастырады. Практикалық сабақтар үшін университеттің арнайы AI Agentic Lab зертханасы мен есептеу ресурстары пайдаланылады.

08 октября 2026
Алматыдағы әскери институттың 200-ден астам курсанты кітап оқу клубына қосылды

Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында кітап оқу клубы ашылды. Оған 200-ден астам екінші және үшінші курс курсанты өз еркімен қосылды. Жоба оқу мәдениетін дамытуға, дүниетанымды кеңейтуге және болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.

Клуб Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы мен «Оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында құрылып отыр. Жоба жұмысы блогер әрі кітап оқуды насихаттаушы Данияр Жігітбектің қатысуымен ұйымдастырылды.

Апта сайынғы кездесулер институтта ашық пікірталас форматында өтеді. Талқылау үшін классикалық әдебиет туындылары мен қалың оқырманға қызықты заманауи кітаптарды таңдау жоспарланған. Курсанттар оқыған шығармаларын талдап, өз пікірлерін ортаға салып, жылдам оқу әдістерін меңгереді. Әсіресе патриотизм, жауапкершілік, көшбасшылық және адамгершілік таңдау тақырыптарына ерекше назар аударылады.

Әдеби шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен шешім қабылдау себептерін талқылау клуб мүшелеріне жағдайды әр қырынан қарастыруға, өз көзқарасын дәлелдеуге және әңгімелесушінің пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Болашақ командирлер үшін мұндай дағдылар жеке құраммен жұмыс істеу және салмақты шешімдер қабылдау барысында аса маңызды.

– Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін, әсіресе тарихи шығармалар мен фэнтези жанры қызықтырады. Осы уақытқа дейін елуден астам кітап оқыдым. Атап айтсам, олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» және Бауыржан Момышұлының барлық шығармалары бар.  Сондықтан кітап оқу клубына қуана жазылдым. Институтымызда кәсіби дайындыққа ғана емес, біздің қызығушылықтарымызға да көңіл бөлініп, дүниетанымымызды кеңейтуге және жан-жақты дамуға мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады, – деді 3-курс курсанты Мирас Бисембаев.

Жоба ұзақ мерзімге жоспарланған. Тұрақты кездесулер мен әдеби шығармаларды талқылау болашақ офицерлерді даярлау мен тәрбиелеу үдерісінің тұрақты бөлігіне айналады деп жоспарланып отыр. Бұл кәсіби білім берумен қатар, курсанттардың қарым-қатынас мәдениетін және өз бетінше ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

07 октября 2026
Астана мен Шымкенттегі әскери колледждердің 200-ден астам кадеті Әскери ант берді

Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы және Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде кадеттердің Әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті.

Болашақ сержанттарды айтулы оқиғамен Қорғаныс министрлігінің, әскери оқу орындарының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сонымен қоса кадеттердің ата-аналары мен жақындары құттықтады. Елордадағы шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты жағдайда кадеттер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, Конституцияны сақтауға, Отан алдындағы борыштары мен әскери жарғылардың талаптарын адал орындауға ант берді. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттерін құттықтады.

– Бүгін сендер Отан қорғаушысы мамандығына бастайтын маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери ант – жай ғана салтанатты сөз емес, әрқайсыңның Отан, отбасы және жолдастарыңның алдындағы жеке жауапкершіліктерің. Білімді меңгеруде мақсат қойып, дағдыларыңды үнемі жетілдіріп, таңдаған әскери мамандықтарыңды толық игеруге ұмтылыңдар, – деді.

Ата-аналар комитетінің атынан кадет Қалижан Темірғалидың әкесі, қоғам қайраткері Абзал Құспан сөз сөйлеп, оқу орнында алған білім мен тәрбиенің олардың алдағы өмірдегі және кәсіптегі жолына негіз болатынына сенім білдірді.

– Бүгін Отанға адал болуға ант бердік және бұдан былай өз іс-әрекетімізге, біліміміз бен дайындығымызға үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінеміз. Әскери колледждің дәстүрлерін лайықты жалғастырып, ата-аналарымыз бен тәлімгерлеріміздің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз, – деді 1 оқу ротасының кадеті Ақылжан Әкім.

Шымкентте рәсімге қатысушыларды Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің бастығы подполковник Талғат Әлімов құттықтап, әскери қызметшінің қалыптасуындағы және Отан алдындағы борышты орындауға деген жауапкершілікті арттырудағы Әскери анттың ерекше рөліне тоқталды. Салтанатты рәсімнің жалғасы «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімі болды. Колледж тәрбиеленушілері «Сержанттардың ар-намыс кодексін» орындағаннан кейін, Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов өзінің әскери беретін кадет Рамазан Мұхтарұлына табыстады. Бұл сәт ұрпақтар байланысын, жас кадеттердің сақтап, одан әрі жалғастыруы тиіс жауынгерлік дәстүрлер сабақтастығын бейнеледі. Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды. Одан кейін ата-аналарға колледжді аралап, кадеттердің білім алуымен, тұрғын жайларымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен және бос уақытын ұйымдастыру тәртібімен танысты.

Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау
06 октября 2026
Хабарлама

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 5 қарашадағы № 605 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі бұйрығының жобасын жариялады.

НҚА жобасы төменде көрсетілген сілтеме бойынша қолжетімді:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15922637

06 октября 2026
Хабарлама

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Медициналық көмек көрсету кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасында тіркелген және әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың) дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі бұйрығының жобасын жариялады.

НҚА жобасы төменде көрсетілген сілтеме бойынша қолжетімді:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15919820

06 октября 2026
Алматы облысында 600-ге жуық десантшы Жауынгерлік тумен қоштасты

Қонаев гарнизонында 35-ші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының саптық алаңында мерзімді әскери қызметін аяқтаған әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі өтті.

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен 600-ге жуық десантшы салтанатты шерумен жүріп өтіп, әскери абыройдың, ерліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы саналатын Жауынгерлік туға құрмет көрсетті.

– Осы бір жыл ішінде сіздер шыңдалып, тәжірибе жинақтап, өз күштеріңізге деген сенімдеріңіз артты. Жақсы әскери мектептен өтіп, ұйымшылдықпен әрекет етуді және ең күрделі жағдайларда сабыр сақтауды үйрендіңіздер. Қызметтеріңіз бен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің дәстүріне адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, бақ-береке және ашық аспан тілеймін, – деді 32363 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Рахымжан Серікбаев.

Үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге еңбегі үшін грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтары мерзімінен бұрын берілді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің ата-аналарына да алғыс хаттар табыс етілді.

Қорытынды саптық марш, командирлердің ақжолтай тілектері мен аға буынның ізгі лебіздері олардың жадында мәңгі сақталмақ.

– Армия маған көп нәрсе берді. Осында командалық жұмысты үйреніп, нағыз достар таптым, өз күшіме деген сенімім артты. Қызмет барысында парашютпен төрт рет секірдім. Әр секіру мен үшін үлкен сынақ болды. Ол өзіме деген сенімімді арттырып, қиындыққа мойымай, алға ұмтылуды үйретті, – деді Түркістан облысынан әскерге шақырылған гвардия кіші сержанты Сұлтанбек Рахатұлы.

Жас десантшылардың артында – бір жылдық әскери қызмет, қарқынды жаттығулар мен мол тәжірибе бар. Бұл тәжірибе олардың алдағы дамуына берік негіз болып, жауапты шешімдер қабылдауға және алға қойған мақсаттарына жетуге септігін тигізеді.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы