Қазақстанда өсімдік майлары мен май өнімдерінің жекелеген түрлерін цифрлық таңбалау құны бойынша жария тыңдаулар өткізілді

2026 жылғы 18 қарашада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында мемлекеттік монополияға және арнайы құқыққа жатқызылған өсімдік майларының және май-тоңмай өнімдерінің жекелеген түрлерін таңбалау және қадағалау жөніндегі Бірыңғай оператор қызметтерінің құнын сараптау бойынша жария тыңдаулар өтті.
Талқылауға бизнес өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жария тыңдаулар арнайы құқық субъектісінің қызметтер құнын бекіту кезінде міндетті рәсім болып табылады. Қатысушыларға көрсетілген тауар топтары бойынша тарифке енгізілген шығындардың құрамы таныстырылды. Бағалар Бірыңғай оператор тарапынан белгіленген баға белгілеу қағидаларына сәйкес шығындық әдіспен қалыптастырылады.
Бірыңғай оператор өсімдік майларының және май-тоңмай өнімдерінің жекелеген түрлеріне арналған бақылау сәйкестендіру белгісінің құнын ҚҚС-сыз 2,68 теңге деңгейінде белгілеуді ұсынды.
Жария тыңдаулардың қорытындысы бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП және «Қазақтелеком» АҚ-мен (Бірыңғай оператор) бірлесіп, өсімдік майлары мен май өнімдерінің жекелеген түрлерін таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны 2025 жылғы 1 қыркүйек пен 2026 жылғы 30 қыркүйек аралығында іске асырды.
Осылайша, жария тыңдаулар цифрлық таңбалау қызметтерінің ұсынылған тарифтерін ашық талқылауға, Бірыңғай оператор шығындарының құрылымын таныстыруға және қызметтер құнын келісудің белгіленген рәсімінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.