«Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру жөніндегі ақпарат
Бағдарламаның негізгі шарттары:
1) микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін;
2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін.
Бұрын алынған микрокредит бойынша міндеттемелерді толық орындаған үміткерлерге қайта кредит беру кезінде микрокредиттің ең жоғары сомасының мөлшері 8 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл ретте, микрокредиттер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен беріледі, бірақ микрокредиттің ең жоғары мерзімінің 1/2 бөлігінен ерте емес;
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 %-дан аспайды;
4) кепілдік қамтамасыз етудің болуы;
5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды;
6) микрокредиттеуге мақұлдау алғаннан кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелу.
Өтінімдерді қабылдау, микрокредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері жергілікті атқарушы орган мен сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалатын тапсырма шартында көрсетіледі.
Ауылдық елді мекендердің (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалалардың жеке және заңды тұлғалары ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредиттер алуға үміткерлер болып табылады:
1) жұмыссыздар;
2) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлер;
3) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
4) сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру бойынша қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар;
5) «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері;
6) ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер.
Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде микрокредиттер алу үшін жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері:
1) жобаның басым бағыттарға сәйкестігі;
2) тұрақты жұмыс орындарын құру;
3) жеке тұлғалар үшін - жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай (микрокредит алуға өтінім беру күніне) тұрақты тіркеудің болуы;
жеке кәсіпкерлер үшін/заңды тұлғалар үшін – жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада жеке кәсіпкердің/заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеудің болуы;
4) жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықты сатып алу.
Микрокредиттер мынадай мақсаттарға берілмейді:
1) жеңіл автокөлік сатып алу;
2) ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алу;
3) кейіннен жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды, тұрғын үйлерді сатып алу және/немесе салу.
Микрокредит берудің негізгі шарттары мен тәртібі «Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру» қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2023 жылғы 20 желтоқсандағы № 443 бұйрығымен айқындалған.