ҚҚС - Салық салынатын айналымның артуы

Даудың түрі: салық даулары

Салық төлеушінің санаты: заңды тұлға

Салық түрі: қосылған құн салығы (ҚҚС)

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) аумақтық Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – салық органы) қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тексеру нәтижелері туралы хабарламасына қатысты «Р» компаниясының апелляциялық шағымы келіп түсті.

Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, мемлекеттік кірістер органы 01.01.2021 жылдан 31.12.2024 жылға дейінгі кезеңге салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі және уақтылы төленуі мәселесі бойынша кешенді салықтық тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде 2 507 624,5 мың теңге мөлшерінде ҚҚС және 844 221,9 мың теңге өсімпұл есептеу туралы хабарлама шығарылған.

«Р» компаниясы тексеру нәтижелері туралы шығарылған хабарламамен толық келіспейді және мынадай уәждер келтіреді.

Шағымда «Р» компаниясы Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 397-бабына сілтеме жасайды. Аталған бапқа сәйкес, осы баптың 2-тармағында көзделген қаржылық операциялар қосылған құн салығынан босатылады.

Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында ҚҚС-тан босатылатын қаржылық операцияларға сақтандыру (қайта сақтандыру) операциялары, сондай-ақ сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтері де жататыны көрсетілген.

Шағымда «Р» компаниясының сақтандыру агенті қызметін жүзеге асыру фактісі даудың мәні болып табылмайтыны және мұны салық органының өзі де растайтыны көрсетілген.

«Р» компаниясының көрсетуінше, Қазақстан Республикасының «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, «Р» компаниясы микрокредиттер беру жөніндегі негізгі қызметінен бөлек, Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қосымша қызметті жүзеге асыруға құқылы.

«Р» компаниясының пікірінше, сақтандыру агентінің заңнамалық ұғымының өзі сақтандыру нарығында сақтандыру шарттарын жасасу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыруды білдіреді. Қаралып отырған жағдайда «Р» компаниясының сақтандыру компаниясымен жасалған тапсырма шартын орындау шеңберінде жүзеге асырған барлық әрекеттері оған жүктелген сақтандыру агентінің функцияларын орындауға тікелей бағытталған. Бұл ретте «Р» компаниясы сақтандыру қызметтерін өз атынан көрсетпеген және сақтандыру тәуекелдерін өз мойнына алмаған, тек сақтандыру компаниясымен жасалған шартта көзделген делдалдық функцияларды орындаған.

Демек, «Р» компаниясының сақтандыру компаниясынан комиссиялық сыйақы ретінде алатын ақшалай қаражаты «Р» компаниясының өз бетінше көрсететін өзге қызметтерінің ақысы емес, сақтандыру агентінің делдалдық қызметін жүзеге асырғаны үшін төленетін сыйақы болып табылады.

«Р» компаниясы аталған комиссиялық сыйақы сақтандыру агенті ретінде қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған, заңнамада көзделген және ҚҚС төлеуден босатылуға тиіс заңды кіріс деп есептейді.

Салықтық тексеру актісінен 2024 жылғы 2-4-тоқасандар үшін «Р» компаниясы Салық кодексінің 369-бабы 1-тармағының  1) тармақшасынын бұза отырып, ҚҚС салынатын айналым сомасын 20 896 871,3 мың теңгеге және ҚҚС сомасын 2 507 624,5 мың теңгене төмендеткені анықталты.

«Р» компаниясының уәждерін тексеріп, салық органы ұсынған материалдарды зерделеген уәкілетті орган мынадай қорытындыларға келді.

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II «Сақтандыру қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 3-бабының 16) тармақшасына сәйкес, сақтандыру агенті – сақтандыру агенттерінің тізіліміне енгізілген және тапсырма шарты негізінде бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөнінде делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

Аталған Заңның жоғарыда көрсетілген бабының 24) тармақшасында сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға екені көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 25 «Сақтандыру қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» қаулысымен сақтандыру процесі сақтандыру шартын жасасу және орындау кезеңдеріне бөлінген. Бұл ретте орындау кезеңі сақтандыру жағдайын реттеуді және сақтандыру төлемін жүзеге асыруды қамтиды әрі тек сақтандыру ұйымының қызметіне жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 803-бабының 1-тармағына сәйкес, сақтандыру шарты бойынша бір тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал екінші тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде шартта белгіленген соманың (сақтандыру сомасының) шегінде сақтанушыға немесе шарт кімнің пайдасына жасалса, сол өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді.

Азаматтық кодекстің 818-бабының 1-тармағында сақтандыру сыйлықақысы сақтандырушының сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндеттемелерін қабылдағаны үшін сақтанушы төлеуге міндетті ақша сомасы екені көзделген.

Сақтандырушының сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншік құқығымен тиесілі болады. Бұған сақтанушының инвестицияларға қатысуы көзделген сақтандыру шарттары бойынша инвестициялау мақсатында алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (залалдар), сондай-ақ Салық кодексінің 845-бабының 3-тармағында көзделген жағдай кірмейді.

Азаматтық кодекстің 818-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері шартпен белгіленеді.

Міндетті сақтандыру кезінде сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері міндетті сақтандырудың тиісті түрін реттейтін Қазақстан Республикасының жеке заңнамалық актісімен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (Салық кодексі) 369-бабының 1) тармақшасына сәйкес, салық салынатын айналым – Салық кодексінің 370-бабында көрсетілген салық салынбайтын айналымды қоспағанда, қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша жасаған айналымы.

Салық кодексінің 370-бабының 1) тармақшасына сәйкес, салық салынбайтын айналым – Салық кодексіне сәйкес ҚҚС-тан босатылған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым.

 Салық кодексінің 372-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша айналым кез келген жұмыстарды орындауды немесе қызметтерді көрсетуді, оның ішінде өтеусіз көрсетуді, сондай-ақ тауарларды өткізуден өзгеше, сыйақы үшін жүзеге асырылатын кез келген қызметті, соның ішінде кредит (қарыз, микрокредит) беруді білдіретіні белгіленген.

Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, ҚҚС-тан босатылатын қаржылық операцияларға сақтандыру (қайта сақтандыру) операциялары, сондай-ақ сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтері жатады.

Қаралып отырған жағдайда «Р» компаниясының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы екені анықталды.

«Р» компаниясы қызметінің негізгі бағыты – жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге микрокредиттер беру.

«Р» компаниясы қызметтерді онлайн және офлайн форматтарда ұсынады.

«Р» компаниясының қызметін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) реттейді. Микроқаржылық қызмет ҚНРДА-ның 16.03.2021 жылғы лицензиясы негізінде жүзеге асырылады.

«Р» компаниясының қосымша қызмет түрі – Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасу.

«Р» компаниясы мен Сақтандыру агенттігі арасында тапсырма шарты жасалған. Оған сәйкес «Р» компаниясы клиенттерді тарту, қарыз алушыларға ақпарат беру және консультация жасау, құжаттарды дайындау мен ресімдеу, сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі әрекеттерді жүзеге асырады.

Көрсетілген әрекеттерді орындағаны үшін «Р» компаниясы Сақтандыру агенттігінен жеке агенттік сыйақы алады және оны бухгалтерлік есепте агенттік кіріс ретінде таниды. 2024 жылы оның жалпы сомасы 20 896 871,3 мың теңгені құрады, оның ішінде:

2-тоқсан – 6 609 213,6 мың теңге;

3-тоқсан – 7 154 437,1 мың теңге;

4-тоқсан – 7 133 220,5 мың теңге.

Салықтық тексеру актісінен 2024 жылы сақтандыру бойынша агенттік сыйақыдан түскен кіріс (20 896 871,3 мың теңге) микрокредиттер беру жөніндегі негізгі қызметтен түскен кірістен (13 675 090,9 мың теңге) асып кеткені көрінеді. Комиссиялық сыйақы мөлшері сақтандыру сыйлықақысының 90%-ына дейін жетеді.

Қаралып отырған жағдайда «Р» компаниясының сақтандыру агенті мәртебесінің болуы даудың мәні болып табылмайды.

Алайда сақтандыру агенті мәртебесінің болуы өздігінен мұндай субъектінің кез келген кірісін ҚҚС-тан автоматты түрде босатуды білдірмейді. Босатуды қолдану үшін нақты операцияның және іс жүзінде көрсетілген қызметтердің Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау қажет.

Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, ҚҚС-тан босатылатын қаржылық операцияларға сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтері жатады.

Демек, Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасын қолданудың қажетті шарты – сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтердің бір мезгілде жүзеге асырылуы.

Алайда Заңға сәйкес сақтандыру агенті сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырады. Заңға сәйкес сақтандыру шарттарын орындауды сақтандыру компаниялары жүзеге асырады.

Жоғарыда баяндалғандардан «Р» компаниясы Салық кодексінің 397-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көзделген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын орындау жөніндегі талаптарды орындамайтыны туындайды.

Осылайша, Салық кодексінің 369-бабының нормаларын ескере отырып, «Р» компаниясы алған агенттік сыйақыларды ҚҚС салынатын айналым деп тану және салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2024 жылдың 2–4-тоқсандары үшін 2 507 624,6 мың теңге мөлшерінде ҚҚС есептеу негізді болып табылады.

Апелляциялық комиссия отырысының нәтижелері бойынша шағым жасалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаны өзгеріссіз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданды.

Жарияланған күні

19 қазан 2026

Жаңарту күні

19 қазан 2026

Жарияланымның авторы