
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасында болу және кету мерзімдерін бұзуы:
1) үш тәулік ішінде – ескерту;
2) үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға (27.780 теңге) алып келеді;
3) бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға (41.670 теңге) алып келеді.
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға (69.450 теңге) не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді.
Егер ол әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (41,670 теңге) немесе елден әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға (69.450 теңге) не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады.
Қайталап жасалған кезде әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарылған шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.