Астана, 2023 жылғы 29 тамыз
- Қазақстан Республикасының бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай ядролық сынақтардан азат әлем құруға өзіміздің бейілдігімізді растаймыз және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді күшейтуді жалғастырамыз.
- 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуының Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық үшін символдық мәні бар. Бұл маңызды оқиға айтарлықтай саяси серпін беріп, 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына әкелген жаһандық күш-жігерде шешуші рөл атқарды. Сол сәттен бастап Қазақстан Шартты және оны тексеру режимін дәйекті түрде қолдап келеді.
- Соңғы жылы ЯСЖТШ-ны әмбебаптандыру бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Шартқа 186 мемлекет қол қойып, 178 ел ратификациялады. Атап айтқанда, Экваторлық Гвинея, Сан-Томе және Принсипи, Соломон аралдары және Шри-Ланка соңғы 12 айда ЯСЖТШ-ны ратификациялады. Бұл жетістік барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігеріне негізделген. Жоспарланған 2023 жылғы XIV бап бойынша конференциясы осы жетістіктерді нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер болады.
- ЯСЖТШ тексеру режимінің аяқталу мәселесіндегі жалғасып жатқан ілгерілеушілікке де қанағаттымыз. Қазіргі уақытта әлемде сертификатталған 337 нысанның 305 жұмыс істейді. Бұл желі бейбітшілік пен қауіпсіздікке, сондай-ақ бейбіт ғылыми жобаларға ықпал ететін бірегей жаһандық актив болып келеді. ЯСЖТШ әлі халықаралық деңгейде заңды күшіне енбесе де, Шарт пен ядролық сынақтарға тыйым салатын ережелерді сақтау әмбебап дерлік сипатқа ие болуда.
- Қазақстанның ЯСЖТШ тексеру режимін нығайтуға практикалық үлесін бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағындағы операцияларды қадағалайтын Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы (ҰЯО) тарапынан басқарылатын Шартқа мониторинг жүргізетін халықаралық жүйенің (МХЖ) бөлігі болып табылатын бес станцияда көруге болады. ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков ЯСЖТШ-ның «Б» жұмыс тобының төрағасы болып табылады.
- Сонымен қатар, 2023 жылғы 5 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес аумақтарда радиоактивті ластанудан шектен тыс зардап шеккен ядролық қауіпсіздік аймағын құруға жол ашатын заңға қол қойды.
- Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) сәйкес ядролық қаруды таратпау және қарусыздану режимінің негізгі тірегі ретіндегі ЯСЖТШ рөлін растаймыз. ЯСЖТШ ядролық қару сынақтарынан азат әлемге ұмтылуымыздағы тиімді және практикалық шара болып табылады. Жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпауды дәйекті жақтаушысы ретінде Қазақстан 2024 жылы ЯҚТШ 11-ші Шолу конференциясына Дайындық комитетінің 2-ші отырысына және Ядролық қаруғы тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің 3-ші конференциясына (мерзімі белгіленбеген) төрағалық етеді.
- Бүгін біз барлық мемлекеттерді 2023 жылғы 29 тамызда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өтетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған Бас Ассамблеяның Жоғары деңгейдегі пленарлық отырысына қатысуға шақырамыз.
- Біз барлық мемлекеттерді ядролық сынақтарға қолданыстағы мораторийлерді қолдауға және мүмкіндігінше қайта бекітуге шақырамыз. ЯСЖТШ-ға әлі қол қоймаған және/немесе ратификацияламаған мемлекеттер мұны кідіріссіз жасауға ұсынылады. Шарттың күшіне енуі үшін маңызды болып табылатын 2-қосымшадағы сегіз мемлекетті осы маңызды қадамды жасай отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілділігін көрсетуге шақырамыз.
- Біз БҰҰ Бас Ассамблеясы Төрағасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай жолдауларын құптаймыз және барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде дипломаттарды, ғылыми ортаны, бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды ядролық сынақтарға байланысты апатты тәуекелдер туралы хабардарлықты арттыруға шақырамыз.
- Біз және болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз әлем құру үшін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты іске қосатын уақыт келді.