2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу Қазақстан Республикасы және Түркия Республикасы арасындағы Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 7-ші отырысын табысты өткізді.
Тараптар достық және өзара түсіністік сипатта өткен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайын жан-жақты талқылап, халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша кеңінен пікір алмасты.
Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) іс басындағы төрағасы – Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу 2022 жылғы 11 қаңтарда өткен ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі төтенше отырысының қорытындылары бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдемеге сілтеме жасай отырып, 2022 жылғы қаңтар айында Қазақстанда орын алған оқиғаларға байланысты бауырлас қазақ халқына қолдауы мен ниеттестік тілегін тағы бір мәрте білдірді. Өз кезегінде Қазақстан тарапы бұл процесте көрсеткен қолдауы үшін Түркияға және ТМҰ-ға алғысы мен ризашылығын жеткізді.
Тараптар 2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан және Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай, ортақ тарих, тіл және мәдениетке негізделген екі бауырлас елдің қатынастары мен ынтымақтастығын тиімді дамытуды жалғастыруға және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа септігін тигізе отырып, ықпалдастықты тереңдетуге ниеттерін растады.
Тараптар бауырлас Қазақстан Республикасы және Түркия Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай саяси диалогты жандандыру және жалғастыру мақсатында барлық деңгейлердегі өзара сапарлар мен кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
Осы ретте, тараптар 2022 жылғы 3-4 наурызда жүзеге асырылуы жоспарланып отырған жоғары деңгейдегі сапарлардың күнтізбесін талқылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның тең төрағалығымен 2022 жылы Қазақстанда өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысына дайындық барысы талқыланды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октайдың тең төрағалығымен 2022 жылы Қазақстанда өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне сілтеме жасай отырып, екі ел арасындағы сауда, экономика, инвестиция және мәдени салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді.
Осы тұрғыда, Тараптар екіжақты сауда көлемінің 2021 жылы алғаш рет 5 млрд. АҚШ долларынан асып түскеніне қанағаттанушылық білдіріп, мемлекет басшыларының сауда айналымын 10 млрд. долларға жеткізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайындығын құптады.
Тараптар бауырлас қазақ және түрік халықтары арасындағы гуманитарлық байланыстардың артуы екіжақты ынтымақтастықтың барлық аспектілерін одан әрі дамытуға ықпал ететінін баса айтты. Осы орайда, білім және мәдениет салалардағы ынтымақтастықты нығайту ерекше атап өтілді.
Тараптар өңірлік және жаһандық тұрақтылық мәселелерінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тығыз диалог, ынтымақтастық және ниеттестікті арттырудың маңыздылығына тоқталды. Осы тұрғыда, ТМҰ-ның екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға және Еуразия аймағында тұрақтылық пен өркендеуді орнатуға қосқан үлесі қанағаттанушылықпен атап өтілді.
Тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдарда, соның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына назар аударды.
Тараптар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі 30 жыл бойы Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқанын атап өтіп, оны толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялауды қолдайтынын мәлімдеді.
Тараптар Ауғанстанда ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өңірлік ынтымақтастық бойынша қарқынды консультациялар өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыста Қазақстанның Астана процесі аясында Сириядағы саяси шешімге қол жеткізу бойынша жұмсалып жатқан күш-жігеріне деген қолдауы ерекше атап өтілді.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті аспектілері бойынша сараптамалық-талдамалық диалогты дамытуға және нығайтуға ниеттестігін білдірді.
Кездесу барысында әртүрлі халықаралық ұйымдарда және түрлі лауазымдарға кандидатуралар ұсыну барысында өзара қолдау көрсетуді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.