Шымкент қаласының туристік әлеуеті

Жарияланған күні: 09 маусым 2025
Шымкент қаласының туристік әлеуеті

Шымкент - Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, Республикалық маңызы бар, Қазақстанның ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық, мәдени және туристік орталықтарының бірі болып табылады.

Қала аумағындағы 7 туристік нысан туралы ақпарат:

«ShymQala» тарихи-мәдени кешені жергілікті маңызы бар, тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының архелогиялық нысаны. 2003-2004 жылдар аралығында қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы дәлелденген.

Археологтар қала дамуының бірнеше кезеңін сараптаудан өткізді. Қамал (Цитадель) қаланы жаудан қорғап тұрған бекініс болды. Қалашықтың қазіргі сақталған бөлігі қоршалған шахристан мен цитадель деп белгіленген.

Цитадель қалашықтың ең көне аумағы, I-XIX ғасырларды қамтиды, бұнда ертеректе, билеушінің сарайы, әскери қолбасшының үйі, сауда алаңы орналасқан. Қазіргі таңда, кешен ашық аспан астындағы музей.

Сейітжан қари Есжанұлы атындағы мешіті 

Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Мешіт 4 мұнарадан тұрады. Негізгі бас күмбездің биіктігі 56 метр. Негізгі орталық есіктен ер азаматтар кірсе, сол жақ тұсындағы есік әйел адамдарға арналған. 12 мыңға жуық мінәжәт етушілердің сыю мүмкіндігі бар, ал кіреберіс алаңда бірден 10000-ға жуық келушілер жинала алады. Сондай-ақ, бұл ғимаратта 1100 орынға арналған конференц-зал, 600 орынға арналға ас беру орны, 100 орынға арналған неке қию залы, 428 орынға арналған кіші дәрет алу орны, медресе мен кітапхана бар. 300 балаға арналған медресеге құрметті қонақ Осман Тоханның есімі берілді. Келушілер көлігін ыңғайлы етіп қою үшін 2 қабатты автотұрақ та қарастырылған. Ішкі сәулеті де көз тартады. Қазақы нақышпен көмкеріліп, қабырғасына Құран сүрелері жазылған.

Дендро саябақ - Қазақстандағы ең ірі әрі көркем саябақтардың бірі.                     1979 жылы ашылған бұл саябақ бүгінде пикник жасауға, фотосессиялар мен серуендеуге керемет мүмкіндік ұсынады. Мұнда 500 мыңнан астам ағаш және шамамен 1 миллион бұталар, олардың ішінде Қазақстанда кездеспейтін сирек және экзотикалық өсімдіктердің 360 мың түрі өседі. Белсенді демалысты ұнататындар үшін арнайы велосипед және атпен жүру жолдары, сондай-ақ отбасымен көңілді уақыт өткізуге арналған аттракциондар бар.

Хайуанаттар бағы 1979 жылы құрылған Шымкент хайуанаттар бағы – қала мен өңірдің басты көрікті жерлерінің бірі. Ресми ашылу күні 1980 жылдың 29 сәуірі болып саналады. Хайуанаттар бағының жалпы ауданы 54 гектарды құрайды, оның 34 гектарында экспозициялық аймақ орналасқан. Мұнда 3,5 мың сәндік және                     50 жеміс ағаш түрлері, 10 түрлі шай-гибридті раушан гүлінің түрлері отырғызылған. Хайуанаттар бағының алғашқы топтамасында 75 түрлі жануарлар мен құс түрлері болса, бүгінде мұнда бұғылар, арқарлар, пони, жолбарыстар, питондар, арыстандар және басқа да жануарлардың түрлері көбейіп келеді.

Шымкент хайуанаттар бағы – тірі табиғаттың ерекше мекені. 2010 жылдың шілдесінен бастап Еуразиялық аймақтық хайуаннаттар бағы мен аквариумдар қауымдастығының мүшесі болып табылады. Хайуанаттар бағының басты мақсаттарының бірі – Қызыл кітапқа енген жануарларды сақтау және олардың санын арттыру. Хайуанаттар бағының қызметкерлері келушілерге экскурсиялар жүргізіп, лекциялар оқиды, ал биологтар мен мамандар өз білімдерімен бөліседі.

Қошқар ата өзені Шымкент қаласының тамыры болып табылады. Қошқар Ата өзені таза суымен және жағалауларында өсіп тұрған ағаштар мен бұталарымен ерекшеленеді. Серуендеуге және белсенді демалыс үшін тамаша орын. Өзен бойында таза ауа мен көркем пейзаждарды тамашалай алатын жаяу жүргіншілер аллеясы орналасқан.

Осылайша, Қошқар Ата өзені тек табиғи объект емес, сонымен бірге қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылады, тұрғындардың белсенді демалысын және мәдени байытуын қамтамасыз етеді.

Ибраһим ата кесенесі Сайрамның солтүстік - шығысында орналасқан               Ахмет Ясауидің әкесі ИбраҺим шейхінің мазарының үстінен салынған. Сопылық ілімді таратып, халық арасында танымал болған тұлға. Бізге жеткен аңыздарға сүйенсек – Ибраһим ата «төрт әділ халифтің» төртіншісі Әли Әбу Талибтің ұрпағы болып келетін Ысқақ бабтың 13-ші ұрпағы.

Уақыт сынағынан өткен алғашқы кесене тозып, қабырғалары құлаған болатын. Кейіннен қайта қалпына келтірілді. Кесененің көлемі 7х7, биіктігі – 8,25 м. Алғашқы құрылым XVI-XVII ғасырларға жатады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бірінші күмбез құлағаннан кейін шатыр қайта салынды.

Қарашаш ана кесенесі  Түркістан облысындағы ежелгі Исфиджаб, қазіргі Сайрам жерінде орналасқан. ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші болып табылатын бұл кесене Түркістан өңірінде кең тараған ортағасырлық сәулет өнерінің күмбезді үлгісінде салынған.

Қарашаш ананың шын есімі — Айша-Бибі. Сайрамның әйгілі Мұса шейхінің қызы болған Айша-Бибі өз заманының ең білімді әрі тәрбиелі әйелдерінің бірі ретінде танылған. Адамдар кеңес сұрап, алыс қалалар мен ауылдардан келетін. Ерекше емшілік қасиетімен танымал болып, адамдарға түрлі дерттерден айығуға, сондай-ақ түстерін жору мен түсінуге көмектескен тұлға.