Самарқанд, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан Республикасының диалогтық платформаға төрағалық ету жылында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволары басшылары және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан «С5+1» форматындағы министрлік кездесуге қатысты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік өзара байланыстылықты нығайту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан СІМ басшысы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытқан «С5+1» форматының қалыптасуындағы Қазақстан мен АҚШ-тың тарихи рөлін атап өтті.
Министр сауданы кеңейтудің, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың және жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар іс-шара қатысушылары аса маңызды минералдар, энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптардың ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға дайындығын білдіретін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Самарқанд, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.
Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Тараптар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.
М. Тілеуберді іскерлік байланыстарды нығайтудың, америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың, сондай-ақ энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, М. Рубио G20 саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматтағы сапармен келуге мүдделі екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Америка кеңейтілген стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға және нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге өзара мүдделілік расталды.
Вашингтон, 2026 жылғы 13 қазан – Смитсон институтының Азия өнері ұлттық мұражайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына, сондай-ақ АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай қазақстандық «HasSak» этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтті.
Іс-шара Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Смитсон институты жанындағы Қазақстанның мәдени мұрасы қоры жобасы аясында ұйымдастырылды.
Концертке АҚШ Әкімшілігінің, дипломатиялық корпустың, Вашингтонның сарапшылық және мәдени қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты. Қазақстандық музыканттардың өнерін америкалық көрермендер жылы қабылдап, ұзақ қошемет көрсетті.
Концерт бағдарламасында дәстүрлі қазақ туындылары мен олардың заманауи интерпретациялары ұсынылды. Музыканттар домбыра, жетіген, сыбызғы және қылқобыз сынды ұлттық аспаптардың сан қырлы үнін паш етіп, америкалық аудиторияны Ұлы дала музыкалық дәстүрлерімен таныстырды.
«HasSak» ансамблінің өнер көрсетуі Смитсон институтының Ұлттық дәстүр және мәдени мұра орталығы қазақстандық «Music Unbound» коммерциялық емес ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Heritage in Motion» бағдарламасы аясында өтті. Жоба Қазақстан мен АҚШ-тың мәдениет қайраткерлері мен материалдық емес мәдени мұра өкілдерін біріктіріп,
2027 жылғы «Smithsonian Folklife Festival» қарсаңында Алматы мен Тусонда бірлескен жұмысты көздейді.
Аталған іс-шара екі елдің мерейтойлық даталарына орайластырылған, қазақстандық мәдениетті ілгерілетуге және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған Қазақстанның АҚШ-тағы мәдени бастамаларының жалғасы болды.
Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 қыркүйек – АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі Ержан Қазыхан америкалық сарапшылық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шараны ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігі «Atlantic Council» ой-талқы орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективалары болды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Е.Қазыхан елдің экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттары, көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге неғұрлым терең интеграциялануы туралы баяндады. Осы тұрғыда АҚШ-пен энергетика, аса маңызды минералдар, жасанды интеллект және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ Орта дәлізді одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.
Арнайы өкіл Қазақстанның әлемдегі ең ірі уран өндіруші және осы шикізатты америкалық нарыққа жеткізуші негізгі елдердің бірі ретінде АҚШ-пен бүкіл өндірістік тізбек бойынша, оның ішінде шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, технологиялар трансферіне және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығын атап өтті.
Елдегі саяси жаңғыру туралы айта келе, Е.Қазыхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға, сондай-ақ жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтық жауапкершілік пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызды элементі ретінде жеке таныстырылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша сұрақ-жауап сессиясы өтіп, оның барысында қатысушылар Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Карнеги халықаралық бейбітшілік қорында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығына орайластырылған «Қазіргі заманғы ядролық қатерлер жағдайындағы Қазақстанның тағылымы» атты сараптамалық пікірталас өтті.
Іс-шараны ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры және Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңес ұйымдастырды.
Пікірталасқа Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Дина Тайтус пен Билл Фостер, Карнеги қорының вице-президенті Кори Хиндерстайн, АҚШ-тың Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы бұрынғы Тұрақты өкілі Лора Холгейт, АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы көмекшісі Эндрю Вебер, сондай-ақ сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты. Пікірталастың модераторы журналист, «The Dead Hand» кітабының авторы Дэвид Хоффман болды.
Өз сөзінде М.Ілиясов Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабу және кейіннен әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту туралы шешімінің тарихи маңызын атап өтті. Елші бұл таңдау Қазақстанның ядролық қарусыздану, таратпау және халықаралық қауіпсіздікті нығайту салаларындағы дәйекті саясатының негізін қалағанын атап көрсетті.
Нанн-Лугар қатерлерді бірлесіп азайту бағдарламасы аясындағы көпжылдық қазақ-америка ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Екі мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында ядролық мұраны қысқартуға, ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың таралу тәуекелдерін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылғаны атап өтілді.
Қазақстан мен АҚШ 1994 жылы бірлесіп жүзеге асырған «Сапфир» жобасы екіжақты ықпалдастықтың ең табысты үлгілерінің бірі ретінде аталды. Елші жобаның табысты іске асырылуына саяси ерік-жігер, өзара сенім және екі ел арасындағы тығыз практикалық ынтымақтастық негіз болғанын атап өтіп, АҚШ Конгресін Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай қоспартиялы қарар қабылдауға шақырды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту және еліміздің кейінгі халықаралық қызметі ядролық қатерлерді іс жүзінде азайтудың ең маңызды үлгілерінің біріне айналғаны атап көрсетілді.
Спикерлер Қазақстанның жаһандық таратпау режимін нығайтуға қосқан дәйекті үлесін жоғары бағалады. Осы тұрғыда еліміздің Ядролық қаруды таратпау туралы шартты және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қолдауы, Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің орналастырылуы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық диалогты ілгерілету жөніндегі күш-жігері атап өтілді.
Бұдан бөлек, осыдан 20 жыл бұрын Семейде қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған құжаттың өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимін нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
Пікірталас барысында ядролық қарусыздану, қару-жарақты бақылау және таратпау салаларындағы қазіргі сын-қатерлер, сондай-ақ жаңа технологиялардың халықаралық қауіпсіздікке ықпалы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар Қазақстанның тәжірибесі қазіргі жағдайда айрықша өзекті болып қала беретінін және ядролық тәуекелдерді төмендетуде халықаралық ынтымақтастықтың, сенім шаралары мен жауапты тәсілдердің маңызын көрсететінін атап өтті.
Іс-шара сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.
Астана, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффтты қабылдады.
Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысының Майамиде өтетін G20 саммитіне алдағы қатысуына және жоғары деңгейдегі байланыстардың мазмұнды күн тәртібін пысықтауға ерекше назар аударылды.
Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің бүкіл кешені бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.
Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,
адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,
ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,
төмендегіні мәлімдейміз: 1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді. 2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.
Вашингтон, 2026 жылғы 6 тамыз. Абай күні қарсаңында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Конгресс кітапханасында қазақ филологі, педагог әрі аудармашы Гүлмира Амандықованың Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде жазған үштілді «Ұрпаққа ұлағат» кітабын табыстау рәсімін өткізді.
Іс-шара барысында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов басылымды Конгресс кітапханасының Африка және Таяу Шығыс бөліміндегі Таяу Шығыс секциясының жетекшісі Джоан С. Уикске табыс етті. Рәсімге Вашингтондағы Абай орталығының үйлестірушісі Айтолқын Құрманова да қатысты.
М.Ілиясов Абайдың қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөліне тоқталды. Елші білімге, еңбекқорлыққа, адамгершілік жауапкершілікке және өзге мәдениеттерге ашық болуға үндейтін Абай мұрасының Қазақстанның ұлттық болмысындағы ерекше орнын атап өтіп, басылымның қазақ халқының рухани құндылықтарын америкалық аудиторияға танытуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Бес жылға жуық еңбектің нәтижесінде әзірленген «Ұрпаққа ұлағат» жобасы кейіннен 12 тілге аударылып, бірқатар ірі халықаралық кітап көрмелерінде таныстырылды және Қазақстанда «Жыл кітабы» атағына ие болды.
Өз кезегінде Дж.Уикс құнды басылым үшін алғыс білдіріп, оның Абайдың гуманистік идеяларын кеңінен насихаттаудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол Конгресс кітапханасының Таяу Шығыс пен Орталық Азияға қатысты онлайн коллекциялары мен зерттеу мүмкіндіктерін таныстырды.
Таныстырылым барысында цифрлық материалдарды қашықтан іздеу және пайдаланушылардың ана тілдерінде қолдану тетіктері көрсетілді. Дж.Уикс Елшілікпен қалыптасқан ынтымақтастық аясында Қазақстанның орта білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастығының кітапхана қорлары мен бірегей зерттеу ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
Қатысушылар Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени-гуманитарлық және академиялық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, осы бағыттағы Елшілік, Конгресс кітапханасы және Абай орталығы арасындағы серіктестікті жалғастыруға уағдаласты.
Астана, 2026 жылғы 29 шілде - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесуі өтті.
Тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестік шеңберіндегі екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Мемлекет басшысының G20 саммитіне қатысуына орай АҚШ-қа алдағы сапарына дайындық барысын талқылады.
Сұхбат барысында Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қатысты жағдай да егжей-тегжейлі талқыланды.
Құрметті отандастар!
2026 жылғы 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі жанындағы
№ 413 сайлау учаскесінде (мекенжайы: 1401 16th Street NW, Washington, DC 20036) Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді.
№ 413 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне Америка Құрама Штаттары аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты немесе жеке куәлігі бар Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
№ 413 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу үшін төмендегі сілтеме арқылы Google-нысанын толтырып, алдын ала тіркелу қажет.
Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/9g7KCnakZfjH6QwY9
Дауыс беру күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты немесе жеке куәлігі немесе олардың eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық нұсқасы болуы қажет.
Сайлау бюллетеньдерінің саны алдын ала тіркелген сайлаушылардың саны негізінде айқындалады. Алдын ала тіркелмеген жағдайда, дауыс беру күні сайлау бюллетенін алу мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің Консулдық бөліміне келесі телефон нөмірлері немесе электрондық пошта арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: +1 (202) 232-5488 (121, 127, 109), consuldc@mfa.kz; consuldc16@gmail.com.
Сіздерді Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысып, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз!