GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Все материалы
12 октября 2026
Қазақстан мен Польша арасындағы авиация саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Варшава, 2026 жылғы 12 қазан – Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігінде Қазақстан Елшісі Нұрлан Жалғасбаевтың польшалық Mielec Aviation Company (MZL) компаниясының басқарма төрағасы Роман Игнасякпен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Польша арасындағы авиация саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, озық технологияларды тарту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Ауыл және орман шаруашылығында әуе кемелерін пайдалану, табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру, авиациялық техникаларға техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ мамандар даярлау бағыттарын қамтитын мамандандырылған авиация саласындағы Польшаның тәжірибесін қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Н.Жалғасбаев Қазақстанның заманауи технологиялары мен халықаралық тәжірибесі бар польшалық кәсіпорындармен әріптестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Тікелей іскерлік байланыстарды нығайтудың, өндірістік кооперацияны дамытудың және авиациялық технологияларды Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндіктерін зерделеудің маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар сондай-ақ Қазақстанның бейінді ұйымдарымен өзара іс-қимыл орнату, заманауи техникалық шешімдерді енгізу және бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және перспективалы жобаларды практикалық тұрғыдан пысықтауға өзара мүдделілік білдірді.

08 октября 2026
Қазақстан мен Польша қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады

Варшава, 2026 жылғы 7 қазан -  Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Радослав Грукпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Польша қатынастарының қазіргі жай-күйін, оларды одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ Елшіліктің басым салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жоспарларын талқылады.

Қазақстанның дипломатиялық миссиясының басшысы поляк тарапын Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалардың негізгі нәтижелерімен және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты аспектілерімен таныстырды. Қазақстанның халықаралық бастамаларына және Астананың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ұстанымдарына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, Польша Президенті Әкімшілігінің өкілі Қазақстан-Польша байланыстарының оң сипатын атап өтіп, Варшаваның оларды одан әрі тереңдетуге және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды қолдауға және екіжақты қатынастардың негізгі мәселелері бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға уағдаласты.

05 октября 2026
Поляк-Герман бизнес-кездесуінде Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

2026 ж. 30 қыркүйек Жарска-Весь, Польша – Қазақстан елшілігі 2-ші Польша-Германия бизнес-кездесу алаңында ҚР инвестициялық және іскерлік мүмкіндіктерін ұсынды.

Іс-шараға Польшадан, Германиядан және басқа елдерден логистика, ауыр және қорғаныс өнеркәсібі, жоғары технологиялар және жасанды интеллект салаларында жұмыс істейтін 80-ге жуық бизнес пен ұйым өкілдері жиналды.

Кездесу қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық және іскерлік ахуалы, елдің экономикалық дамуының негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық іскерлік ынтымақтастық перспективалары бойынша таныстырылым ұсынылды.

Қазақстанның Орталық Азияның негізгі экономикалық және логистикалық орталықтарының бірі ретіндегі рөлі, поляк және неміс компанияларының қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндігі, сондай-ақ елді өңірдегі қызметті одан әрі кеңейту үшін платформа ретінде пайдалану мүмкіндігі жеке қарастырылды.

Іскерлік кездесуді Экономикалық кеңес (Wirtschaftsrat der CDU e.V.) және Поляк-Азия сауда-өнеркәсіп палатасы (Izba Przemysłowo-Handlowa Polska-Azja) ұйымдастырды.

24 сентября 2026
Польша Парламентінде ортақ тарихи мұра мен Қазақстан–Польша қатынастарының даму перспективалары талқыланды

Варшава, 2026 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және поляк халқының Қазақстанға депортацияланғанына 90 жыл толуына орай Польша Республикасы Парламентінде Қазақстан мен Польша арасындағы тарихи байланыстарға, ортақ тарихи жадыны сақтау мен дәріптеуге, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігі мен Польша Республикасы Сенаты жанындағы Польша–Орталық Азия парламенттік тобының төрағасы Казимеж Клейнаның қазақстан-поляк диалогын нығайтуға және ортақ тарихи мұраны сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына Польша Республикасы Сенатының өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда өмір сүрген поляк қауымдастығының өкілдері қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде сенатор К.Клейна Қазақстанның поляк халқының тарихи жадындағы ерекше орнына тоқталып, кеңестік кезеңдегі депортациялар нәтижесінде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған поляктарға қазақ халқы көрсеткен жанашырлығы мен қолдауының маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында қазақстандық тарап Қазақстан мен Польша арасындағы қатынастардың серпінді дамып келе жатқанын, саяси диалогтың жаңа серпін алғанын, парламентаралық байланыстардың жанданғанын, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңейгенін, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерістері, оның ішінде конституциялық реформалар мен жаңа қоғамдық-саяси институттардың қалыптасуы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Пікірталас барысында Қазақстан мен Польша арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар қарастырылды. Атап айтқанда, мәдени және білім беру алмасуларын кеңейту, Варшавада Абай Құнанбайұлының есімін ұлықтау, сондай-ақ Қазақстанда Польша институтын құру мәселелері талқыланды.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Польша арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген серіктестікті одан әрі нығайтуға, парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ортақ мүдделіліктерін білдірді.

23 сентября 2026
Варшавада Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы талқыланды

Варшава, 2026 жылғы 22 қыркүйегі -  Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігі «Қазақстанның бастамасы: БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Сауда-өнеркәсіп палатасының, жоғары оқу орындарының поляк сарапшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға су ресурстары саласындағы халықаралық ахуал, негізгі сын-қатерлер және оларды шешу жолдары жөніндегі Қазақстанның көзқарасы таныстырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ шеңберінде су ресурстарын басқарудың неғұрлым тұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған бастамасына ерекше назар аударылды.

Польшалық қатысушылар бастамаға айтарлықтай қызығушылық танытып, оның практикалық аспектілерін одан әрі талқылаудың өзектілігін атап өтті. Атап айтқанда, Халықаралық су ұйымының ұсынылып отырған құрылымына, оны қаржыландыру мәселелеріне, өкілеттіктері мен функцияларына назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықтың, су секторын жеткілікті қаржыландыру мен инвестициялаудың, сондай-ақ жекелеген мемлекеттердің табысты тәжірибесін ескерудің қажеттігі атап өтілді. Талқылау барысында су мәселелерінің энергетикамен, цифрландырумен, климатпен және тұрақты дамумен тығыз өзара байланысы атап көрсетілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар су ресурстарын басқару жөніндегі неғұрлым тиімді халықаралық платформа құру бастамасының ауқымдылығы мен уақтылылығын атап өтіп, оны БҰҰ шеңберінде және су мәселелеріне арналған басқа да халықаралық алаңдарда одан әрі талқылауға дайын екендіктерін білдірді. Қазақстан тарапы бастаманы жетілдіру және су ресурстары саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған практикалық тәсілдерді әзірлеу мақсатында халықаралық әріптестермен одан әрі диалог пен пікір алмасуға ашық екенін атап өтті.

09 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                              

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        
  2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
02 сентября 2026
Қазақстанды музейлер мен өнер арқылы таныту

Мәдени мұраны насихаттау бағытындағы бірлескен қызмет аясында Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі мен Қазақстан Республикасының Вроцлав қаласындағы Құрметті консулы доктор Ежи Бар «Қазақстанның музейлері мен көркем галереяларына саяхат» атты кезекті каталогты жарыққа шығарды.

Каталогта мәдени мекемелердің тарихы, қорлары мен қызметі туралы ақпарат беріліп, қазақстандық өнерді насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени диалогты дамытуға ықпал етеді.

Басылымның авторы әрі құрастырушысы – Қазақстан Республикасының Вроцлав қаласындағы Құрметті консулы доктор Ежи Бар. Ол көптеген жылдар бойы мәдениет, ғылым және білім беру салаларындағы сан алуан жобаларды жүзеге асыра отырып, Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстардың дамуына белсенді түрде үлес қосып келеді.

Каталогтың жарық көруі Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде кеңінен танытуға және Қазақстан мен Польша арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

04 августа 2026
Әлемдік кино жұлдыздарының қатысуымен Comic Con Astana 2026 фестивалі өтеді

Елордада 6-9 тамыз аралығында бесінші рет Comic Con Astana фестивалі өтеді. Ауқымды іс-шарада кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлері бір алаңда бас қосады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

2026 жылы Comic Con Astana былтырғыдай бірден екі алаңда өтеді. Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena кешенінде өтеді.

Ал «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын алаңдары, түрлі таныстырылымдар, интерактивті бағдарламалар және қонақтарға арналған ойын-сауық аймақтары орналасатын ауқымды көрме кеңістігіне айналады.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланды. Оның фильмографиясында «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ», сондай-ақ «Оның маған айтқан соңғы сөзі» және «Патша мен жаулаушы» сериалдары бар.

Comic Con Astana қонақтарының қатарында тағы бір әлемге танымал актер – Иньяки Годой болады. Ол Netflix платформасындағы ең сәтті жобалардың бірі саналатын One Piece сериалында басты кейіпкер Манки Д. Луффиді сомдап, ең жас актерлерінің біріне айналды. Бұдан бөлек, ол «Жетілмегендер», «Сараны кім өлтірді?» секілді сериалдар арқылы да көрерменге жақсы таныс.

Фестиваль аясында Иньяки Годой басты сахнада жанкүйерлермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап береді, сондай-ақ қолтаңба тарату мен фотосессияларға қатысады.

Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де қатысады.

Фестивальдің арнайы қонақтары:
Kamui Cosplay – Германиядан келген, жоғары сапалы косплей костюмдерін жасаумен танылған әлемге әйгілі шығармашылық дуэт;
SuperCrastan (Даня Крастер) – ғылыми-көпшілік контент пен ерекше инженерлік жобаларымен танымал орыстілді YouTube-блогер;
Jane Kravitz – жұмбақ оқиғалар, зерттеулер және деректі бейнеэсселерге арналған YouTube арнасының авторы;
Karrambaby – сән, саяхат және күнделікті өмір туралы контент жариялайтын танымал ресейлік видеоблогер;
Dobryak – миллиондаған қаралым жинаған анимациялық роликтердің авторы, орыстілді YouTube кеңістігіндегі ең танымал аниматорлардың бірі;
Dalbek – фильмдер, мультфильмдер мен анимацияға арналған шолуларымен танымал қазақстандық блогер.

Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі бөлігі – халықаралық косплей байқауы. Жыл сайын түрлі елдердің үздік қатысушылары бас қосатын байқаудың биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Бұл оны өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналдырып отыр.

Өткен жылдары Comic Con Astana Орталық Азиядағы ең ірі заманауи поп-мәдениет фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.

 
20 июля 2026
Қазақстан Республикасының азаматтарының назарына!

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

2026 жылғы 23 тамызда (жергілікті уақыт бойынша 07:00-20:00 аралығында) Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі жанындағы № 435 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.

Осыған байланысты Сіздерді дауыс беруге қатысуға шақырамыз.

Дауыс беруге қажетті сайлау бюллетеньдерінің жеткілікті санын қамтамасыз ету мақсатында баршаңызды төменде көрсетілген сілтеме арқылы алдын ала тіркелуге шақырамыз.

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSetbumd2JMABN5GPIj8Omfm5gG0RWXFnGp-oq1UcDJOsPqjWg/viewform?usp=dialog

Түсіністік танытып, сайлауға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

20 июля 2026
Қазақстан мен Польша спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Варшава - 2026 жылғы 17 шілде - Польша Олимпиадалық комитетінің Варшава қаласындағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы делегациясының Польша Ұлттық Олимпиада комитетінің Президенті Радослав Пешевич бастаған комитет басшылығымен кездесуі өтті.

Қазақстандық делегацияның құрамына мемлекеттік органдардың, спорт мекемелері мен ұйымдарының басшылары, сондай-ақ Қазақ ұлттық спорт университетінің өкілдері енді. Кездесуге Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің өкілі де қатысты.

Кездесу барысында поляк тарапы ұлттық спорт жүйесін ұйымдастыру тәжірибесін, олимпиадалық қозғалыстың қызметін, спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл тетіктерін, ұлттық құрама командаларды даярлау жүйесін және халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын таныстырды.

Сонымен қатар, тараптар спорт және білім беру салаларындағы қазақстандық-польшалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, спорт менеджменті саласында тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Аталған сапар WSG University мен Қазақ ұлттық спорт университетінің бірлескен ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өткізілді. Кездесу Қазақстан мен Польша арасындағы спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезеңдердің бірі болып, тараптардың әріптестік байланыстарды одан әрі кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.

Социальные сети
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары