ҚХР, Үрімші қаласы
ХАБАРЛАНДЫРУ
Тақырыбы: Көлік құралдарын аукцион тәсілімен сату
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі мүдделі тұлғаларды төмендегі көлік құралын сатып алу үшін жабық баға ұсыныстарын беруге шақырады:
Аукцион 2026 жылғы 21 қазанда сағат 10:00-де өткізіледі:
№ 1 лот
Автомобиль Toyota Land Cruiser 200
Моделі / шығарылған жылы: Toyota Land Cruiser 200, 2011
Қозғалтқыш көлемі: 4 700 текше см
Жанармай түрі: Бензин
Түсі: Қара
Орын саны: 7
Жүріп өткен қашықтығы: 226 090 км
Бастапқы бағасы: 8 211,00 АҚШ доллары
Кепілдік жарнасы: 1 231,65 АҚШ доллары
Сауда аукцион тәсілімен, бағаны көтеру арқылы өткізіледі.
Сауда өткізілетін орын: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі
Аукционның өткізілетін орны мен уақыты: 2026 жылғы 21 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де; ҚХР, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Үрімші қ., Синьши ауданы, Куньмин көшесі, 216. Тел.: 6160770, 0991-613-93-69
Кепілдік жарнаны төмендегі деректемелер бойынша төлеу қажет:
Бенефициар: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметі, Bank of China, Қытай банкінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бойынша бөлімшесі, операциялық бөлім
Шот: 108290929848
Банк коды: 104881003013
Мүдделі сатып алушылар көлік құралын 2026 жылғы 7–20 қазан аралығында жұмыс күндері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінде алдын ала жазылу бойынша қарап шыға алады. Қарап шығуға өтінімдерді және кез келген сұрақтарды Үрімші қаласындағы өкілдікке мына мекенжай бойынша жолдауға болады: urumqi@mfa.kz
Үрімші қ., 2025 жылғы 6 қараша - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қ. Паспорттық-визалық қызметінің Кеңесшісі-Басшысы Д. Айменов Қытай Халық Республикасы Шыңжаң — Ұйғыр автономиялық ауданы Шәуешек аймағы Сыртқы істер кеңсесінің Басшысымен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар шекара маңындағы аудандарда тұратын және болатын Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ екіжақты консулдық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыру және ынтымақтастықтың белгіленген бағыттарын бірлесіп пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Құлжа қ., 2025 ж. 22 тамыз – Қытай Халық Республикасының аумағында ауыр жағдайда ем алып жатқан Қазақстан Республикасы азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қ. Паспорттық-визалық қызметі ҚХР ШҰАА Іле қазақ автономиялық облысының Құлжа қ. Үкіметінің қолдауымен, сондай-ақ Алматы облысы мен Алматы қ. жергілікті атқарушы органдарының жәрдемімен азаматты Құлжа қаласынан Алматы қаласына Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» өткізу бекеті арқылы шұғыл жеткізуді ұйымдастырды.
Аталған медициналық эвакуация Қазақстан мен Қытайдың құзырлы органдарының азаматтардың құқықтарын қорғау және төтенше жағдайларда дер кезінде көмек көрсету жолындағы тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі болып табылады.
Үрімші қ., 2025 ж. 11 тамыз — ҚР СІМ Паспорттық-визалық қызметінің Басшысы-Кеңесші Диас Айменов ҚХР ШҰАА Халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Сяо Евэнмен кездесу өткізді.
Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету перспективаларын, сондай-ақ Шыңжаңдағы Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау шараларын талқылады.
Келіссөздер барысында өзара сауданың жоғары қарқыны және осы саладағы әріптестікті дамыту үшін өзара өңіраралық іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Анықтама: 2024 ж. қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долл. құраса, Қазақстан мен ҚХР ШҰАА арасындағы саудаға 22,66 млрд АҚШ долл. тиесілі болды.
Үрімші қ., 2025 жылғы 29 шілде – ҚР СІМ Үрімші қ. Паспорттық-визалық қызметінің Кеңесші–Басшысы Д.Айменов Шыңжаңдағы «China Unicom» телекоммуникациялық компаниясы бөлімінің басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық ынтымақтастық бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Тараптар Шыңжаң өңіріндегі Қазақстан Республикасының ресми мекемелерінің қызметін сенімді, қауіпсіз әрі тұрақты байланыспен қамтамасыз ету мақсатында одан әрі диалог жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама: «China Unicom» — жарғылық капиталы 200 млрд юаньнан асатын Қытайдың ірі мемлекеттік телекоммуникациялық компанияларының бірі. Компания бесінші және алтыншы буындағы (6G) байланыс желілерін дамытумен белсенді айналысады, сондай-ақ терагерцтік байланыс пен жерүсті және жерсеріктік инфрақұрылымды біріктіру бойынша ҚХР-дың ұлттық бағдарламаларына қатысады. «China Unicom» Қытайда шетелдік және шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерге «China Unicom Global» еншілес құрылымы арқылы байланыс қызметтерін көрсетеді.
Үрімші қ., 2025 жылғы 28 шілде — Екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ҚР СІМ Үрімші қ. Паспорттық-визалық қызметінің Кеңесші-Басшысы Диас Айменов Қытай Банкі бөлімінің басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар қаржылық қызмет көрсетуге қатысты мәселелерді, сондай-ақ банктік саладағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын, соның ішінде шоттар ашу және қолжетімді қызметтер тізімін кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тұрақты дамуын, сондай-ақ сапалы банктік қызметтерге деген өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, қаржы-банк саласындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар туындайтын мәселелерді жедел шешуге бағытталған тетіктерді бірлесіп әзірлеуге және өзара іс-қимылды конструктивті әрі серіктестік рухында жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Үрімші қ., 2025 жылғы 26 шілде — Корпоративтік мәдениетті нығайту, қоршаған ортаға жауапты көзқарас қалыптастыру және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іске асыру мақсатында, ҚР СІМ Үрімші қ. Паспорттық-визалық қызметінің қызметкерлері сенбілік ұйымдастырды.
Экологиялық бастама аясында бірқатар санитарлық-техникалық жұмыстар атқарылды: іргелес аумақты тазалау, жасыл желектерді абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару. Қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ қызметтік үй-жайлардың тиісті санитарлық жағдайын сақтауға ерекше көңіл бөлінді.
Абай облысының делегациясы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына арнайы келіп, өңірлер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады. Делегация құрамында кәсіпкерлер, бизнес өкілдері және облыстық басқарма басшылары бар.
«Құрғақ порт» және «логистикалық парк» жобасын одан әрі дамытып, келісімдерге қол жеткізу үшін Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Тарбағатай ауданы басшыларының кездесуі өтті.
«Дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бастап, қазақ-қытай ынтымағы лайықты сыннан сүрінбей өтті. Биыл Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырлас байланыстар орнату туралы келісімге қол қойдық. Біздің елдер ортақ шекараны өзара достық нышанына айналдырды. Келісім шеңберінде биыл біз бірқатар бірлескен кездесулер өткізіп, белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткіздік», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Бүгінде ҚХР елінің NFC кәсіпорны мен қазақстандық «KAZ Minerals» компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан мыс балқыту зауытының құрылысы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Оның құны 2 миллиард долларды құрайды.
Абай облысы теміржол, авто, әуе және су көлігі артерияларының стратегиялық торабында орналасқан өңір. Аймақта ИКАО стандартына сай келетін халықаралық әуежай бар. Абай өңірі ҚРХ мемлекетін Еуропа елдерімен байланыстыратын «Аягөз-Тачэн» темір жолын, Құрғақ порт пен Ертіс өзені арқылы су көлігі бағытын құрып, транзиттік әлеуетті күшейтуге ниетті.
Нұрлан Ұранхаев өңірде бизнеске қолайлы әрі тиімді болуы үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Бұл жобалар тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Жалпы, өңірге инвестиция тарту жөніндегі мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, жергілікті атқарушы орган тарапынан бизнесті ыңғайлы әрі тиімді жүргізу үшін инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады. Бұл дегеніміз – жергілікті кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорындар құруға жәрдемдесу, инвесторларды сүйемелдеу, үй-жайлар мен аумақтар беру, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, қолдаудың басқа түрлерін қарастыру», – деді әкім.
Айта кетсек, жиында Абай облысынык Үржар ауданы мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданы арасындағы өзара ынтымастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – өнеркәсіпті, экономиканы, мәдениетті дамыту, сондай-ақ тәжірибе және ақпарат алмасу.
ҚХР, Үрімші қаласы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімжі қаласына келіп, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.
– Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салудың маңыздылығына назар аударды. Президент осы жобаны іске асыруға жақын арада кірісуге болады деп есептейді.
Сауда-экономикалық байланыстардан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызды екені атап өтілді.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына айрықша тоқталды.
– Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстарының мәні мен маңызына назар аударды.
– Шыңжаң ежелден өзінің жоғары мәдениетімен әйгілі. Жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық дәрежеде мойындалған. Біз мәдени-рухани байланыстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» форумында көтерілген бастамалардың мәні зор екенін айтты.
– Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз, – деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы.
Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалап, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы біздің елмен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты байланысты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президентінің Шыңжаң өлкесіне сапары аймақаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.