GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Все материалы
16 октября 2026
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы аграрлық ынтымақтастық жаңа деңгейге шығуда

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 16 қазан – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынұлы Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрі Цагаанхүү Идэрбатпен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, заманауи агротехнологияларды енгізуге, сондай-ақ екі ел кәсіпорындары арасында тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.

Кездесуде Қазақстан мен Моңғолияның аграрлық саладағы әлеуеті жоғары екені атап өтіліп, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделілік білдірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мен іскерлік топтары арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

05 октября 2026
Қазақстан мен Моңғолия: стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2026 ж. 1 қазанда Астана қаласында Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 10-отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ал моңғол тарапын - Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр басқарды.

Отырыс барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара сауда көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларындағы ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне назар аударды.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту міндетіне ерекше мән берілді. Тараптар өзара сауда-саттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту, өнеркәсіп кооперациясын дамыту және қазақстандық өнімдерді Моңғолия нарығында ілгерілету үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар көлік бағыттарын дамыту, логистиканы жетілдіру және екі елдің іскер топтары үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасау мәселелері қарастырылды. Білім, ғылым, мәдениет және гуманитарлық байланыстар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының 10-отырысының хаттамасына қол қойылды. Құжатта қол жеткізілген негізгі уағдаластықтар мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.

Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

28 сентября 2026
Қазақстан мен Моңғолия екіжақты ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 28 қыркүйек – Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының моңғол жағынан тең төрағасы Нямтайширын Номтойбаярмен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, ең жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, көлік-логистикалық ықпалдастықты дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестициялар, ғылым, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Сұхбаттасушылар Үкіметаралық комиссияның Қазақстан мен Моңғолия арасындағы нақты іс-жүзіндегі қарым-қатынастарды жандандыратын тиімді тетік ретіндегі маңызды рөлін атап өтіп, екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскер топтарының жұмысын барынша тиімді үйлестіру қажеттігін айтты.

Кездесу соңында тараптар Үкіметаралық комиссияның 10-шы мерейтойлық отырысына дайындық мәселелерін талқылады. Аталған отырысты ү.ж. қазан айында Астана қаласында өткізу жоспарланған.  

28 сентября 2026
Қазақстан мен Моңғолия цифрлық әріптестікті кеңейтуде

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрі Чинбатын Номинмен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар цифрландыру, ақпараттық технологиялар және инновациялар саласындағы қазақ-моңғол ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективалық бағыттарын талқылады.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электрондық үкіметті дамыту, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елші Қазақстанның мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау саласындағы жетістіктерін атап өтіп, екі елдің бейінді мемлекеттік органдары, ұйымдары және IT-компаниялары арасындағы практикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Моңғолияның IT-сектор өкілдері арасында тікелей байланыстар орнату және бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз жұмыс байланыстарын қолдауға және өзара мүдделілік тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

18 сентября 2026
Абайдың қара сөздері – барша адамзатқа ортақ мұра

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 17 қыркүйек — Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, жазушы және аудармашы Лувсангийн Батбаярмен кездесті.

Л.Батбаяр төл әдеби туындыларымен қатар жапон поэзиясын моңғол тіліне аударған қаламгер ретінде белгілі. Бірнеше жыл бұрын ол қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасына ден қойып, оның шығармаларын моңғол тіліне аударған.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ екі ел халықтарының өзара түсіністігін нығайтудағы әдебиет пен аударманың рөлін талқылады.

Л.Батбаяр Елшілікке «Билиг сургаал» кітабының бірнеше данасын табыс етті. Аталған басылымда Абайдың қара сөздері қазақ және моңғол тілдерінде қатар берілген. Сондай-ақ, моңғол оқырманына түсініксіз болуы мүмкін жекелеген сөздер мен ұғымдарға түсіндірме жасалған. Кітап Ұлан-Батыр қаласы мен Моңғолияның аймақтарындағы кітапханаларға да таратылған.

Л.Батбаярдың айтуынша, бұдан 130 жылдан астам уақыт бұрын жазылған Абайдың қара сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Абайды оқыған сайын оның өсиет-нақылдары бүгінгі адамдарға да арналғандай әсер аламын», - дейді ақын-аудармашы.

Өз кезегінде Елші А.Сейтақынов Абай мұрасының ұлттық шеңберден әлдеқашан шығып, түрлі елдер мен мәдениеттер өкілдері үшін құнды рухани мұраға айналғанын атап өтті.

Ол Л.Батбаярға моңғол оқырмандарын қазақ әдебиетімен таныстыруға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жазушылар мен аудармашылардың екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

16 сентября 2026
Көлік сатылады

2026 жылғы 16 қыркүйек – Аукционды ұйымдастырушы: Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі, тіркелген мекенжайы: Ұлан-Батыр қаласы, Сүх-Батыр ауданы, Ж.Самбуу көшесі 6/1, «City Capital» орталығы 6-қабат, автокөлікті сату бойынша ашық аукцион өткізетінін хабарлайды.

Аукцион бағаның өсу әдісімен өткізіледі.

Аукцион 2026 жылғы 2 қазанда сағат 11:00-де келесі мекенжайда өтеді: Ұлан-Батыр қаласы, Сүх-Батыр ауданы, Ж.Самбуу көшесі 6/1, «City Capital» орталығы 6-қабат.

Сатылымға қойылған көлік туралы мәлімет (лот):

1 лот:

Жеңіл көлік

Маркасы: Volkswagen Caravelle

Түсі: күміс сұры

Шығарылған жылы: 2010

Жүрісі: 140 569

Қозғалтқыш сыйымдылығы: «В» 3200cc

Жалпы жағдайы: техникалық ақауы бар, жөндеуді қажет етеді

Бастапқы бағасы: 700 (жеті жүз) АҚШ доллары.

Бастапқы бағаның 15% кепілдік жарнасы: 105 (жүз бес) АҚШ доллары.

5% сауда-саттық өсімі: 35 (отыз бес) АҚШ доллары

Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі:

Өтінім мен кепілдік жарнасын уақытында тапсырған жеке және заңды тұлғалар аукционға қатыса алады. Өтінімдер мен тіркеуді жазбаша түрде келесі мекенжайға жіберу керек: Ұлан-Батыр қаласы, Сүх-Батыр ауданы, Ж.Самбуу көшесі 6/1, «City Capital» орталығы 6-қабат,

Өтінімдер 2026 жылғы 30 қыркүйек сағат 17:00-ге дейін қабылданады.

Ең жоғары баға ұсынған адам аукцион жеңімпазы болып жарияланады.

Жеңімпаздың кепілдік жарнасы көлік құралын сатып алу бағасына кіреді.  Қалған аукционға қатысушылардың кепілдік жарнасы 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.

Қатысу үшін ұйымдастырушының мекенжайына келесі құжаттарды тапсыру қажет:

  • Белгіленген тәртіппен толтырылған өтінім.
  • Жеке тұлғалар үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
  • Заңды тұлғалар үшін заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және Моңғолияның заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжат.
  • Кепілдік жарнасын төлегенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.

Сауда-саттыққа қатысушылар кепілдік жарнасын төлеп, баға ұсыныстарын бергенге дейін осы жарнаманы және келісімшарт жобасымен мұқият танысып, көлік құралының техникалық жағдайын тексеруге тиіс. Сауда-саттыққа қатысушылар көлік құралын жақсартуды, түзетулерді немесе жөндеуді сұрай алмайды, сондай-ақ қайта тіркеуге немесе меншік құқығын беруге байланысты кез-келген салықтан, алымдардан немесе басқа шығындардан босатуды сұрай алмайды.

Егер жеңімпаз сауда-саттыққа қатысушылар көрсетілген мерзімде келісімшарт талаптарын орындамаса, олар көлік құралын сатып алу құқығынан бас тартты деп саналады және кепілдік жарнасын қоса алғанда, ешбір төлем қайтарылмайды. Кепілдік жарнасын аудару кезіндегі банк комиссиясы ешкімге қайтарылмайды. Сауда-саттықты бұрмалау және кез келген басқа заңсыз араласу түріне қатаң тыйым салынады.

Кепілдік жарнасы үшін төлем деректемелері:

Алушы: Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі

Мекенжайы: Ұлан-Батыр қаласы, Сүх-Батыр ауданы, Ж.Самбуу көшесі 6/1, «City Capital» орталығы 6-қабат,

Ағымдағы шот: MN280015002010000507

Алушының банкі: Golomt Bank

Төлем мәліметтері: 1 лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарнасы.

Сатып алушының міндеттері және көлік құралын алуы:

  • Ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион аяқталғаннан кейін бірден аукцион нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюға міндетті.
  • Сатып алушы сатып алу шартына қол қойғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде көлік құралының толық бағасын (бұрын төленген кепілдік жарнасын қоспағанда) аударуға міндетті.
  • Меншік құқығын берумен, салықтарды (әкімшілік алымдарды), кедендік баждарды және көлік құралын сатып алуға байланысты басқа да төлемдерді төлеуге байланысты барлық шығынды сатып алушы өз мойнына алады.

Мүлікті тексеру және байланыс ақпараты:

Көлік құралының техникалық жағдайын тексеру, қажетті құжаттармен танысу және өтінім қағазын алу үшін келесі мекенжайға хабарласа аласыз: Ұлан-Батыр қаласы, Сүх-Батыр ауданы, Ж.Самбуу көшесі 6/1, «City Capital» орталығы 6-қабат, жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін.

Сұрақтар бойынша: + 976 11341074 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Электрондық пошта: ulaanbaatar@mfa.kz

11 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

2026 жылғы 8 қыркүйек – Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.
  2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
28 августа 2026
Қазақстан Ұлан-Батыр қаласында өткен СОР-17 іс-шараларына белсене атсалысты

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 28 тамыз – 2026 ж. 17-28 тамыз аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қатысушы тараптардың 17 конференциясы (СОР-17) өтті.

190-нан астам елдің өкілдері жиналған алқалы жиынға Қазақстан  тарапы белсенді қатысып, табиғатты қорғау, жердің тозуының алдын алу, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін көпжақты ынтымақтастықты дамыту және осы бағытта тиімді диалог орнату жолында көптеген іс-шараларға атсалысты.

«СОР-17» алаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын ілгерілету мақсатында «Шөлейттену, жердің тозуы және құрғақшылық мәселелерін шешу жолында су саласындағы жаһандық басқару ісін нығайту» тақырыбында сайд-ивент өтті. Іс-шараға 14 спикер және 100-ден астам делегат қатысты.

Моңғолия Үкіметінің атқарушы агенттігі – Су басқармасының басшысы З.Батбаяр мен су саласындағы беделді сарапшы, доктор Д.Баасандорж Қазақстан басшысының ұсынысы өте уақытылы әрі маңызды идея екенін ерекше атап өтіп, бастамаға толық қолдау білдірді. Басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері су саласындағы көпжақты ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ, «СОР-17» аясында Қазақстанның ұйымдастыруымен «Аймақтық Экологиялық Саммиттен UNFCCC COP-31-ге дейін: Рио конвенциясы аясында жерді қалпына келтіру, биологиялық әртүрлілікті және климатқа төзімділікті ілгерілету» тақырыбына арналған сайд-ивент өтті.

«СОР-17-ге» еліміздің құзырлы органдарының лауазымды тұлғалары арнайы келіп қатысты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Н.Хатепова жоғары деңгейдегі «СОР-17» ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

ҚР Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Сейтақынов көптеген іс-шараларға қатысып, шөлейттенуге, жердің тозуына қарсы күреске және су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты Қазақстанның ұстанымдарын әлем қауымдастығына жеткізді.

Қазақстан табиғатты қорғауға бағытталған жаһандық қозғалыстың әрдайым алғы шебінде болады. Еліміз осы бағытта халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және көпжақты ынтымақтастықты дамыту жолында табанды әрі жүйелі жұмысты жалғастыра береді.      

20 августа 2026
Халықаралық қоғамдастық БҰҰ аясында су саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды қолдайды

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 19 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі су ресурстары саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылауға арналған арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы Тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өтті. Талқылауға БҰҰ, ұлттық делегациялардың, сарапшылар қауымдастығының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Негізгі назар жердің тозуы, құрғақшылық, азық-түлік қауіпсіздігі және биоалуантүрліліктің сақталуы жағдайындағы су ресурстарын басқару мәселелеріне аударылды.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Мемлекет басшысының бастамасы халықаралық су ынтымақтастығын нығайту және Қазақстан, Моңғолия мен Орталық Азия өңірі тап болып отырған ұзақ мерзімді экологиялық проблемаларды шешу тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Осы ретте су саласындағы өңірлік өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру перспективалары да талқыланды.

Қазақстандық делегация Халықаралық су ұйымын құрудың тұжырымдамалық тәсілдерін және Астана, Найроби мен Нью-Йорк қалаларында өткізілген халықаралық консультациялардың қорытындыларын таныстырды. Қазақстан тарапы мүдделі мемлекеттер мен ұйымдарды су ресурстарын жаһандық басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелерін, оның ішінде Абу-Дабиде өтетін алдағы БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясы аясында талқылауға шақырды.

Қатысушылар БҰҰ-дағы қазіргі реформалар және су қауіпсіздігі саласындағы сын-қатерлердің артуы жағдайында Қазақстан бастамасының өзектілігін атап өтті. Моңғолия Су агенттігінің төрағасы Зэнэямадарын Батбаяр Қазақстан бастамасының уақтылы көтерілгенін атап өтіп, экологиялық және климаттық сын-қатерлердің жаһандық су проблематикасымен өзара байланысына назар аударды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар БҰҰ алаңдарында су күн тәртібін бірлесіп ілгерілетуге және осы саладағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік білдірді.

10 августа 2026
Бүгін - Абай күні!
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары