Жапонияда Қазақстан астанасының құрметіне жаңа «Нұр-Сұлтан» атты сакура сұрыпы шығарылды

Саппоро, 2020 жылғы 11 мамыр. Хоккайдо аралында Қазақстан астанасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп аталатын сакураның жаңа сұрыпы гүлдеді. Жаңа сұрыпты Хоккайдо префектурасының орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шығарды.
Минус 40° C-қа дейін аязға төзімділігі «Нұр-Сұлтан» сакурасының ерекшелігі болып табылады – бұл астанамыздың ауа-райы жағдайларына бейімделу үшін ең қажет сипаттамалардың бірі.
Қазақстанның астанасын бейнелейтін сакура гүлі қос гүлдену әсеріне байланысты 10 қардай ақ күлте жапырақшалардан тұрады, ал сакураның басқа сұрыптарында әдетте 5 жапырақша ғана бар.
«Нұр-Сұлтан» сакура сұрыпының авторы - Хоккайдо префектурасы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының докторы Йоичи Вакита айтқандай: «менің әлемдегі суық аймақтарда сакураны өсірумен айналысатын молекулярлық биолог ретіндегі мақсатым – аязға төзімді сакураның генетикалық әлеуетін үнемі кеңейту болып табылады. «Нұр-Сұлтан» сұрыпы ғылыми эксперимент, сондай-ақ қазақ халқына сыйлық-тілек болып табылады. Гүлдеп тұрған сакураны тамашалау жапон халқының негізгі мәдени коды және буддистік сенімдердің негізінде сакура гүлдері табиғаттың шығармашылық күшін және көктемнің келуін білдіреді. Осылайша, мен Қазақстанға коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатып, дағдарыстан тез арада шығуды тілеймін».
Аязға төзімді «Чишимазакура» сакурасының түрі Жапонияның ең солтүстік аймағы – Хоккайдо префектурасында өседі және Орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты биотехнологияларды қолдану арқылы сакураның осы түрін сұрыптаумен айналысады.
Танымал жапон сәулетшісі және Нұр-Сұлтан қаласы бас жоспарының әзірлеушісі Кишё Курокаваның ұлы Микио Курокаваның айтуынша, «менің әкем ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше сеніміне арқа сүйей отырып Қазақстан астанасының бас жоспарын әзірлеу кезінде өзінің метаболизм мен симбиоз архитектуралық бағытының тұжырымдамасын іске асырды. Оның негізгі идеясы «симбиотикалық сәулет» принципі бойынша қалалық және табиғи ортаны үйлестіру болды. Жапон ғалымдары әзірлеген Нұр-Сұлтан атты сакураның жаңа сұрыпы біздің елдерді біріктіретін тағы бір фактор болатынына сенімдімін».
Сакура ағашы Жапонияның ұлттық бренді болып табылады. Ханами немесе гүлдену кезінде сакураны тамашалау дәстүрі жыл сайын елге миллиондаған туристерді тартады. Бұл артықшылықты Германия, Франция және АҚШ сияқты жайлы климаты бар өңірлерде орналасқан елдер шетелдік туристерді тарту үшін пайдалануда.
Жапонияда ханами кезеңі ыстық Окинавада ақпан айынан басталып, аязды Хоккайдода мамырға дейін созылады. Сакура гүлдерінің «толқыны» біртіндеп елдің оңтүстігінен солтүстігіне таралады. Жапон аралдарының пайда болуынан бастап өсіп келе жатқан елде 10-ға жуық жабайы сакураның түрлері бар. Жапондықтар үшін сакураны тамашалайтын үлгілі орын – Шиндзюку ұлттық паркі, онда 300-ден астам сакураның сұрыптары отырғызылған.