Денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан мен Израиль ынтымақтастығын ілгерілету туралы

Коронавирустың таралуын болдырмау бойынша бірлескен күш-жігер аясында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов бірқатар жергілікті компаниялардың мекемелерінде болды.
«AID Genomics Limited» Бас директоры Снир Заномен Қазақстанда коронавирусты тексеретін стационарлық зертханалар ашу мүмкіндігі талқыланды.
AID Genomics қатерлі ісік және жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарды диагностикалау мен емдейтін технологиялармен мамандандырылған. Израильдің Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктерімен бірлесіп компания тәулігіне 12000 тест өткізуге мүмкіндігі бар 6 Covid-19 сынақ зертханасын орнатты.
Қазақстан дипломаттарының Иерусалим қаласындағы фармацевтикалық зауытқа сапары кезінде «Rafa» компаниясының басқарма төрағасы Амир Левин дәрі-дәрмектер жеткізу, сондай-ақ оларды өндіруге қатысты Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
80 жыл бұрын құрылған Rafa бүгінде Израильдегі фармацевтика саласындағы алдыңғылардың бірі болып саналады және Mundipharma/Napp ғаламдық желісінің бөлігіне кіреді. Компания дәріқағазсыз берілетін дәрілер шығарады.
«Sonovia Ltd» негізін қалаушы Шей Херсковичпен кездесуде тараптар Қазақстанда бірегей израильдік технология негізінде көп мәрте пайдаланылатын маскалар өндірісін іске қосуды талқылады. Аталмыш технологияның көмегімен бөлшектерді сүзу жүйесі бар вирусқа және бактерияға қарсы маскалар шығарылады.
Қайта қолдануға болатын Sonomask вирусқа қарсы маскалары коронавирустың таралуын тоқтатуға көмектесетін бактерияларды, саңырауқұлақтар мен вирустарды жоятын мырыш оксидінің нано бөлшектерімен қапталған.
Кездесулердің нәтижесінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша келіссөздерді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.