Қазақстан-Израиль қатынастарының күн тәртібіндегі ғылым саласындағы ынтымақтастық

Тель-Авив, 2023 жылғы 29 маусым – Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақовтың Бар-Илан университетінің Халықаралық мектебінің атқарушы директоры Офер Даханмен және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Йаель Толеданомен кездесуі барысында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
С.Бұршақов өзара тиімді ынтымақтастық үшін әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесінің бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген қазақстандық ғылымды дамытудың басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Өз кезегінде, Израиль ғалымдары Бар-Илан университетінің ғылым, технология және инновация сияқты салалардағы қазіргі қызметі туралы айтып берді. Ынтымақтастықты дамыту келешегі туралы Елшімен келісе отырып, О.Дахан және Й.Толедано қазақстандық студенттерге арналған гранттарды кеңейту мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ұлттық Ғылым академиясының және Астана мен Алматының жетекші жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесу үшін Қазақстанға баруға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Атқарушы директор О.Дахан елімізбен ынтымақтастықтың табысты тәжірибесін атап өтіп, кездесуге қатысқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Мәдина Телқожаева жақында Бар-Илан университетінің химия ғылымдарының докторы дәрежесін алғанын және докторантурадан кейінгі ғылыми қызметін жалғастырып келе жатқанын айтты..
Осыған байланысты, Елші қазақстандық ғалымды Израильде докторлық дәреже алуымен құттықтап, қазақ дәстүріне сай оған ұлттық шапан кигізді.
Бар — Илан университеті (BIU) – израильдік мемлекеттік коммерциялық емес оқу орны. BIU 1955 жылы құрылған және Израильдің Рамат Ган қаласында орналасқан. Университет QS үздік университеттерінің халықаралық рейтингісімен жоғары бағаланып, әлемде 502 орынға ие болды. Университет инженерия және технологиялар, биомедициналық ғылымдар, өнер және гуманитарлық ғылымдардағы әлемдегі ең үздіктердің бірі. THE тәуелсіз университеттер рейтингі университетті әлемде 615 орынға қояды.