Қазақстан Елшісі парламентаралық достық тобының жетекшісімен кездесті
Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов «Израиль – Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі, Кнессет депутаты Евгений Совамен кездесті.
Тараптар парламенттік деңгейдегі мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оның оң дамуын атап өтті.
Елші Е.Сованы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауының негізгі тезистерімен таныстырып, екі елдің оларды жүзеге асыру үшін ынтымақтастығының мүмкін жолдарын көрсетті.
Сондай-ақ, сұхбаттасушылар Израиль мен Қазақстанда коронавирустық пандемиямен күреске қарсы қабылданған шаралар туралы пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы уағдаласты.
С.Бұршақов Е.Соваға қазақ хылықының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай алғаш рет ақынның «Қара сөздері» иврит тіліне аударылғанын жеткізіп, оған кітаптың бір данасын табыс етті.
«Израиль – Қазақстан» парламентаралық достық тобының жаңа құрамы 23 рет шақырылған Кнессетке өткен сайлаудан кейін 2020 жылғы тамызда құрылды.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан – Израиль» парламентаралық достық тобы жұмыс істейді, оның жетекшесі - депутат Шавхат Өтемісов болып табылады.