Грузияда қазақ халқына алғыс білдіруде

Рустави, 2022 жылғы 1 наурыз – Қазақстандағы Алғыс айту күні Грузиядан қазақ халқына ынтымақ пен алғыс сөздері жеткізілді.
Жыл бойы бүкіл Грузия бойынша 100-ден аса мұғалімдер мен мектеп оқушылары ата-аналарының, туыстарының, жақындарының Қазақстанда – Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері немесе АЛЖИР-де өткізген жылдары туралы, сол қиын жылдарда аман қалуға көмектескен қазақ халқының қолдауы туралы әңгіме-естеліктер жинап, жазды.
XX ғасырдың 30-40-шы жылдары тоталитарлық режим көптеген қамаудағыларды ұстау үшін Қазақстанның кең даласында лагерьлер сала бастады. Солардың бірі-халық арасында «АЛЖИР» атанған әйелдер лагері. Мұнда Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген, қисынсыз және негізсіз саяси себептермен сотталған әйелдер ұсталды. Көбінесе олар КСРО-ның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері, аналары, қыздары болды.
Сталиндік қуғын-сүргін Грузия халқын да айналып өтпеді. 1938-1953 жылдары болған Ақмола лагерінде он сегіз мың әйел мерзімін өтеп, олардың 300-ге жуығы Грузиядан болған. Олар негізінен ақсүйектер, қуғын-сүргінге ұшыраған көрнекті отбасылардың өкілдері болды: жазушы Нодар Думбадзенің анасы – Александра Думбадзе-Бахтадзе және оның апасы Тамара Думбадзе, жазушы Борис Пильняктың әйелі – ханшайым Кира Андроникашвили, Булат Окуджаваның анасы – Ашхен Налбандян және кинорежиссер Лев Кулиджановтың анасы – Екатерина Кулиджанова, дирижер Евгений Микеладзенің әйелі – Кетеван Орахелашвили және басқалар.
Қазақстанға әр жылдары миллиондаған қарапайым адамдар, түрлі халық өкілдері күштеп жер аударылды. Қазақтар қауіп төндірген жазалау шараларына қарамастан, жер аударылған адамдардың аман қалуына көмектесті. Олардың көпшілігі қазақ жерінде өмір сүрді. Әрбір этнос өзінің мәдени орталықтарын құрып, ана тілін үйренуге, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттауға мүмкіндік алды.
«АЛЖИР» тақырыбындағы байқаудың бастамашысы болған Грузия мұғалімдер одағының төрағасы Гари Чапидзенің айтуынша, барлық әңгімелерде адамдардың көзқарасы туралы бір маңызды эпизод бар. Әйелдер далаға шыққанда жақын маңдағы ауылдардың балалары алғашында көрінгендей, тас лақтырған. Бірақ оның кептірілген сүзбе – қазақтың құрты екенін әйелдер кейін түсінді. Шаруалар бастарын қатерге тігіп, жазықсыз сотталғандарға көмектесуге тырысты. «Сондықтан алғыс айту – қиын экономикалық жағдайға қарамастан, қонақжайлылық мен шыдамдылық танытып, барлық келген халықтарды қабылдай алған қазақ халқы үшін жасай алатын ең кішкентай нәрсе», – деді Грузияның еңбек сіңірген педагогы.
Әжесі (Нино Мизандари) лагерьден оралмаған Лука Самхарадзенің айтуынша, 30-40 жылдары Қазақстанға күштеп қоныс аударылған адамдардың ұрпақтары үшін «рахмет» сөзінің мәні ерекше. Қонақжай қазақ халқы олардың аман қалуына көмектесті және Қазақстан даласында екінші Отанын тапқан жер аударылған халықтардың көптеген ұрпақтарының жүрегінде осы үшін алғыс сақталған.
Қатысушылар, сонымен қатар қазақ халқына естелікті сақтағаны үшін – «АЛЖИР» мұражай кешенін және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін құрғаны үшін алғыстарын білдіріп, сондай-ақ 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстанның басты жетістігі – ұлтаралық келісім елдің өзгеріссіз басымдығы болып қала беретінін маңызды деп санайтынын атап өтті.
«АЛЖИР» ұрпақтарына естелік сыйлықтар, сонымен бірге Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжановтың атынан алғыс грамоталар табысталды.