Грузияда еліміздің Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылды

Тбилисиде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ресми қабылдау өткізілді.
Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов өзінің құттықтау сөзінде іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктерімен таныстырды.
Елші тәуелсіз жылдар ішінде Қазақстанның өзінің шекарасын құқықтық бекітіп алғанын, шекаралас мемлекеттермен ешқандай аумақтық мәселелері жоқ екенін атап өтті. Табысты жұмыс істеп тұрған бірегей институттар-Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің, жүргізіліп жатқан ішкі саясаттың арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық проблемалардың жоқтығын баса айтты. Сондай-ақ халық санының серпінді өсіп келе жатқаны, ашық нарықтық экономиканың және көпвекторлы сыртқы саясаттың дамуы атап өтілді.
Елші сондай-ақ 2022 жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтетін Қазақстан мен Грузия арасында қалыптасқан өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
Грузия Үкіметі мен грузин халқы атынан мерейтойға байланысты құттықтауды, арнайы құрметті қонақ, Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Владимир Константиниди жеткізді. «Біз Қазақстанның қысқа мерзім ішінде қол жеткізген әсерлі прогресі үшін шын жүректен қуаныштымыз. Грузия Қазақстан Республикасымен қарым – қатынастарды жандандыруға мүдделі, осыған байланысты ынтымақтастығымыздың одан әрі дамуына қуатты серпін беру үшін жоғары деңгейдегі екіжақты сапарларды қайта бастау бойынша жұмысты бастадық», - деп атап өтті грузин дипломаты.
Салтанатты қабылдауға дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, шет мемлекеттердің әскери атташелері, Грузияның депуттатары мен ресми тұлғалары, іскерлік, академиялық, ғылыми орта мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ Грузияда жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың қызметкерлері қатысты.
Мерекелік іс-шараға қазақ тағамдары ұлттық нақыш берді. Қонақтарға Абай Құнанбайұлының грузин тіліндегі өлеңдер жинағын қамтитын ақпараттық-имидждік материалдар табыс етілді. «Халықаралық қоғамдастық таныған Қазақстан» атты фотокөрме ашылды.
Қазақстан әнұранының «Шавнабада» грузин хорымен орындалуы ерекше ықыласпен қабылданды.
Қазақстандық «Эйр Астана» әуекомпаниясы Тбилиси-Алматы-Тбилиси және Тбилиси-Нұр-Сұлтан-Тбилиси бағыттары бойынша әуе билеттерін ойнатты. Жүлденің бақытты иегерлері өздері үшін жаңа Қазақстанды ашуға мүмкіндік туғанына алғыстарын білдірді.
Салтанатты іс-шаралар достық және жылы жағдайда өтті.