Ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығына орай

Биыл ЮНЕСКО қамқорлығымен ортағасырлық шығыс философы Әбу Насыр ибн-Мұхаммед әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтілуде. Қазақстан үшін бұл іс-шараның орны ерекше, өйткені Шығыс пен Батыстың философиялық мектептерінің дамуына едәуір ықпалын тигізген, Аристотель мен Платонның ізбасары, әл-Фараби Қазіргі Қазақстан аумағында дүниеге келген.
Философтың туған жерінде мерейтой мемлекеттік масштабта атап өтілуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда көптеген адамдардың әл-Фараби мұрасына қызығушылық танытуының қоғамдық сананы жаңғырту контексінде және жастардың құндылық бағдарларын қалыптастыруда ерекше маңызды екенін атап өтті.
Биыл философқа арналған 500-ге жуық түрлі іс-шара, соның ішінде көптеген симпозиумдар, халықаралық конференциялар және т.б. өткізу жоспарланған. Коронавирус пен карантинге байланысты бұл кездесулер онлайн режимінде өткізілетін болады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Әл-Фараби туралы көптеген кітаптар, фильмдер жарық көрді.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде (Қазақстанның қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында) орналасқан кейін Отырар аталған Фараб қаласында дүниеге келген. Ол түркілердің дәрежесі биік тегінен шыққан. Бұған оның Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки деген толық атындағы «тархан» сөзі дәлел.
Әбу Насыр ғылыми білімнің негізін 20 жасқа дейін өмір сүрген Отырарда алған және кейбір ғалымдардың пікірінше, сол кездегі ең бай, сондай-ақ кітаптар мен қолжазбалар саны бойынша әйгілі Александрия кітап қоймасынан кейінгі әлемдегі екінші орын алатын Отырар кітапханасында философиялық және ғылыми шығармалармен танысқан.
Ол өмірінің ұзақ жылдарын Бағдадта, көрнекті ғалымдар мен ойшылдардың ортасында өткізді. Бұл тұрғыда, әл-Фараби Аристотель, Платон және басқа да ежелгі грек философтарының шығармаларының түпнұсқаларымен ерте жасында танысуға мүмкіндік алып, Шығыс перипатетизмінің негізін қалаушылардың бірі болды. Осыған байланысты оны Аристотельден кейінгі «екінші мұғалім» деп атап кеткен.
Әл-Фараби мен Аристотельдің ортақ тұстары көп. Мәселен ғылыми мүдделерінің кеңдігі мен әр алуандығы, болмыс пен ондағы адамның орнын философиялық тұрғыдан түсінуге деген ұмтылыстары, «жалпы қабылданған пікірге», халықтың тұрмыстық даналығына жақындығы. Әл-Фараби алғаш болып грек ізашары жасаған логика ғылымының дамуына өз үлесін қосты.
Әл-Фараби мұрасы
Әбу Насыр Әл-Фарабидің мүдделері тізімінде астрономия, логика, музыка теориясы, математика, әлеуметтану, этика, медицина, психология, философия және құқықтану болды. Әл-Фараби Бұхара, Мерва, Хорран, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдад қалаларында болған. Бұл ойшылдың көп қырлы дамуына және оның 70-ке жуық тіл мен диалектіні меңгеруіне ықпал етті (түркі, араб, грек, парсы тілдерін жетік меңгерді. Бұған оның Шығыстың әртүрлі диалектілерінде қалдырған шығармалары дәлел бола алады).
Ол білімнің әртүрлі салаларын қамтитын 200-ге жуық трактатты қамтитын бай ғылыми мұра қалдырды. Әл-Фараби Аристотельдің «Категория», «Герменевтика», «Софистика», «Риторика», «Логика» және «Поэтика», сондай-ақ Порфирияның «Философияға кіріспе» сияқты басқа да ойшылдардың еңбектеріне түсініктеме жазды.
Әл-Фараби еңбектерінің ішінде әйгілілері «Даналықтың қазыналары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Философиялық трактаттар» және оны ортағасырлық Еуропаға танытқан «Музыка туралы үлкен кітап» трактаттары болып табылады.
«Ғылымдарды жіктеу туралы» трактатында әл-Фараби өз заманының ғылымдарына жете тоқталды және әрқайсысының зерттеу тақырыбын анықтады. «Алмагестке» қосымшалар кітабының» тригонометриялық тарауларында ол тригонометриялық сызықтар туралы негізгі түсініктерді және тригонометриялық кестелерді құру принциптерін атап көрсетті.
«Евклидтің бірінші және бесінші кітап кіріспесіндегі түсініксіз тұстарды түсіндіру» трактатында Әл-Фараби геометрияның негізгі ұғымдарын қарастырды және Аристотель философиясы тұрғысынан Евклидтің осы ұғымдарды ұсыну тәртібін сынға алды.
Әл-Фарабидің қолжазбалары әлемнің көптеген кітапханаларында орын тапқан. Сонымен бірге, әл-Фараби мұрасын зерттеумен айналысатын ғалымдар тобы да өте көп.
Әл-Фараби есімі әлемдік ғылым мен мәдениет тарихына берік енді. Оның еңбектері Еуропалық Қайта өркендеу дәуіріне үлкен үлес қосып, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларын байланыстырушы көпірге айналды.
Ортағасырлық Еуропада Әл-Фарабидің еңбектерін латын және иврит тілдеріне аудару ерте заманнан басталған (XII-XIII ғғ.), ал 1930-1932 жылдары Парижде француз ғалымы Эрланже аударған «Музыка туралы үлкен кітаптың» бірінші бөлігінің француз тіліне аудармасы жарық көрді.
Әл-Фараби философиясы
Әл-Фараби шын мәнінде әлемдік деңгейдегі адам болған. Ол өз жұмысында араб, парсы, грек, үнді және өзінің түркі мәдениетінің ең құнды жетістіктерін көрсеткен. Түркі мәдениетінің көрінісі оның атақты «Китаб аль-музык аль-кабир» ("Музыканың үлкен кітабы»). Ол әр түрлі мәдениеттерді жақындастырған гуманитарий-ғалым ғана емес, өз заманының білімін жүйелеуге ұмтылған ғылым реформаторының данышпаны болды. Бұл оның «Ғылымдарды жіктеу туралы сөз» трактатында көрініс тапты.
«Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатта» автор қоғамды мемлекетпен теңдестіреді және адам қызметінің мақсаты бақыт деп санайды. Әл-Фарабидің пікірінше, бақытқа саналы білімнің көмегімен қол жеткізуге болады. Әл-Фарабидің мәлімдеуінше «қала» ізгілікті болу үшін онда ғылым мен өнер жоғары бағалануы тиіс, және де ойшыл адамдар өз абыройы мен қадір-қасиетін ғана сақтап қоймай, өз үлгісі мен ықпалының нәтижесінде тұрғындардың, атап айтқанда билеушілердің де, қарапайым адамдардың да жетістікке талпынуын жалпы нормаға айналдыруы қажет. Әл-Фараби ізгілікті қаланы надан және адасқан қалаға, шын мәнінде ізгілікті адамды төмен құндылықтармен өмір сүретін және өтірік, жала және өркөкірек өмір сүретін адамға қарсы қояды.
Ежелгі грек гуманистік ойының ең жақсы үлгілеріне сүйене отырып, әл-Фараби оның бірқатар ережелерін, әсіресе Платонның әлеуметтік-саяси ілімдерін сыни тұрғыдан қарастырды. Ежелгі грек философтарынан айырмашылығы, ол «адам» ұғымын этникалық шеңбермен шектемеді. Әл-Фараби адамдарды білімге тарту мүмкіндігі ұлттық, нәсілдік, әлеуметтік, діни көзқарасқа байланысты емес деп тұжырымдады.
Әл-Фараби педагогиканың реформаторы ретінде халыққа білім беруге, ағартушылықты адам бойындағы адамгершіліктің дамуымен байланыстыруға ұмтылды. Оның философиялық көзқарастарының ерекшелігі мен батылдығы қоғамдық пікірмен белгілі бір қайшылықтарға әкелді. Ол өзінің ойлауында ерекше тәуелсіздік көрсетті және өзінің сенімдерін дәйекті түрде қорғады. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаск қалаларында өткізді, сарайдан алыс өмір сүруді жөн көрді. 950 жылы Дамаскіде 80 жасында қайтыс болды және кіші Қақпаның артында жерленді.
Қазақстанда әл-Фараби есімі
Тәуелсіз Қазақстанда әл-Фараби есіміне ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде әл-Фараби есімімен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық университеті аталып отыр. Сондай-ақ Қазақстанның түрлі қалаларындағы көшелер, соның ішінде Алматы қаласының басты даңғылдарының бірі әл-Фараби есімімен аталған.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы «Әл-Фараби мұрасы» атты кітап көрмесінде әл-Фарабидің өмірі мен қызметі туралы баяндайтын 400-ден астам кітап, фотосуреттер, карталар, дәйексөздер ұсынылған.
2010 жылы қазақстандық ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасы бойынша ЮНЕСКО қамқорлығымен жиырма елдің ғалымдарының қатысуымен «Әл-Фараби және Еуропалық Ренессанс» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
2014 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайын студенттер мен жас ғалымдарға арналған Халықаралық «Фараби оқулары», сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына арналған «Фараби олимпиадасы» өткізіледі. Университетте «Әл-Фараби университеті Smart city» ғылыми-инновациялық жобасы енгізілуде. Университетте әл-Фараби еңбектерімен байланысты тақырыптар бойынша түрлі елдердің фарабитанушылары магистрлік және докторлық диссертацияларын қорғайды.
Қазақстанның Грузиядағы Елшілігі