Бас консул Франция аймақтарын Қазақстанның инвестициялық жобаларына белсенді қатысуға шақырды

Бас консул Франция аймақтарын Қазақстанның инвестициялық жобаларына белсенді қатысуға шақырды

Шалон-ан-Шампань, 2024 жылдағы 1 шілде – Қазақстан Республикасының Страсбургтағы Бас консулы А.Бақытбекқызы Марна департаменті кеңесінің Президенті Жан-Марк Розбен кездесу өткізіп, әртүрлі бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығын білдірді.

Француз аймағының басшысы, экономикасы ауыл шаруашылығына, жерді игеруге, өнеркәсіпке негізделген, елімізде инвестициялық және экономикалық салаларда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен реформалар туралы хабардар етілді. Отандық экономиканың көрсеткіштеріне кеңінен тоқтала отырып, Бас консул Қазақстанның сауда жасауға және бәсекеге қабілетті жобаларға қатысуға дайын Үлкен Шығыс серіктестеріне қызығушылық танытатынын атап өтті. Осы контексте жергілікті іскер топтардың қатысуымен бірлескен бизнес-семинар ұйымдастыру ұсынылды, бұл Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Мәдени-гуманитарлық бағытты дамытуда Жан-Марк Роз бірлескен концерттер, гастрольдер, көрмелер, кино көрсетілімдерін өткізу, Қазақстан мен Франция аймақтары арасындағы қарым-қатынасты орнатуға ықпал ететін бауырлас қалаларды құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Марна департаментінің аумағында беделді француз жоғары оқу орындарының филиалдарының орналасуын ескере отырып, ҚР Бас консулы қазақстандық оқытушылар мен студенттер үшін мүмкін болатын тағылымдамаларды ұйымдастыру бастамасын көтерді.

Өз тарапынан Жан-Марк Роз аймаққа жасаған сапар үшін алғысын білдіріп, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін танытып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әңгіме соңында қазақстандық дипломат биыл Қазақстандағы маңызды оқиғалар, оның ішінде беделді халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның төрағалық етуі, көрнекті тұлғалардың мерейтойлық даталары, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуі туралы хабардар етіп, жергілікті жоғары оқу орындарының студенттеріне дәріс оқуға дайын екенін хабарлады.

 

Марна департаментінің экономикасы жүзім, дәнді және астық дақылдарын өсіру, машина жасау, тоқыма және шыны өнімдерін өндіруге негізделген. Аймақта танымал француз оқу орындарының филиалдары, сондай-ақ биорафинирлеу өнімдері мен процестерін әзірлеу және жетілдіру саласындағы инновациялық платформалар ұсынылған.

Марна департаментіндегі көптеген тарихи орындар мен ескерткіштер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра объектілері болып табылады.

Францияның Үлкен Шығысында орналасқан департаменттің әкімшілік орталығы – Шалон-ан-Шампань қаласы, ол әлемдегі ең танымал брендтердің бірі – шампанмен танымал.