Француздық Кольмармен ынтымақтастықты кеңейту

Француздық Кольмармен ынтымақтастықты кеңейту

Кольмар, 2024 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасының Страсбургтағы Бас консулы Анель Бақытбекқызы Кольмар қаласына жұмыс сапарымен барып, қала әкімшілігімен және аймақтың мәдени өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Кольмар мэрі Эрик Штрауманмен кездесу барысында жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл перспективалары, соның ішінде Кольмар мен қазақстандық қалалар арасында бауырлас байланыстар орнату мүмкіндіктері талқыланды.

А. Бақытбекқызы қала басшысына Қазақстанның заманауи дамуы, Президент Қ. Тоқаевтың реформалар бағдарламасы туралы айтып берді, сондай-ақ мемлекет экономикасын одан әрі жаңғырту және әртараптандыру бойынша Үкіметтің басымдықтарымен таныстырды.

Инвестициялық ынтымақтастықты орнату мақсатында Бас консул негізгі бағыттар бойынша мүмкіндіктерді белгілей отырып, өңірдің бизнес-қауымдастығын ҚР инвестициялық әлеуетті тиімдірек пайдалануға шақырды. Осы тұрғыда мэр Э. Штрауманнға қалалық актив алаңында жергілікті сауда-өнеркәсіп палаталары мен іскер топтардың қатысуымен бірлескен бизнес-семинар өткізу ұсынылды.

Сонымен қатар, Кольмардың айтарлықтай әлеуетін ескере отырып, тараптар туризм индустриясы, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық салалардағы әріптестік перспективалары туралы пікір алмасты. 2023 жылдың қараша айында Кольмардағы халықаралық туристік көрмеге алдағы көрмелерде облыс әкімдігінен қазақстандық стенд орнату мүмкіндігін зерделеу мақсатында Маңғыстау облысының туроператорлары қатысты.

Э.Штрауман, сондай-ақ, Кольмар қаласының әкімдігі ҚР Бас консулдығымен ынтымақтастыққа дайын екенін және бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу бойынша бастамаларды қолдауға мүдделігін атап өтті.

Кездесу соңында, 2024 жылы Қ.Сәтбаевтың 125-жылдығы, С. Нұрмағамбетов пен Р. Қошқарбаевтың 100-жылдығы сияқты ҚР тарихи тұлғаларының мерейтойлық және атаулы күндеріне әңгімелесушінің назарын аудара отырып, ҚР Бас консулдық тарапынан Кольмар университеттерінің студенттеріне дәріс өткізуге дайындық білдірілді.

Тарихты, өнерді және мұражай ісін ғылыми зерттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беру мақсатында А. Бақытбекқызы «Хартмансвиллеркопф» Ұлттық ескерткіштер комитетінің басшысы Жан Клинкертпен кездесті.

Әңгіме барысында ҚР Бас консулы Ж. Клинкертке 2023 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру шеңберінде ҚР Ұлттық музейінің әріптестерімен бейнеконференция форматында консультациялар ұйымдастыруды ұсынды. Онлайн кездесу екі мұражайдың тарихи қорын зерттеу саласындағы серіктестіктің кеңеюіне ықпал ететіні атап өтілді.

Өз тарапынан Ж.Клинкерт қазақстандық әріптестерімен ғылыми ақпаратпен, құжаттамамен және жарияланымдармен алмасуға дайын екендігін білдірді.

Өткізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Колмар мэрі Э. Штрауман мен Француз музейінің басшысы Ж. Клинкерт ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астанада әлемнің 75 мемлекетінің өкілдерінің қатысуы расталған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көрермен болуға шақырылды.

Еуропалық метрополиялардың (Германия мен Швейцария) стратегиялық қиылысында орналасқан Кольмар – Эльзастағы үшінші ірі француз муниципалитеті. Кольмар экономикасы Liebherr, Ricoh және Timken сияқты өнеркәсіптік алыптардың орналасуымен сипатталады. Қалада биологиялық компаниялардың дамыған кластері және жүзім өсіруге мамандандырылған ауылшаруашылық зерттеулер институты орналасқан. Кольмарда көптеген мұражайлар орналасқаны және осы қала Нью-Йорктегі Бостандық мүсінін жасаушысы Огюст Бартолдидің туған жері екені мәлім.

«Хартмансвиллеркопф» Ұлттық ескерткіштер комитеті – Франциядағы француз-неміс тарихи ескерткіштеріне қызмет көрсететін Дүниежүзілік І соғыс тарихын сақтау және насихаттау нысаны болып табылады.