Софияда Қазақстанның Республика күніне орай концерт пен салтанатты қабылдау өтті
София, 2026 жылғы 23 қазан – Республика күні қарсаңында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 35-жылдығы аясында Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі Софияның Орталық әскери клубында мерекелік концерт пен салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Қонақтар алдында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Forte Trio» Мемлекеттік триосы өнер көрсетті.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев өзінің құттықтау сөзінде еліміздің тәуелсіздік тарихындағы басты табыстарын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен 2026 жылы жаңа Конституцияның қабылдануының маңызын атап көрсетті. Дипломат сондай-ақ Қазақстанның бейбітсүйгіш және көпвекторлы сыртқы саяси бағытына назар аударып, дәстүрлі достыққа негізделген Қазақстан мен Болгария қатынастарын бұдан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Болгария Сыртқы істер министрінің орынбасары Христо Полендаков қазақ тарапын Республика күнімен құттықтап, достық пен өзара құрметке негізделген екіжақты қатынастардың дәйекті түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде мәдени-гуманитарлық саладағы әрекеттестікті одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке және өркендеу тіледі.
Іс-шараға Болгария Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, қазақ диаспорасы мен БАҚ өкілдері, Халық жиналысының (парламенттің) депутаттары және дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.
Көрермендер жоғары шеберлік танытқан қазақстандық музыканттардың өнерін жылы қабылдады. Салтанатты қабылдау аясында қатысушыларға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Аталған кеш екі ел арасындағы мәдени диалог пен достықты нығайтудың жарқын үлгісіне айналып, Болгария жұртшылығының Қазақстанның тарихына, мәдениетіне және қазіргі жетістіктеріне артып келе жатқан қызығушылығын растады.
«Forte Trio» мемлекеттік триосын 2013 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Т. Урманчеев құрған. Шығармашылық қызметі жылдарында ұжым Берлин филармониясын, П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын, Париждегі Корто залын және Лиондағы Мольер залын қоса алғанда, беделді халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, шетелде Қазақстанның музыка өнерін таныстырды.