Шығыс Қытай педагогикалық университеті Қазақстанмен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға дайын екендігін білдірді
Шанхай, 2022 жылғы 3 қараша – Шығыс Қытай педагогикалық университеті (ШҚПУ) басшылығының шақыруымен Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов және Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қызметкерлері аталған оқу орнына барып, ШҚПУ проректоры Гу Хунлянмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар білім және ғылым салаларындағы Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, аталған кездесу барысында ШҚПУ-да Қазақстанды зерттеу орталығының ресми ашылу рәсімі өтті, онда Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов пен ШҚПУ проректоры Гу Хунлян құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлерін көрсететін түрлі кітаптар, журналдар, музыкалық жинақтар мен фотоальбомдарды ШҚПУ-дың Қазақстанды зерттеу орталығының кітап қорына табыстады.
ШҚПУ 1951 жылы құрылған және Қытайдағы ең ірі мемлекеттік оқу орындарының бірі болып табылады. Бұл университеттің құрамына әртүрлі департаменттер, мектептер, колледждер, ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар мен зертханалар кіреді. Сонымен қатар, ШҚПУ-да бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары аясында түрлі гуманитарлық және техникалық мамандықтар оқытылады.
ШҚПУ Қазақстанды зерттеу орталығы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын зерттеу мәселелерімен айналысатын Қытайдың маңызды «ақыл-ой орталықтарының» бірі болып табылады.