
1992 жылғы 3 қаңтарда дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1992 ж. желтоқсаннан бастап Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі жұмыс істейді.
Қытай аумағында Сянган (Гонконг) Арнайы әкімшілік ауданында және Шанхай қаласында бас консулдықтар, сондай-ақ Үрімші қаласында Паспорттық-визалық қызмет жұмыс істейді.
2005 жылғы 31 мамырда Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулдығы ашылды, оның консулдық округіне Шанхай қаласы, Цзянсу, Чжэцзян, Аньхуэй, Цзянси және Фуцзянь провинциялары кіреді.
1992 ж. ақпаннан бастап Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі жұмыс істейді. Бұдан басқа, Қазақстан аумағында Қытайдың Алматы қаласындағы Бас консулдығы жұмыс істейді.
2022 жылғы сәуірден бастап ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі – Ш.Нұрышев.
2025 жылғы қантардан бастап ҚХР-дың ҚР-дағы Елшісі – Хань Чуньлинь.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жоғарғы және биік деңгейдегі байланыстардың жоғары динамикасымен сипатталады.
Қазақстан мен Қытай арасында екіжақты өзара іс-қимылдың көптеген бағыттарын қамтитын шарттық-құқықтық база құрылған.
Қазіргі уақытта екі ел арасында сауда, энергетика, көлік және логистика, инвестициялар, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында өзара тиімді ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. ҚР мен ҚХР арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл шеңберінде түрлі кітаптарды бірлесіп басып шығару, деректі және көркем фильмдерді шығару және көрсету, сондай-ақ мәдени және білім беру іс-шараларын өткізу сияқты бағыттар дамуда.
Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын үйлестіру мақсатында құрамына бейінді кіші комитеттер мен бірлескен комиссиялар кіретін ҚР-ҚХР Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің отырыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Бұдан басқа, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін маңызды диалог алаңдары болып табылатын Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі мен ҚР-ҚХР Өңіраралық ынтымақтастық форумының отырыстары үнемі өткізіліп тұрады.