Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup» үздік жобалар шығармашылық байқауының ЕРЕЖЕСІ
I. Байқаудың негізгі мақсаты
«OQ Startup» үздік жобалар байқауы ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған байқау.
Негізгі мақсаты шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтардың төл жобаларын Қазақстанда таныту, өзара байланыс орнатуына ықпал ету және шығармашылығына қолдау көрсету.
II. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
— Байқауға 15-30 жас аралығындағы шетел азаматы болып табылатын ұлты қазақ отандастар қатыса алады;
— Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар қабылданады;
— Қатысушы өз жобасын таныстыру үшін төмендегі материалдарды ұсынуы қажет:
1. Жобаның таныстырылымы:
— ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOV форматындағы бейнеролик немесе көлемі 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы презентация.
Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.
2. Жоба туралы қысқаша анықтама (PDF форматында).
Анықтамада міндетті түрде келесі ақпараттар қамтылуы қажет:
— жобаның атауы;
— жобаның өзектілігі және шешуге бағытталған мәселесі;
— жобаның мақсаты;
— жобаның негізгі міндеттері;
— мақсатты аудиториясы (жоба кімдерге арналғаны);
— жобаны іске асыру тетігі және негізгі іс-шаралары;
— жобаны іске асыру мерзімі;
— күтілетін нәтижелері;
— жобаны іске асыру үшін қажетті ресурстар.
Егер жобаны іске асыру үшін қаржыландыру қажет болса, қатысушы PDF құжатында сұралатын қаражат көлемін және оның нақты сметасын көрсетуі тиіс. Сметада әрбір шығын бабының атауы, саны, бірлік құны және жалпы құны көрсетілуі қажет.
Ұсынылатын бейнеролик немесе презентация жобаны қысқа әрі нақты таныстыруға, ал PDF форматындағы анықтама жобаның мазмұнын толық түсіндіруге мүмкіндік беруі тиіс.
Байқауға іске асырылуы басталған, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ іске асырылуы жоспарланған жобалар қатыса алады.
Жоба бұрыннан іске асырылып жатқан жағдайда, қатысушы оның қазіргі нәтижелері, қол жеткізген көрсеткіштері және жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат ұсынуы қажет.
Ал іске асырылуы жоспарланған жоба бойынша оның мақсаты, міндеттері, іске асыру кезеңдері, мерзімі және күтілетін нәтижелері нақты көрсетілуі тиіс.
4. Жұмыстар Oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;
5. Қатысушы жұмысын өзі туралы ақпаратпен қоса (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын университеті мен курсы, жасы) 30 қазан 2026 ж. дейін жіберуі керек;
6. Қатысушы жұмысын жібере отырып Отандастар қорының әлеуметтік желілерінде (Facebook, Instagram, Telegram) және ресми сайтында жұмысының жариялануына келісім береді.
7. Байқауға жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде қабылданады.
III. Байқау мерзімі
Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 30 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін қабылданады. Қазылар алқасы байқау аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде жеңімпаздарды анықтайды.
IV. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер төмендегідей марапатталады.
— 1 орын – Ноутбук, диплом
— 2 орын – Планшет, диплом
— 3 орын – Смарт-сағат, диплом
— Ынталандыру сыйлығы: Үстел ойыны (Бестемше), марапаттау
Лонг-Бич, 2026 жылғы 15 мамыр – АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич портында USA–Eurasia Transportation форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасының, Әзербайжанның және Грузияның Калифорниядағы Бас консулдықтары Лонг-Бич порты әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Форум АҚШ пен Еуразия елдерінен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін, порт әкімшіліктерін, бизнес-қауымдастықты және көлік-логистика саласының сарапшыларын бір арнаға жинады. Басты мақсат — сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және көлік инфрақұрылымы мен жүк тасымалы саласында өзара қарым-қатынастың жаңа механизмдерін қалыптастыру.
Форумды Лонг-Бич портының бас директоры доктор Хасихагаба ашты. Ол бұл бастамаға қолдау білдіріп, Лонг-Бич портының еуразиялық серіктестермен жаңа әріптестіктер орнатуға дайындығын атап өтті. Лонг-Бич қаласының мэрі атынан мэрияның хаттама жөніндегі директоры Берил Унвер сөз сөйлеп, қаланың халықаралық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Форум жұмысына үш елдің делегациялары, сондай-ақ Калифорнияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері белсенді қатысты.
Қазақстан делегациясының құрамында Қазақстан Республикасының Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева, ҚР Көлік министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Жанна Жолдасова, «Құрық порты» ЖШС бас директоры Еркін Нығметов, сондай-ақ Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холман болды.
Әзербайжан делегациясын Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің климаттық және экологиялық дипломатия департаментінің директоры Эльчин Аллахвердиев пен Әзербайжан темір жолдарының халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Шахмар Гаджиев бастап келді.
Грузия атынан Грузияның Экономика және тұрақты даму министрінің орынбасары Тамар Иоселиани және «Грузия темір жолы» АҚ-ның бас директоры Лаша Абашидзе қатысты.
Панельдік пікірталастар барысында қазақстандық делегация елдің негізгі инфрақұрылымдық жобалары мен көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанның көлік жүйесін жаңғырту стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар, Транскаспийлік халықаралық көлік дәлізін дамыту, Каспий теңізіндегі маңызды Ақтау және Құрық порттарының қуатын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаһандық жеткізу тізбектеріне ықпалдастыру мәселелері талқыланды.
Форум қатысушылары порт инфрақұрылымы, логистиканы цифрландыру және мультимодальды көлік дәліздерін дамыту салаларында американдық пен еуразиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара қызығушылық танытты.
Форум американдық бизнес-қауымдастықтың Қазақстанның және жалпы еуразиялық өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне деген жоғары қызығушылығын, сондай-ақ тараптардың практикалық ынтымақтастықты дамытуға дайындығын айқын көрсетті.
Солт-Лейк-Сити, 2026 жылғы 28 сәуір – Қазақстан іскерлік (бизнес) делегациясы 27-29 сәуірде Солт-Лейк-Сити қаласында жұмыс сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді. Бұл сапардың мақсаты Қазақстан мен Юта әріптестігін әрі дамытуға бағытталған.
27 сәуірде Солт-Лейк-Ситидегі Капитолийде Лейтенант-губернатор Дейдра Хендерсонмен инвестиция, қалалық даму, критикалық минералдар, озық материалдар, жоғары білім және әйелдер кәсіпкерлігі бойынша ынтымақтастық талқыланды. Сонымен қатар, Лейтенант-губернаторға Қазақстан Республикасына сапармен келу туралы ресми шақыру табысталды.
Делегацияны Алматы қаласын дамыту орталығының директоры Руслан Берденов және «Almaty Invest» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Бекенов бастап барды. Олар Қазақстанның ең ірі қаласы саналатын Алматының инвестициялық, индустриялық және қалалық инфрақұрылымды дамыту әлеуетін таныстырды. Ел ЖІӨ-сінің шамамен 23 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Кездесулерде Smart City инфрақұрылымы, жоғары технологиялық өндіріс, туризм және тау-шаңғы кластерін дамыту бағыттары ерекше назарға алынды.
Қазақстандық бизнес қауымдастығын Aqniet Group, Das-Sauda, Meisster Group, Nero Group және Center Elite NS компаниялары таныстырды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін Astana International University президенті Серік Ирсалиев таныстырды. Тараптар Юта университеті және Оңтүстік Юта университетімен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сапар бағдарламасы аясында 47G, World Trade Center Utah, Bennett Group, Edison House, Neumont College of Computer Science, Provo Mining Association, Юта университеті және Space Dynamics Lab ұйымдарымен іскерлік кездесулер өтті. Бірқатар келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық және америкалық компаниялар электроника, озық материалдар, FMCG және өнеркәсіптік даму салаларында алдын ала келісімдер жобаларын әзірлеуге уағдаласты.
Сан-Франциско, 2026 жылғы 20 наурыз – Биыл алғаш рет Сан-Франциско қалалық әкімдігінде (City Hall) қазақ қауымдастығының қатысуымен Наурыз мерекесі атап өтілді. Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен және Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының ұйымдастыруымен бұл мереке иран, әзірбайжан, түрік және өзбек қауымдастықтарының өкілдерін біріктіріп, кең көлемде тойланды.
Іс-шара барысында Сан-Франциско қаласының мэрі Дэниел Люри құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың көктемгі жаңару мерекесі ретінде, бейбітшілік пен келісімнің, өзара түсіністіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, осындай мәдени көпірлерді қалыптастырып отырған қауымдастықтарға алғысын білдірді. Атап айтқанда, Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының президенті Жұлдыз Тримоваға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.
Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы Назира Нұрбаева өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы және ұлттың рухани дәстүрлерін сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті қазақ қауымдастығының дамуына және көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар тұлғаларды құрмет грамоталарымен марапаттады.
Сан-Франциско қалалық әкімдігінің тарихында алғаш рет оның қабырғалары ішіне қазақ халқының көшпелі өркениетінің нышаны — дәстүрлі киіз үй орнатылды. Киіз үй жергілікті тұрғындар мен америкалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама аясында қатысушы елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылды. Қазақстан атынан Анель Мурзагулова қазақ биін, Жәнібек Рысбек «Көроғлы» және «Сарыарқа» күйлерін, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов әсерлі вокалдық өнерін паш етті.
Іс-шараға американдық ресми, іскерлік және қоғамдық топтардың, шетелдік дипломатиялық корпустың, түркі тілдес диаспоралардың 500-ге жуық өкілі қатысты.
Сан-Франциско, 2026 жылғы 19 ақпан – Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында ұлттық өнердің қадірін ұғындырып, дәстүрлі аспаптар үні арқылы рухани байлық сыйлаған ерекше мәдени кеш өтті.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға қала әкімдігі өкілдері, мәдени қауымдастық мүшелері, дипломатиялық корпус және қазақ диаспорасының белсенді өкілдері қатысты. Кештің басында Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева және Сан-Франциско қаласының Халықаралық істер жөніндегі директоры Марк Чандлер құттықтау сөз сөйледі.
Бұл мәдени кештің басты мақсаты — Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық пен өзара байланысты нығайту, сондай-ақ қазақ халқының бай рухани дәстүрін кеңінен таныстыру.
Дүйім жұрттың ықыласына бөленген кештің басты кейіпкерлері — әйгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі. Түркі әлемінің қайталанбас музыкалық бренді болып табылатын ансамбль американдық көрермендерге еліміздің мәдениетін, бай тарихын және халқымыздың рухын терең сезіндіре білді. Кеште қазақтың көне аспаптарының әуені арқылы ұлттық болмысымыз айқын көрініс тапты.
Ансамбльдің АҚШ-қа сапары Аризона штатындағы Қазақстанның Құрметті консулы Хью Холманның қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл ұмытылмас музыка мен эмоцияға толы кеш барлық қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Концерттік сапар Аризона штатында жалғасын тапты.
Сан-Франциско, 2026 жылғы 10 ақпан«Отандастар қоры» КЕАҚ шетелде тұратын барша отандастарымызды және этникалық қазақтарды онлайн форматтағы тегін домбыра үйірмесіне қатысуға шақырады. Үйірме ерекшеліктері:
Маңызды талап: Әрбір қатысушының жеке домбыра аспабы болуы міндетті.
Оқу процесі: Тіркелген қатысушылар деңгейлеріне қарай топтарға бөлініп, сабақтар 2026 жылғы наурыз айынан басталады. Нақты сабақ кестесі қатысушыларға қосымша хабарланады. Орын саны шектеулі. Қатысу үшін төмендегі сілтеме арқылы өтіп, сауалнаманы толтыру қажет:
https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSewMRUIaSygSQMrVvL0KDMYAvsllwkkb6DVO51fc3HVf-Q9yg/viewform
Толық ақпарат алу үшін: WhatsApp: +7 700 671 90 33 (Марал), +7 705 664 72 11 (Жандос)
Сан-Франциско, 2026 жылғы 4 ақпан Қазақстан Республикасының Сан Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен алюминий дөңгелек дискілерін өндіру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Жоба қазақстандық Astana Motors компаниясының, сондай-ақ халықаралық серіктестер – Кремний алқабында орналасқан «Open Element» компаниясы және кореялық Hands Corporation қатысуымен заманауи жоғары технологиялық зауыт салуды көздейді.
Ол автомобиль өнеркәсібінде локализацияны тереңдетуді, импортқа тәуелділікті азайтуды, сабақтас салаларды дамытуды және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етеді. Жаңа кәсіпорын Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілерін өндіру бойынша толық технологиялық циклмен, оның ішінде озық инженерлік және өндірістік шешімдерді трансферлеуді қамтитын алғашқы заманауи өндіріс болады. Шетелдік серіктестер Қазақстанның жобаны жүзеге асыру алаңы ретінде таңдалуы елдегі автомобиль өндірісінің тұрақты өсуімен байланысты екенін атап өтті.
Меморандумға қол қою рәсіміне Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, Astana Motors бас директоры Бекнур Несіпбаев, Open Element негізін қалаушы және бас директоры Мустафа Аккари, Hands Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Сын Хен Чан, сондай-ақ Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Макашева қатысты.
Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның тек ішкі нарық үшін ғана емес, сонымен қатар өңірлік нарықтар үшін де ірі автокомпоненттер өндірушісі және жеткізушісі рөліне көшу жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі болып саналады.
Сан-Франциско, 2025 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығында Солтүстік Америкадағы қазақстандық PhD қауымдастығының (Kazakh Association of PhDs in North America) мүшелерімен кездесу өтті. Шараға арнайы қонақ ретінде Дина Бүркітбаева — Freedom Biosciences компаниясының негізін қалаушы, Дарья Михайленко — Google компаниясының Chipset Power бойынша жетекші маманы, сондай-ақ Асель Сеитова — Sisters’ Fund қорының негізін қалаушы қатысты.
Кездесудің негізгі бөлігі Дина Бүркітбаевамен өткен арнайы сұхбат болды. Ол жас ғалымдармен Harvard Business School-дағы білім жолынан бастап биотехнологиялық компания құруға дейінгі кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Сұхбаттан кейін KAPNA мүшелерімен мазмұнды сұрақ-жауап сессиясы өтті.
Қазақстандық мамандардың жаһандық ғылымға, технологияға және әлеуметтік бастамаларға қосып жатқан үлесін көру — үлкен шабыт.
Сан-Франциско, 2025 жылғы 19 қарашаСан-Франциско шығанағында Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен және Кремний алқабының Қазақ-Америкалық Қауымдастығы шеңберінде жұмыс істейтін “Сөйле” қазақша клубы ашылды.
Шалғайда жүрген әрбір қазақ өзінің мәдениетін, тілі мен ділін ұмытқысы келмейді. Отанынан алыста жүрсе де, елге бір қадам жақындата түсетін құрал ретінде, қазақ тілін сақтап қалу мақсатында құрылған Қазақ тілі клубы өз қатысушыларын тауып жатыр. Қазақ тілін үйренуге онлайн құралдар көп болғанымен, отандастармен кездесіп, ашық-жарқын сөйлескенге не жетсін.
Клуб отырыстары әр сенбі сайын Пало-Альто қаласында өтеді. Қатысушылар қатарында отандастарымызбен бірге америкалық азаматтар да бар. Олар тіл меңгеру деңгейіне қарай екі топқа бөлінген. Сабақтарды тәжірибелі әрі білікті мұғалімдер жүргізеді. Олар қатысушыларға қазақ тілін үйретіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді де таныстырады. Келушілер қазақтың төл дыбыстарымен танысып, “базарда” саудаласып, жаңылтпаштар айтып көңілді уақыт өткізеді.
Сан-Франциско, 2025 жылғы 29 қазан – TechCrunch Disrupt халықаралық конференциясы аясында Қазақстаннан келген 80ге жуық стартап негізін қалаушылар Кремний алқабында бас қосты. Cан Франциско қаласында өтіп жатқан бұл шараға 40 елден 10 мыңнан астам қатысушылар технологиялардың болашағына жаңа бағыт беру үшін жиналған.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы осы орайда отандық стартап қалаушыларына қолдау ретінде Kazakhstan Startup Night атты кеш ұйымдастырды. Оның басты мақсаты - тәжірибелі инвесторлар мен табысты стартапшылардың білімін, тәжірибесін жас кәсіпкерлермен бөлісіп, оларға шабыт пен бағыт беру.
Сондай-ақ, кеште Кремний алқабының венчурлік инвесторларымен ашық панельдік талқылаумен қатар қатысушыларға “Voice of founders” атты бейнабаян көрсетілді. Шара аясында қатысушылар нетворкинг сессиясында өз идеяларын таныстырып, жаңа таныстар мен кәсіби байланыстар орнатты.