ҚР Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасы бойынша республикалық референдум туралы ақпараттық хабарлама

ҚР Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасы бойынша республикалық референдум туралы ақпараттық хабарлама

 

Құрметті отандастар!

 

2022 жылғы 5 маусымда (жергілікті уақытпен 07.00-ден 20.00-ге дейін) Италия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы № 245 дауыс беру учаскесінде ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді.

Референдум өткізу туралы тиісті Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев 2022 жылғы 5 мамырда қол қойды.

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша негізгі заңға өзгерістер жобасын дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына көрнекті құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, уәкілетті органдардың өкілдері кірді.

Түзетулер егжей-тегжейлі қаралғаннан кейін Конституциялық Кеңеске жіберіліп, оның Конституцияның ережелеріне сәйкестігі туралы өз қорытындысын берді.

Негізгі заңға енгізілетін түзетулер біздің еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Өзгерістер Конституция баптарының үштен біріне қатысты болады. Сондықтан Елбасшысы бұл мәселені республикалық референдумға шығаруды ұсынды - еліміз үшін осындай маңызды шешімдер бүкілхалықтық ерік білдіру негізінде қабылдануға тиіс.

Қазақстанның 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие әрбір азаматының референдумға қатысуға конституциялық құқығы бар.
Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімінде сіздің деректеріңіздің болуы осы құқықты іске асырудың кепілі болып табылады.

Италия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы № 245 дауыс беру учаскенің тізіміне осы елдің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының барлық азаматтары енгізіледі.

Референдум өтетін күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты/жеке куәлігі болуы қажет.

Қосымша ақпаратты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының www.election.gov.kz веб-сайтынан, сонымен қатар Елшіліктің кейінгі ақпараттық хабарламаларында таба аласыз.
Барлық сұрақтар бойынша келесі телефон нөмірлеріне хабарласуыңызға болады:

            +39 06 363 011 30;

            +39 06 363 084 76.

Елшіліктің мекен-жайы: Via Cassia 471, 00189 Roma.

Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытуға және республикалық референдумға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз!