Қазақстан Елшісі Италияның Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Италияның Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Рим, 2021 жылдың 29 сәуірі – Қазақстан Елшісі Ерболат Сембаев Италияның Президенті Серджо Маттареллаға сенім грамоталарын тапсырды.

Квиринале сарайындағы салтанатты рәсімнен кейін Елшінің Президентпен екіжақты кездесуі өтті, оның барысында елші Италия Президенті Сержио Маттареллаға Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың атынан жылы лебіздерін және ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің негізгі мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті атынан жылы лебіздері үшін ризашылығын білдіре отырып, Президент С.Маттарелла өз кезегінде Президент Қ.Тоқаевқа ең ыстық және достық ықыласын жеткізуді сұрады және Қазақстан халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін білдірді. Президент С.Маттарелла өз тарапынан Қазақстан Елшісін Италиядағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.