GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Бас Консулдық туралы
Байланыс ақпараты
Консулдық мәселелер
Все материалы
16 октября 2026
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Конституциялық заңның аудионұсқалары онлайн қолжетімді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудионұсқада қолжетімді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=en

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=en

Бұл бастама құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, конституциялық заңнамаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Ағылшын тіліндегі аудионұсқалар шетелдік аудиторияға Конституцияның негізгі ережелерімен және Конституциялық Соттың қызметін реттейтін заңнамамен танысуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми ақпараттық ресурстары:

Ресми сайт: https://www.gov.kz/org/ksrk?lang=kk

Telegram: https://t.me/consot_kz

Instagram: https://www.instagram.com/consud_kz

Facebook: https://www.facebook.com/share/18PYtTuBuU/

14 октября 2026
Қазақстанның Черногориядағы Бас консулы Подгорицедегі туристік форумға қатысты

2026 жылғы 12-13 қазанда Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Подгорица қаласында Черногория Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік туристік ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен «Еуропа - Азия» жоғары деңгейдегі өңіраралық туристік форумына қатысты.

Іс-шараға Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Черногория, Грузия, Албания, Аустрия, Андорра, Грекия, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария, Зимбабве, Бразилия, Тимор-Лесте, Мальдив аралдары, Мальта, Чехия, Кипр, Бангладеш, Самоа, Малайзия, Словения, Италия, Солтүстік Македония, Түркия және Моңғолия өкілдері қатысты.

Форум барысында туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, туристік нарықтардың өзара байланысын кеңейту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Қатысушылар адам капиталын дамыту, білікті мамандар тапшылығын еңсеру, цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, визалық рәсімдерді жеңілдету, әуе қатынасын кеңейту және тұрақты инвестицияларды ынталандыру жөнінде пікір алмасты.

Форумның екінші күні халықаралық инвесторлар, қаржы институттары мен туристік компаниялар өкілдерінің қатысуымен инвестициялық форум өтті. Онда Черногорияның басым туристік жобалары таныстырылып, жағалаудан тыс өңірлердің туристік әлеуетін дамыту және инвестицияларды ел аумағында теңгерімді орналастыру мәселелері қаралды.

Инвестициялық форумға Agalarov Development (Sea Breeze), BIG Group, Iberostar Group, JTB Corp., Ensana, Leonardo Hotels, Pasha Hospitality, Ara Hotels & Resorts, Adriatic Marinas (Porto Montenegro), Portonovi, Luštica Development, Kotor Cable Car, Casa del Mare, Bigova Bay, Addiko Bank және Дүниежүзілік банк тобының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Дүниежүзілік туристік ұйымының «Tourism Doing Business - Investing in Montenegro» атты инвестициялық құжаты таныстырылды.

Форумда Черногорияның солтүстік өңірлерінде сауықтыру, шытырман оқиғалы, ауылдық және жыл бойы жұмыс істейтін туризмді дамыту мүмкіндіктеріне назар аударылды. Қатысушылар туризмге ұзақ мерзімді инвестициялар тарту және саланың пайдасын жергілікті қоғамдастықтарға жеткізу жөніндегі тәсілдерді талқылады.

25 сентября 2026
Қазақстан мен Черногория теңіз және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Подгорица, 2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Ғ.Темірбек Черногория Теңіз істері министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Йован Шчекичпен кездесті. Тараптар теңіз көлігі, порт инфрақұрылымы және логистика салаларындағы қазақстандық-черногориялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Халықаралық көлік-логистика бағыттарын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту аясында Бар портының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бар портының қазақстандық және транзиттік жүктерді Адриатика теңізіне және одан әрі Балқан өңірі мен Еуропа нарықтарына шығарудың ықтимал бағыттарының бірі ретіндегі әлеуеті атап өтілді.

Бас консул Мемлекеттік хатшыны Қазақстан Республикасының Хорватиядағы және Черногориядағы Елшісі (қоса атқарушы) Дәулет Батырашевтің ү.ж. 10-11 қыркүйектегі жұмыс сапарының қорытындылары туралы хабардар етті. Сапар аясында Черногория Премьер-министрімен, бірқатар министрліктердің басшыларымен, сондай-ақ «Лука Бар» АҚ басшылығымен кездесулер өткізілді. Сапар барысында екі ел арасындағы көлік-логистика ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әңгімелесу барысында тараптар сондай-ақ Бар портының инфрақұрылымын қазақстандық экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін пайдалану, Орталық Азия мен Адриатика өңірі арасындағы жүк ағындарын дамыту, сондай-ақ екі елдің мүдделі компаниялары арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал нысандары жөнінде пікір алмасты.

Й.Шчекич Черногория Теңіз істері министрлігінің Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады және елдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ порт қызметіне қатысушылар арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды жетілдіру жоспарлары туралы хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын одан әрі пысықтауға және Қазақстан мен Черногорияның бейінді мемлекеттік құрылымдары, көлік-логистика компаниялары мен порт операторлары арасындағы тікелей жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.

Аталған кездесу Черногория Президенті Я.Милатовичтің 2026 жылғы 18-20 маусымда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру аясында өтті, оның қорытындысы бойынша көлік және логистика екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарына енгізілді.

14 сентября 2026
Қазақстан Бар портымен және Будва муниципалитетімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда

Қазақстан Республикасының Хорватия және Черногориядағы (қоса атқарушы) Елшісі Дәулет Батырашев Бар теңіз портында болып, «Luka Bar» A.D. компаниясының атқарушы директоры Александр Слабиджоревскиймен және Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесулер өткізді.

Тараптар Қазақстан, Батыс Балқан елдері және Еуропа нарықтары арасындағы жүк тасымалдарын дамыту үшін Черногорияның көлік-логистикалық инфрақұрылымын пайдалану перспективаларын қарастырды.

Қазақстандық дипломат Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) дамуы туралы хабардар етіп, Қазақстанның халықаралық көлік бағыттарын одан әрі әртараптандыруға және олардың географиясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Бар портын қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеу және оларды Батыс Балқан мен Орталық Еуропа елдеріне одан әрі жеткізу үшін өңірлік логистикалық тораптардың бірі ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін, оның ішінде астық өнімдерін тасымалдау перспективаларына, сондай-ақ контейнерлік және басқа да жүк тасымалдарын дамытуға ерекше назар аударылды.

Мүдделі қазақстандық компаниялардың Бар портымен өзара іс-қимылының ықтимал форматтары, оның ішінде терминалдық және қоймалық инфрақұрылымды пайдалану, бірлескен логистикалық жобаларды іске асыру және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу мәселелері талқыланды.

Сұхбаттасушылар тікелей жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ықтимал жобаларды олардың экономикалық тиімділігі мен қолда бар инфрақұрылымды ескере отырып, нақты пысықтауға уағдаласты.

Сол күні Будва қаласында Елшінің Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, туристік алмасуларды кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату перспективалары қарастырылды.

Д.Батырашев Қазақстан азаматтарының Черногорияға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, азаматтардың сапарлары үшін қолайлы жағдайларды сақтау, тікелей әуе қатынасын дамыту және өзара туристік ағындарды одан әрі ұлғайтудың маңыздылығына назар аударды.

Н.Йованович муниципалитеттің қазақстандық инвестицияларды тартуға мүдделі екенін білдіріп, жергілікті билік органдарының құзыреті шеңберінде әлеуетті инвесторларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар сондай-ақ Будва мен Алматы арасында тікелей әріптестік байланыстар орнату перспективасын талқылады. Мұндай өзара іс-қимыл туризм, инвестициялар және кәсіпкерлік салаларындағы нақты жобалармен, сондай-ақ бірлескен іскерлік іс-шаралармен толықтырылуы мүмкін екені атап өтілді.

Д.Батырашев Қазақстанның Будва қаласында Құрметті консулдық ашуға дайын екенін хабарлады. Құрметті консулдық Черногория жағалауындағы муниципалитеттермен, іскер топтармен және екі елдің азаматтарымен байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.

Өткен кездесулер 2026 жылғы маусымда Қазақстан мен Черногория мемлекеттері басшыларының келіссөздері қорытындысында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асырудың жалғасы болды және тараптардың қазақ-черногориялық сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, туристік және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

 
12 сентября 2026
Қазақстан Елшісі Черногория Премьер-министрімен екіжақты күн тәртібін талқылады

Подгорица, 2026 жылғы 10-11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Батырашев Черногория Премьер-министрі Милойко Спаичпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Аталған кездесуде Қазақстан мен Черногория мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, цифрландыру және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Премьер-министр М.Спаич Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты жандандыруға, оның ішінде сауданы дамытуға, қазақстандық инвестициялар мен технологияларды тартуға, Қазақстаннан азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізуді жолға қоюға, сондай-ақ перспективалы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қазақстандық компаниялар мен қаржы институттарын тартуға мүдделілік растады.

Кездесудің негізгі нәтижесі жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыру туралы уағдаластық болды. Осыған орай М.Спаич Қазақстанға ресми сапармен келуге дайын екенін білдірді. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Сапар аясында Черногорияның бірқатар салалық министрліктерінің басшыларымен де кездесулер өткізілді. Ауыл шаруашылығы, орман және су шаруашылығы министрі Владимир Йоковичпен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Черногорияға жеткізу мүмкіндіктері, екі елдің өндірушілері, импорттаушылары мен дистрибьюторлары арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы екіжақты құжатқа қол қою қажеттілігі талқыланды.

Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен мемлекеттік басқаруды цифрландыру, GovTech, жасанды интеллект және адами ресурстарды дамыту салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Д.Батырашев қазақстандық тараптың цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Өз кезегінде М.Дукай екі елдің тиісті ведомстволары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін хабарлады.

Көлік министрі Радош Зечевичпен кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін және Черногорияның порт инфрақұрылымын пайдалана отырып, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Салалық компаниялар арасындағы өзара іс-қимыл және ықтимал жүк ағындарын айқындау мәселелері қаралды. Осы тұрғыда Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан Черногорияның Бар портының елеулі әлеуеті атап өтілді.

Черногория Сыртқы істер министрлігінде саяси диалогты одан әрі дамыту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру перспективалары, парламентаралық байланыстарды нығайту және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын 2027 жылы өткізуге уағдаласты.

Кездесулер мен келіссөздерге Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Ғабиден Темірбек қатысты.

11 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

2026 жылғы 8 қыркүйек

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі - ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:

1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        

2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.

3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.

4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.

5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

6. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.

7. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.

8. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.

9. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.

10. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.

09 сентября 2026
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді

Астана, 2026 жылғы 7 қазан - Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді.

Халықаралық диалог алаңы ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері мен өкілдерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшыларын, мемлекеттік органдардың өкілдері мен 20 елден келген жетекші сарапшыларды біріктіреді.

Отырыс күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екі халықаралық құжатты – «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексін» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжатын қарау және қабылдау болмақ.

Аталған құжаттарды әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде көтеріп, ол Съезд қатысушылары тарапынан қолдау тапты.

Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартия таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғау және оған ізгі қарым-қатынасты қамтамасыз ету, қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы, сондай-ақ қалауы бойынша оның діни және рухани қажеттіліктерін ескеретін қолдау көрсету мәселелеріне ерекше мән беріледі.

БАҚ өкілдерін аккредиттеу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысын ақпараттық тұрғыдан жариялауға мүдделі қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өте алады.

Аккредиттеу үшін: communications@iciid.org

Күні: 2026 жылғы 7 қазан

Өтетін орны: Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Астана

Басталуы: сағат 10:00

09 сентября 2026
Қазақстан мен Қасиетті Тақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша диалогты жалғастыруда

Астана, 2026 жылғы 2–3 қазан - Қазақстан астанасында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының II бірлескен коллоквиумы өтеді.

Алдағы іс-шараның негізгі тақырыбы осал жағдайдағы балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға арналады.

Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология салаларының мамандары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысады.

Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.

Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: бала күтімінің этикалық негіздері мен конфессияаралық ынтымақтастық, ауру жағдайында балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар, педиатрияда жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаулар барысында адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға жан-жақты қамқорлық көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартияға ерекше назар аударылады. Қазақстандық тарап сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға практикалық көмек көрсетудің үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясын таныстырады.

Алдағы коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы осы форматтағы диалогтың жалғасы болып табылады. Аталған диалог 2024 жылғы сәуірде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы басшысының Ватиканға сапары барысында басталған болатын.

БАҚ өкілдерін аккредиттеу

Коллоквиумды ақпараттық тұрғыдан жариялауға мүдделі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өте алады.

Аккредиттеу үшін: communications@iciid.org

Күні: 2026 жылғы 2-3 қазан

Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1-қабат, Астана

Басталуы: сағат 10:30

20 августа 2026
Астана - жаһандық конфессияаралық диалог алаңы: 2025 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындылары

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі

Геосаяси қақтығыстар, діни төзімсіздік, қоғамдық поляризация мен мәдени қайшылықтар барған сайын айқын көрініс тауып отырған қазіргі әлемде діндер мен өркениеттер арасындағы диалогтың маңызы ерекше арта түсуде. Осындай диалогты ілгерілету мақсатында арнайы құрылған халықаралық алаңдардың бірі – 2003 жылдан бері Қазақстанның елордасы Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі.

Съезді құру бастамасы осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын халықаралық шиеленістің күшеюіне, экстремизмнің таралуына және түрлі діндер мен мәдениеттерді бір-біріне әуел бастан қарама-қайшы құбылыстар ретінде көрсету әрекеттеріне жауап ретінде туындады. Алғашқы Съезд 2003 жылғы 23–24 қыркүйекте Астанада өтіп, ислам, христиандық, иудаизм, буддизм және өзге де діни дәстүрлердің өкілдерін бір алаңға жинады.

Содан бері форум әр үш жыл сайын өткізіліп, біртіндеп діни көшбасшыларды, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, сарапшылар мен жұртшылық өкілдерін тоғыстыратын беделді халықаралық диалог алаңына айналды.

Съездің іргелі қағидаты өзгеріссіз қалып келеді: дін текетірестің құралы емес, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің ұйытқысы болуға тиіс. Қатысушылар діни сенімді зорлық-зомбылықты, экстремизм мен өшпенділікті ақтау мақсатында пайдалануды үзілді-кесілді теріске шығара отырып, адамдарды олардың діни сеніміне, ұлтына немесе мәдени болмысына қарамастан біріктіре алатын ортақ адамгершілік құндылықтарды айқындауға ұмтылады.

Астанадағы VIII Съезд

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі 2025 жылғы 17–18 қыркүйекте Астанада өтті. Оған әлемнің 60-қа жуық елінен 100-ден астам делегация қатысты.

Форумның басты назарында халықаралық шиеленіс күшейіп отырған жағдайда бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтудың жолдарын іздестіру мәселесі болды.

Съездің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстар мен идеологиялық текетірес кезеңдерінде діни көшбасшыларға айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Мемлекет басшысы ашық конфессияаралық диалог тараптардың саяси ұстанымдары едәуір алшақ болған жағдайдың өзінде ортақ мәміле мен өзара түсіністікке бастайтын жолды табуға ықпал ете алатынын атап көрсетті.

VIII Съездің күн тәртібі тек діни мәселелермен шектелмей, әлдеқайда ауқымды тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар қақтығыстардың алдын алу, діни нысандар мен мәдени мұраны қорғау, экстремизмге қарсы іс-қимыл, білім беру және климаттың өзгеруі, жастар мен әйелдердің қоғамдық диалогқа қатысуы, сондай-ақ жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты этикалық мәселелерді талқылады.

2025 жылғы Астана Бейбітшілік декларациясы

VIII Съездің басты қорытынды құжаты діни көшбасшылар мен конфессияаралық диалогтың қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді шешудегі рөліне қатысты қатысушылардың ортақ көзқарасын айқындайтын 2025 жылғы Астана Бейбітшілік декларациясы болды.

Декларацияда Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа да халықаралық әрі өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтудың, діни нысандар мен мәдени мұраны қорғаудың, радикалданудың алдын алу құралы ретінде білім беруді ілгерілетудің, сондай-ақ жастар мен әйелдердің мәдениетаралық және конфессияаралық диалогқа қатысуын кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Декларацияның іргелі қағидаттарының бірі – терроризмді қандай да бір дінмен, мәдениетпен, ұлтпен немесе өркениетпен байланыстыруға болмайды және мұндай ұғымдарды өзара ұштастыруға жол берілмеуге тиіс деген ұстаным.

Сонымен қатар XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда қатысушылар жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан пайдалану мәселелерін қарастырды. Қазақстан Президенті жаңа технологияларды дамытуда адам мүддесін басты орынға қоятын тәсілді қалыптастыруға үлес қоса алатын Жасанды интеллект этикасы жөніндегі конфессияаралық комиссия құруды ұсынды.

Пікірталастың тағы бір маңызды бағыты экологиялық жауапкершілік болды. Қатысушылар діни көшбасшыларды климаттың өзгеруіне қарсы халықаралық күш-жігерге неғұрлым белсенді тарту идеясын қолдап, қоршаған ортаны қорғауды тек экономикалық немесе саяси міндет қана емес, сонымен бірге келешек ұрпақ алдындағы моральдық жауапкершілік ретінде қарастырды.

Съезде сондай-ақ қасиетті діни нысандар мен мәдени мұраны олардың қай дінге немесе мәдениетке тиесілі екеніне қарамастан, адамзаттың ортақ мұрасының ажырамас бөлігі ретінде қорғаудың маңыздылығы атап өтілді.

Жікке бөлінген дәуірдегі диалог

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Астанадағы Съезд дәстүрлі саяси халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін толықтыратын диалог формасы – рухани дипломатия деп атауға болатын өзіндік үлгіні қалыптастырды.

Еуропа мен Азияның тарихи тоғысында орналасқан әрі сан алуан этностық және діни қауымдастықтардың ортақ мекеніне айналған Қазақстан конфессияаралық диалогты өзінің халықаралық қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Съездің басты ерекшеліктерінің бірі – түрлі діндер мен дүниетаным өкілдеріне тек сенім мәселелерін ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ сын-қатерлерді – соғыстар мен қақтығыстарды, төзімсіздікті, климаттың өзгеруін, технологиялық трансформацияны және келешек ұрпақтың болашағын талқылауға мүмкіндік беретін кеңістік қалыптастыруға ұмтылысы.

Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылғы Астана Бейбітшілік декларациясы тек діни қауымдастықтарға ғана бағытталған құжат емес. Оның негізгі мәні әлдеқайда ауқымды: қоғамдар, мәдениеттер мен діндер арасындағы айырмашылықтар текетірестің көзіне айналмауға тиіс, ал диалог пен өзара құрмет орнықты бейбітшіліктің маңызды негіздері болып қала береді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезін 2028 жылы Астанада өткізу жоспарланып отыр.

Екіжақты қарым-қатынастар
29 апреля 2026
Қазақстан мен Черногория цифрландыру және мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Подгорица, 2026 жылғы 29 сәуір - Қазақстан Республикасының Бас консулы Ғабиден Темірбек Черногорияның Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар цифрлық трансформация саласындағы қазақстандық-черногориялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде мемлекеттік басқару, GovTech, мемлекеттік қызметті жаңғырту және жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.

Черногория тарапына Қазақстанның цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесі, оның ішінде E-Qyzmet жүйесі, сондай-ақ мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау жөніндегі тәсілдері таныстырылды.

Тараптар аталған бағыттар бойынша тәжірибе алмасу, сарапшылық байланыстарды дамыту және шарттық-құқықтық базаны нығайту арқылы өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті.

Министр Мараш Дукай Қазақстанмен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және белгіленген бағыттар бойынша диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары