GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық туралы
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпараты
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
15 сентября 2026
Таиланд шетел азаматтары үшін 60 күндік визасыз режимнің күшін жояды

Таиланд бірқатар мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартады.

Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енеді.

Аталған норма күшіне енгеннен кейін Қазақстан азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің ережелері қолданылатын болады.

Келісімге сәйкес, Қазақстан азаматтары Таиланд аумағында елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады, бұл ретте әрбір 180 күндік кезең ішінде болудың жиынтық мерзімі 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.

Осыған байланысты Таиландқа сапар жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына көші-қон режиміндегі өзгерістерді ескеру ұсынылады.

Елде 30 күннен астам уақыт болу қажет болған жағдайда, тиісті визаны алдын ала рәсімдеу қажет.

15 сентября 2026
Қазақстан мен Таиландтың оңтүстік провинциялары сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Сонгкла, 2026 жылғы 28 тамыз – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиландтың оңтүстігіндегі Накхонситхаммарат, Сатун және Сонгкла провинцияларына өңіраралық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ресми сапармен барды.

Сапар аясында Елші үш провинцияның губернаторларымен кездесулер өткізіп, Қазақстан мен Таиландтың оңтүстік өңірлері арасындағы өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты. Кездесулер барысында сауда, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіптік кооперация және логистика мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қазақстандық дипломат Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар және Құрылтайға өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы айтып берді.

Кездесулер барысында Таиландтың оңтүстік провинцияларының экономикалық әлеуеті және Қазақстанның өңірлік билік органдарымен және іскерлік топтармен неғұрлым белсенді байланыстарды дамытуға мүдделілігі атап өтілді. Өз кезегінде, тайландтық серіктестер Қазақстанмен байланыстарды кеңейтуге және қазақстандық нарықтың Орталық Азия нарығына шығудың перспективті бағыттарының бірі ретіндегі мүмкіндіктерін пайдалануға қызығушылық танытты.

Бағдарламаның маңызды бөлігі Елшінің Накхонситхаммарат, Сатун және Сонгкла сауда палаталарының басшыларымен кездесулері болды. Кездесулер барысында іскерлік байланыстарды дамыту, өзара сауда көлемін ұлғайту және екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындаудың практикалық мәселелері талқыланды.

Өнеркәсіптік кооперация мәселесіне ерекше назар аударылды. Өнеркәсіп федерациясының өкілдерімен өткен кездесу барысында Қазақстан мен Таиландтың өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында тікелей байланыстар орнату, бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

М.Баймұхан Қазақстанның инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктерін, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өнеркәсіптік өндіріс, логистика және энергетика салаларындағы перспективті жобаларды таныстырды. Таиландтық компанияларға Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қатысу және бірлескен өндірістер құру мүмкіндіктері таныстырылды.

«Қазақстан Таиландпен сауда көлемін ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар экономикалық өзара іс-қимылды неғұрлым терең деңгейге – бірлескен кәсіпорындар құруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, өндірісті оқшаулауға және технологиялар трансфертіне көшуге мүдделі», – деді Елші.

Сапардың практикалық бөлігінде теңіз өнімдерін өндіру және өңдеу саласындағы Таиландтың жетекші компанияларының бірі PFP (Pacific Fish Processing) компаниясына, сондай-ақ медицина, өнеркәсіп, азық-түлік және автомобиль секторларына арналған бір реттік медициналық және қорғаныш нитрил каучук қолғаптарын өндіруге маманданған Mercator Medical компаниясына бару ұйымдастырылды.

Компаниялардың басшылығымен өткен кездесулер барысында өнімдерді жаңа нарықтарға шығару, қазақстандық компаниялармен іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстандық дипломат сондай-ақ компаниялардың өндірістік нысандарын аралап, өндірістік процестері мен қолданылатын технологияларымен танысты.

Кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық және таиландтық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыру және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын пысықтау жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуге және әлеуетті инвестициялық және сауда жобалары бойынша ақпарат алмасуды жалғастыруға келісті.

Ресми сапар Қазақстан мен Таиланд арасындағы қатынастардың өңіраралық өлшемін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Өткізілген кездесулер экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Таиландтың оңтүстік провинциялары арасында жаңа іскерлік байланыстар қалыптастыру үшін елеулі әлеует бар екенін көрсетті.

 

Анықтама үшін: 1) Накхонситхаммарат – Таиландтың оңтүстігіндегі ірі провинциялардың бірі, жалпы ішкі өнімі шамамен 5,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Экономикасы ауыл шаруашылығына, өңдеу өнеркәсібіне, сауда және туризмге негізделген.

Сатун – Андаман жағалауында орналасқан шекаралық провинция. Жалпы ішкі өнімі шамамен 0,9 млрд АҚШ долларын құрайды. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, сауда және туризм салаларында әлеуеті жоғары.

Сонгкла – Таиландтың оңтүстігіндегі экономикалық және өнеркәсіптік орталық. Жалпы ішкі өнімі шамамен 7,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, логистикасы және трансшекаралық саудасы жақсы дамыған.

2) PFP (Pacific Fish Processing Co., Ltd.) – теңіз өнімдерін өңдеу және мұздатылған өнімдер өндіруге маманданған Таиландтың ірі тамақ өнеркәсібі компаниясы. Компания 1984 жылы құрылған, негізгі өндірістік кешені Сонгкхла провинциясында орналасқан.

3) Mercator Medical (Thailand) Ltd. – медицина, өнеркәсіп, азық-түлік және автомобиль секторларына арналған бір реттік медициналық және қорғаныш нитрил каучук қолғаптарын өндіруге маманданған ірі таиландтық-поляктық компания.

15 сентября 2026
Таиландта білім алып жүрген Қазақстан азаматтарының назарына!

❗️Шетелде білім алып жүрген #студенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі өз мәртебесін уақтылы тексеруі қажет.

«#Сақтандырылған» мәртебесінің болуы Қазақстанда МӘМС аясында медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Мемлекет есебінен «Сақтандырылған» мәртебесін алу үшін студенттер #eGov.kz электрондық үкімет порталында шетелде оқып жатқандығы туралы мәліметтерді өз бетінше тіркеуі қажет.

🔹Бұл үшін істеу қажет:
* eGov.kz порталында авторизациядан өту;
* білім беру саласындағы қызметтер бөлімінен шетелде оқитын студенттерді тіркеуге қатысты қызметті таңдау;
* оқуды растайтын қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсыну;
* өтінім өңделгеннен кейін МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің бар-жоғын тексеру.

☎️ Сұрақтар туындаған жағдайда:
— мемлекеттік қызметтер жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығына 1414 нөмірі арқылы;
— #Qoldau 24/7 қолдау қызметіне;
— @SaqtandyryBot (telegram) арқылы хабарласуға болады.

Просим также поделиться данной информацией с другими казахстанскими студентами в Таиланде.

29 июня 2026
Қазақстанның туристік әлеуеті Пхукет аралында таныстырылды

Пхукет, 2026 жылғы 26 маусым – Пхукет аралында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және еліміз туралы тай тілінде алғаш рет жарық көрген туристік жолсілтеменің тұсаукесеріне арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға Таиланд Сыртқы істер министрлігінің, Пхукет провинциясы әкімшілігінің, Таиланд Туризм басқармасының, туристік қауымдастықтардың, жетекші туристік компаниялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тұсаукесер барысында қонақтарға Қазақстанның негізгі туристік бағыттары, сондай-ақ елдің бай мәдени-тарихи мұрасы, табиғи ландшафттарының сан алуандығы және жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін туристік әлеуеті таныстырылды.

Іс-шара туризм саласының өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар Таиланд азаматтарының Қазақстанға жаңа әрі келешегі зор туристік бағыт ретінде қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Таиланд Туризм басқармасының Пхукеттегі өкілдігі тай тілінде жолсілтеменің жарық көруі Қазақстан мен Таиланд арасындағы гуманитарлық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға маңызды қадам болатынын, сондай-ақ тай аудиториясы арасында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан мен Таиланд арасындағы туристік ынтымақтастық тұрақты оң динамикамен және өзара жоғары қызығушылықпен сипатталады. Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, инвестициялық байланыстарды жандандыруға және қонақжайлылық индустриясында бірлескен жобаларды дамытуға, оның ішінде қонақүй инфрақұрылымын құруға және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейтуге ниетті.

Анықтама: 2025-2026 жылдары Таиландқа 175 мыңнан астам Қазақстан азаматы барған. Осы кезеңде Қазақстанға шамамен 10-15 мың Таиланд азаматы келген.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тікелей рейс орындалады. Бұл рейстер Бангкокты Алматы және Шымкент қалаларымен, сондай-ақ Пхукетті Астана және Алматы қалаларымен байланыстырады. Әуе қатынасын «Air Astana», «SCAT» және «AirAsia X» авиакомпаниялары жүзеге асырады.

11 марта 2026
Қазақстанда шетел азаматтарына арналған QazETA пилоттық цифрлық платформасы іске қосылды

Шетел азаматтарына арналған «QazETA» цифрлық платформасы

QazETA – шетел азаматтарына көші-қон және соған байланысты негізгі қызметтерге «бір терезе» қағидаты бойынша ыңғайлы, ашық әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін құрылған мемлекеттік цифрлық платформа.

Жоба шетел азаматтарының Қазақстанның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын заманауи және қолайлы форматта ұйымдастыруға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

QazETA платформасының негізгі мақсаттары:

  • шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына кіруі мен елде болу рәсімдерін жеңілдету;

  • шетел азаматтарының елге кіруден бастап күнделікті қызметтерге дейін мемлекеттік сервистермен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық кіру нүктесін қалыптастыру;

  • процестердің ашықтығын арттыру, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту;

  • негізгі көші-қон рәсімдерін цифрлық және мобильді форматқа көшіру.

Қазіргі уақытта QazETA пилоттық режимде жұмыс істейді, ал оны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда платформада келесі қызметтер қолжетімді:

  • электрондық визаларды (e-Visa) беру;

  • елге кіруге арналған электрондық рұқсатты (ETA) рәсімдеу;

  • Қазақстан Республикасының электрондық резиденті мәртебесін (e-Residency) алу;

  • шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткендігі туралы анықтама беру (соның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI кодын тексеру мақсатында).


Платформаның негізгі сервистері

1. Электрондық виза (e-Visa)

Электрондық виза – бұл шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға виза беру бойынша мемлекеттік қызметтің цифрлық нысаны.

104 елдің азаматтары (тізімі қоса беріледі) келесі санаттар бойынша бір реттік электрондық виза ала алады: A3 – қызметтік, A5 – инвесторлық, B1, B2, B3 – іскерлік, B9-1 – Digital Nomad визасы, B10 – жеке, B12 – туристік, C12 – емделу мақсатында.

Электрондық виза электронды түрде рәсімделген шақыру негізінде беріледі (шақыруды ҚР ІІМ аумақтық полиция органдары рәсімдейді). Виза тек оны алған адамға ғана жарамды және бірге жүретін тұлғаларға қолданылмайды.

Егер шетел азаматының паспорты ауыстырылса, электрондық визаны қайта рәсімдеу қажет.

Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағына электрондық визамен тек халықаралық әуежайлардың өткізу пункттері арқылы кіріп-шыға алады.


2. Электрондық кіру рұқсаты (Electronic Travel Authorization — ETA)

ETA – Қазақстан Республикасына визасыз кіре алатын елдердің азаматтарына арналған электрондық рұқсат.

Қазақстанға сапар жоспарлаған шетел азаматтары ETA алу үшін өтінімді мобильді қосымша арқылы сапардан кемінде 72 сағат бұрын беруі тиіс.

ETA-ның жарамдылық мерзімі – 180 күн.

Ал шетел азаматтарының Қазақстанда нақты болу мерзімі қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес реттеледі.

Сонымен қатар, ETA рұқсатының берілуі Қазақстанға кіруге толық кепілдік бермейді. Елге кіру туралы соңғы шешімді шекаралық бақылау кезінде Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы қабылдайды.

ETA алудан босатылатын тұлғалар:

  • дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;

  • ресми делегация мүшелері;

  • Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері.

Пилоттық кезеңде визасыз режимі бар елдердің азаматтары үшін ETA алу ұсыныстық сипатта болады. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін аталған азаматтар санаты үшін ETA-ны міндетті түрде алу кезең-кезеңімен енгізіледі.


3. Электрондық резиденттік (e-Residency)

e-Residency – Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға цифрлық мемлекеттік және коммерциялық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін инновациялық құрал.

Бұл жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы шеңберінде жүзеге асырылады. Электрондық резиденттік мына мүмкіндіктерді қамтиды:

  • жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қашықтан алу;

  • банктік шоттар мен төлем карталарын ашу;

  • eSIM рәсімдеу;

  • компанияларды қашықтан тіркеу және бизнес жүргізу.


4. Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтама алуы (соның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI кодын тексеру мақсатында).

Болашақта платформаның функционалын кеңейту жоспарлануда. Оның ішінде: медициналық сақтандыруды рәсімдеу, ETA иелері үшін шекаралық бақылаудан жедел өту мүмкіндігі, сервистік алымды төлеу және басқа да цифрлық қызметтер.


QazETA мобильді қосымшасын PlayMarket және App Store арқылы жүктеуге болады.

Жоба аясында техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Сұрақтар мен ұсыныстарды келесі электрондық пошта арқылы жолдауға болады:
support@qazeta.kz

11 марта 2026
Пхукет аралында Қазақстанның консулдығы ашылды

Пхукет, 2026 жылғы 22 қаңтар – Пхукет аралында Қазақстан консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға қазақ-тай қарым-қатынастарының дамуы жолындағы елеулі кезеңге айналып, екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және туристік ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.

Қазақстанның Пхукеттегі Консулдығының ашылуы ерекше мәнге ие, себебі бұл аралда ашылған үшінші ресми дипломатиялық өкілдік болып отыр. Аталған жайт екіжақты байланыстардағы өзара сенімнің жоғары деңгейі мен қарым-қатынастардың қарқынды дамуын айқындайды. Бұл ретте, Қазақстан азаматтарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған ресми дипломатиялық қатысуын жүйелі түрде кеңейтіп келеді.

Жаңа мекеменің консулдық округі Таиландтың оңтүстігіндегі 14 провинцияны қамтиды, бұл оны елдің оңтүстігіндегі өзара іс-қимылдың маңызды орталығына айналдырады. Мұндай аумақтық қамту Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін жүйелі түрде қорғауға, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге, сондай-ақ өңірдегі туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди, Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн, Таиландтың оңтүстік провинцияларының басшылығы, Пхукеттегі мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы, іскер топтар, туристік қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Пхукетте Консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әрі достық қарым-қатынастардың практикалық дәлелі екенін атап өтті:

«Пхукет Қазақстан азаматтары үшін маңызды бағыттардың біріне айналды. Консулдықтың ашылуы отандастарымызға жақын болуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жедел қолдау көрсетуге, сондай-ақ Таиландтың оңтүстік өңірлерімен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді».

Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди өз сөзінде тай-қазақ қарым-қатынастарының бірізді әрі орнықты даму сипатын атап өтіп, Пхукетте Консулдықтың ашылуын екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын айқындайтын практикалық қадам ретінде бағалады:

«Қазақстан Таиланд үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес болып табылады. Пхукетте Консулдықтың ашылуы туризм, сауда, инвестициялар және гуманитарлық алмасулар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді».

Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн өз сөзінде Қазақстанның Таиланд үшін сенімді әріптес ретіндегі маңызын атап өтіп, Консулдықтың ашылуы туризм, сауда және мәдени алмасулардың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді:

«Пхукет қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығының ашылуын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл оқиға халықтарымыз арасындағы байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады».

Іс-шараның салтанатты бағдарламасы барысында домбырамен музыкалық шығармалар орындалды. Оның әуені қонақтардың назарын жаулап, мәдени диалог пен өзара түсіністік атмосферасын қалыптастырды. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, Қазақстанның бай тарихи әрі аспаздық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Пхукет қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығының ашылуы Қазақстан мен Таиландтың әріптестігін одан әрі тереңдетуге, азаматтардың мүдделеріне сай келетін жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасындағы достықты нығайтуға ұмтылысын тағы бір мәрте растады.

Анықтама ретінде:

  • Пхукет – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі әрі халықаралық туризмнің ең танымал бағыттарының қатарына жатады.
  • Таиландқа жыл сайын шамамен 35 миллион шетелдік турист келеді, соның ішінде 12 миллионға жуығы Пхукет аралына тиесілі. 2025 жылы Таиландқа 200 мыңға жуық Қазақстан азаматы келген.
  • Консулдықтың округіне Таиланд Корольдігінің оңтүстігіндегі 14 провинция кіреді: Чумпхон, Краби, Накхон Си Тхаммарат, Наратхиват, Паттани, Пхангнга, Пхаттхалунг, Пхукет, Ранонг, Сатун, Сонгкхла, Сурат Тхани, Транг және Яла.
11 марта 2026
Қазақстан – Таиланд: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Пхукетте талқыланды

Пхукет, 2026 жылғы 22 қаңтар – Пхукет провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Пхукет провинциясының Губернаторы Нират Понгситтаворнмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген қазақстандық-таиландтық қатынастардың жоғары деңгейде әрі жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Туризм, сауда-экономикалық байланыстар, инвестициялар және гуманитарлық байланыстар салаларында екіжақты ынтымақтастықтың белсенді түрде дамып отырғаны айтылды. Қазақстан тарапы ұлттық және өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Қазақстандық дипломат Пхукет провинциясының қазақстандық азаматтар үшін ең танымал туристік бағыттардың бірі ретіндегі ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың қазақстандық турист барған, олардың едәуір бөлігі Пхукетті таңдаған.

Осыған байланысты Пхукетте Қазақстан Республикасының Консульствасының ашылғаны туралы ақпарат берілді. Консульство қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.

Провинция Губернаторы консулдық мекеменің ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырылды.

Өз кезегінде Н. Понгситтаворн мырза Қазақстанның Пхукет провинциясында консульство ашуы туристік алмасудың одан әрі дамуына, азаматтарға көрсетілетін консулдық қолдаудың деңгейін арттыруға, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететінін атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Пхукет провинциясы арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде туризм, мәдени алмасу, бизнес, инвестициялар және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстанның Елшілігі мен Консульдігінің тікелей байланыстар орнатуға және өзара тиімді бастамаларды қолдауға жәрдем көрсетуге дайын екені атап өтілді.

Кездесуде көлік қатынасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 34 тікелей әуе рейсі жүзеге асырылатыны, оның ішінде Пхукетке 21 рейс бар екені айтылды. Бұл туристік ағынның өсуіне, іскерлік байланыстардың дамуына және гуманитарлық қатынастардың кеңеюіне ықпал етуде.

Қазақстан тарапы Пхукет провинциясы билігінің шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігері үшін алғысын білдірді.

Төтенше жағдайларды қоса алғанда, жергілікті билік органдарымен тығыз өзара іс-қимыл мен жедел байланысты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның Пхукеттегі Консульствасының ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Пхукет провинциясымен байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Анықтама үшін:
Пхукет – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі және халықаралық туризмнің ең танымал бағыттарының қатарында.

Жыл сайын Таиландқа шамамен 35 млн шетелдік турист келеді, олардың 12 млн-ға жуығы Пхукет аралына тиесілі. 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың Қазақстан азаматы барған.

Провинцияның тұрақты халқы шамамен 450 мың адамды құрайды, ал уақытша келетін туристерді есепке алғанда өңір аумағында бір мезгілде 2 млн адамға дейін болуы мүмкін. Пхукет провинциясының жалпы өңірлік өнімі шамамен 7,5 млрд АҚШ долларына бағаланады. Өңір экономикасының негізін кірістің едәуір бөлігін қамтамасыз ететін туристік сала құрайды. Сондай-ақ көлік және логистика, сауда мен қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік және құрылыс салалары негізгі секторлар қатарында.

02 мая 2025
Қазақстан жаңа инвесторлық визаны енгізеді

Қазақстан Республикасы халықаралық бизнеске жақындай түсу жолында тағы бір маңызды қадам жасады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді.

Жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.

Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.

«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.

 

25 апреля 2025
Шетелдік азаматтар үшін Тайландқа кірудің жаңа ережелері

Құрметті азаматтар!

 

2025 жылғы 1 мамырдан бастап Таиландқа әуе, құрлық немесе теңіз арқылы кіретін барлық шетелдік азаматтар Таиландтың цифрлық келу картасын (TDAC) кемінде 3 күн бұрын электронды түрде толтыруы тиіс.

 

Бұл талап шетелдік паспорттардың барлық иелеріне қатысты қолданылады. Олар:

– туристер,

– іскерлік сапармен келгендер,

– ұзақ мерзімді тұруға келгендер.

 

📌 Бұл талап келесі азаматтарға қолданылмайды:

– көші-қон бақылауынан өтпейтін транзиттік жолаушылар,

– шекаралық рұқсатпен кіретіндер.

 

👉 TDAC картасын толтыру үшін Таиландтың Иммиграциялық бюросының ресми сайтына кіріңіз:

https://tdac.immigration.go.th.

03 апреля 2025
Қазақстанның Пхукеттегі Консулдығының ашылуы

Қазақстан Республикасының Пхукеттегі Консулдығының ресми сайтына қош келдіңіз!

Қазақстан Республикасының Пхукеттегі Консулдығының ашылғанын қуана хабарлаймыз. Бұл еліміздің әсем аралдағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі.

Біздің басты мақсатымыз – Таиландта тұратын және саяхаттайтын Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ екі ел арасындағы достық және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ету.

Біздің сайттан консулдық қызметтер, виза мәселелері, құқықтық қолдау туралы өзекті ақпаратты, сондай-ақ Консулдық қызметіне қатысты жаңалықтар мен оқиғаларды таба аласыз.

Біз әрқашан ынтымақтастыққа және көмектесуге дайынбыз!

📞 Байланыс нөмірі – +66 76 608 829
📧 Электрондық пошта – phuket@mfa.kz, kazconsul.phuket@gmail.com.

Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Пхукеттегі Консулдығы

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары