Сауда-экономикалық қатынастар белсенді даму сатысында. Негізгі басымдық сауданы әртараптандыруға және өзара инвестицияларды арттыруға бағытталған. Тауар айналымының тұрақты өсу үрдісі байқалады.
Қазақстан Кенияны Шығыс Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін маңызды «қақпа» ретінде қарастырады. Кения Қазақстанға шайдың 40% жеткізеді.
ҚР ҰЭМ Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстан мен Кения арасындағы тауар айналымы келесідей көрсеткіштерді құрады:
2025 ж. – 52,2 млн долл. (экспорт – 1 мың долл., импорт – 52,2 млн долл.)
2024 ж. – 42,3 млн долл. (экспорт – 42,23 млн долл., импорт – 0,4 мың долл.)
2023 ж. – 41 млн долл. (экспорт – 41,03 млн долл., импорт – 64,4 мың долл.)
Қазақстаннан Кенияға экспортталатын тауарлар: күкірт, электр шамалар мен сәулеленуді өлшеуге және бақылауға арналған аппаратура, автоматты реттеу мен басқаруға арналған аспаптар және т.б.
Кениядан Қазақстанға импортталатын тауарлар: шай, кесілген гүлдер мен бүршіктер, егуге арналған тұқымдар, өзге де көкөністер, кофе, тоқылған іш киім, жаңғақтар, тірі жануарлар.
Бизнес-қоғамдастықпен өткізілген іс-шаралар мен кездесулер
2023 жылғы 9 желтоқсанда Найроби қаласында Қазақстан Елшілігі Кения СІМ мен Кенияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (СӨП) қолдауымен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі семинар ұйымдастырды.
Іс-шараға СІМ, Мәдениет министрлігінің өкілдері, СӨП мүшелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, туризм, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, мұнай-химия және т.б. салалардағы елдің ірі, орта және шағын бизнесінің мүддесін білдіретін Кенияның жеке сектор Қауымдастығының өкілдері қатысты.
2026 жылғы 17 ақпанда ҚР Елшілігі Кенияның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі бизнес-форум өткізді. Кения тарапынан іс-шараға Кенияның Ақпарат, байланыс және цифрлық экономика министрінің орынбасары С.Исабоке, Сауда-өнеркәсіп палатасының ұлттық директоры К.Ондитти, Кения СІМ Экономика және коммерциялық дипломатия департаментінің директоры Э.Матура және т.б. қатысты. Қазақстан тарапынан онлайн форматта «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ «NS Art venture Labs» және «TransAsia Logistics» компанияларының өкілдері қатысты. Олар өз ұйымдарының қызметін таныстырып, Қазақстанмен екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегіне қатысты бағаларымен бөлісті.
Туризм және басқа да бағыттар
Екі ел де туристік ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отыр және бұл саланың әлеуетін жоғары бағалайды. Туризмді ілгерілету бойынша бірлескен жобалар, соның ішінде бизнес-форумдарға қатысу мәселелері талқылануда. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою мәселесі пысықталып жатыр.