Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі конференциясына қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадықов, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ахмад Саидмуродзода, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, РФ Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Константин Косачев, РФ Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Алексей Шевцов, ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ мүше мемлекеттердің дипломаттары, ғалымдары, сарапшылары қатысты.
Өз сөзінде Елші қазіргі заманғы қиындықтар мен қауіп-қатерлер қатарында халықаралық терроризм мен экстремизмді, трансшекаралық қылмысты, киберқауіптер мен ақпараттық шабуылдарды, климаттық және техногендік тәуекелдерді атады. Оның айтуынша, оларға қарсытиімді төтеп беру тек кооперацияны нығайту арқылы ғана мүмкін болады, және, бұл ретте ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ-ның қосатын үлесі өте өзекті әрі айқын. Д. Абаев қауіпсіздік мәселелері бойынша осы ұйымдардың өзара іс-қимылын арттыру мақсатында бірнеше бағытқа назар аударуды ұсынды. Олардың қатарында – қауіп-қатерлерді бағалауды жүйелі түрде салыстыру, қолданыстағы келісімдер шеңберінде ақпарат алмасуды жетілдіру, цифрлық ортадағы алаяқтыққа және басқа да қауіптерге қарсы іс-қимыл жасау, шекара қауіпсіздігі және дағдарыстарға дайын болу, табиғи апаттардың алдын алу және су тәуекелдерін азайту бойынша ынтымақтастық.
Елші Орталық Азиядағы қауіпсіздік өңірмен тарихи және географиялық тұрғыдан тығыз байланысты Ауғанстандағы оқиғалардың дамуымен тікелей байланысты екенін еске салды. «Қазақстан көршілерімен жақсы қарым-қатынасты қолдайтын және өңірлік экономикалық диалогқа белсенді қатысатын бейбіт, біртұтас және тұрақты Ауғанстанға мүдделі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, тұрақты Ауғанстан өңірлік қауіпсіздіктің негізгі факторы болып табылады. Қазақстан Ауғанстанды көмек алушыдан өндірушіге және транзиттік торапқа айналдыруға бағытталған прагматикалық ынтымақтастық стратегиясын дәйекті түрде іске асыруда», - деп атап өтті Д.Абаев.
Қорытындылай келе, Елші Еуразияның тұрақтылығы біздің елдеріміздің әрқайсысының тұрақтылығы баршаның тұрақтылығының шартына айналатын қауіпсіздік кеңістігін құруға дайындығымен анықталатынын баса айтты.
Қазақстандық ВДНХ павильонының алаңында ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаевтың креативті индустрия өкілдерімен кездесуі өтті.
Олардың қатарында - Қазақстан мен Ресейден келген жас режиссерлер, жазушылар, продюсерлер, фотографтар, операторлар, актерлер, музыканттар, модельдер, әншілер, клипмейкерлер, контент - және ЖИ-креаторлар бар.
Олардың барлығы Qosh Creative шығармашылық тобына біріктірілген. Оның міндеттерінің бірі - әлемге заманауи, прогрессивті, жоғары интеллектуалды және стильді қазақстандықтың жаңа бейнесін ұсыну. Қоғамдастықтың миссиясы - Қазақстан мен Ресейдің креативті индустриялары арасында идеялармен, технологиялармен, контентпен және кадрлармен алмасу бойынша басты және сенімді көпір болу.
Іс-шара аясында жастар өздерінің іске асырылған жобаларын, бэкстейдждерін, музыкалық клиптерін, шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Елші Qosh Creative қатысушыларымен диалог барысында олардың шығармашылығын жоғары бағалады және бүгінгі таңда креативті секторды қолдау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Осылайша, ол біздің құндылықтарымыз бен мәдениетімізді насихаттай отырып, мағыналар мен идеялардың жетекшілеріне айналатын адамдардың кәсіби қауымдастығы қалыптасады деп қосты.
Қорытындылай келе, Д. Абаев кездесуге қатысушыларға әзіл сезімін сақтауға және дамытуға шақыра отырып, олардың бастамаларына сәттілік тіледі.
Мәскеуде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы бизнес-семинар барысында ҚР-ның РФ-дағы Елшісі Дәурен Абаев Ресеймен сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Ағымдағы жылдың 7 айында өзара тауар айналымы $15,9 млрд. құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артық. Соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар Қазақстанға шамамен - $31 млрд., қазақстандықтар Ресейге $9,2 млрд. салған.
Іскер топтар мен банк секторының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Д.Абаев Қазақстанда инвесторларды қолдаудың кешенді жүйесі құрылғанын: жобаларды үш деңгейлі сүйемелдеу, Инвестициялық штаб, Инвестициялық омбудсмен институты және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтінін атап өтті.
Қолданыстағы заңнама аясында инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары - салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру түріндегі преференциялар ұсынылады.
Елші Қазақстанның жаңа Салық кодексінің қолданылуы және ресейлік компаниялардың елдегі жұмысының артықшылықтары туралы айтып берді.
Сөзін қорытындылай келе, Д.Абаев бизнес қауымдастығы мен банк секторының өкілдерін Қазақстандағы өзара тиімді жобаларға қатысуға шақырды.
Дәстүр бойынша, оқу жылының басында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Мәскеу жоғары оқу орындарының қазақстандық бірінші курс студенттерімен кездесуі өтті.
Елші жастарды оқуға түсуімен құттықтап, оқуда табыс тіледі. Ол сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның кадрларды даярлау ісіне баса мән беретінін еске салды.
Д.Абаев студенттерді оқудан барынша нәтиже шығаруға, ой-өрісін кеңейтуге, Ресейдің мәдени мұрасымен белсенді танысуға, елде болу ережелерін сақтауға, әлеуметтік капиталды жинақтауға және өз тегін ешқашан ұмытпауға шақырды.
«Естеріңізде болсын, әрқайсыңыз – өз халқыңыздың елшісісіз. Сіздерге қарап біздің еліміз бен ұлтымыз туралы пікір қалыптасады. Оқуды бітіргеннен кейін алған білімдеріңізді Отанымызда қолданасыздар. Қазақстанға сіздердің білімдеріңіз, күш-жігерлеріңіз бен тәжірибелеріңіз қажет», - деп атап өтті Елші.
Ол Елшілік студенттердің шығармашылық бастамаларын қолдауға, қиын жағдайларда көмек көрсетуге және үйден жырақта жүргенде сенімді тірек болуға дайын екеніне сендірді.
Кездесу соңында Елші студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев XII Санкт-Петербург Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты.
«Кино» панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыға эвакуацияланған орталық киностудиялар қазақстандық кинематографтың дамуына қуатты серпін бергенін еске салды.
Сондай-ақ, Елші 1980 жылдары БМКИ-де (ВГИК) қазақстандықтардан арнайы шеберхана жинақтаған танымал кинорежиссер Сергей Соловьевтің қосқан үлесі туралы атап өтті. Бұл мақсатты топ кино тарихындағы аңызға айналған оқиға болып, «Қазақ жаңа толқыны» феноменінің пайда болуына негіз қалады.
Д.Абаев Қазақстан мен Ресей кинематографистері ынтымақтастығының өсіп келе жатқан серпінін ризашылықпен атап өтті. Елдер жыл сайын ондаған фильмдерін прокатқа шығарады, ресейлік кинокомпаниялар түсірілім үшін қазақстандық локацияларды жиі пайдаланады. Табысты ынтымақтастықтың мысалдарының ішінде ол «Почтальон Победы» (Жеңіс пошташысы) әскери-тарихи драмасын атады, сондай-ақ көрнекті композитор Евгений Брусиловский туралы Қазақстан-Ресей бірлескен фильмі бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
Осылайша, кинематография ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, сонымен бірге диалог үшін кеңістік құра алады, деп қорытындылады Елші.
XII Санкт-Петербург Халықаралық біріккен мәдениеттер форумы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның қатысушылары арасында мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен бизнестің өкілдері, сарапшылар мен журналистер бар. Олар идеялармен алмасады, қазіргі мәдени ортаның даму тенденциялары мен өзекті мәселелерін талқылайды. Биылғы жылы «Біріккен мәдениеттер – ортақ құндылықтар» тақырыбындағы форумға 70 елден 2,5 мыңға жуық қатысушы жиналды.
Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Таңертеңнен бастап ҚР-ның Мәскеудегі Елшілігі мен Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахан, Екатеринбург қалаларындағы Бас консулдықтарының ғимараттарына қала тұрғындары мен осы қалаларда тұратын отандастарымыз гүл шоқтарын әкелуде. Олар қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге қолдау сөздері мен тезірек сауығып кетуін тілеуде. Сондай-ақ ҚР РФ Елшілігінің электронды поштасына да көңіл айту хаттары келіп түсуде.
ҚР Ресейдегі дипломатиялық өкілдіктерінде көңіл айту кітаптары ашылды. Оларда Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Василий Осьмаков, Ресей СІМ ТМД елдерінің үшінші департаментінің директоры Александр Стерник, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, ТМД Бас хатшысының орынбасары Денис Трефилов, Австралияның Ресейдегі Елшісі Джон Гиринг, Беларусьтің Ресейдегі Елшісі Юрий Селиверстов, Омбы қаласының вице-мэрі Елена Дячук, Астрахандағы Ресей СІМ өкілдігі басшысының м.а. Михаил Сморж, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Александр Неваленный және басқалар жазба қалдырды.
Келушілер қазақстандық әскери қызметшілермен болған қайғылы оқиғаны қайғыра қабылдағандарын атап өтті. Осы бір ауыр сәтте олар қазақстандықтармен бірге аза тұтып, қаза тапқандардың жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, оларға төзімділік пен рух мықтылығын, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек білдірді.
Екатеринбургтегі Халықаралық жастар фестиваліне қатысу аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев екі интерактивті сессияда сөз сөйледі. «Көпполярлы әлемдегі көшбасшылық: халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында елдің позициясын не айқындайды» интерактивті сессиясы барысында Елші үлкен Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін бірнеше нәрсе маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Біріншісі – ішкі тұрақтылық. Сондықтан біз адами капиталды, технологияларды, инфрақұрылым мен логистиканы дамытып жатырмыз. Екіншісі – біз елдер мен құрлықтарды байланыстыра білуіміз, өзара іс-қимыл кеңістігін құруымыз қажет. Үшіншісі – сенім. Қазақстан әрқашан өз сөзін ұстанатын адал, тең құқылы серіктес болуға тиіс», – деді Д. Абаев. Ол бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік архитектурасының ауқымды трансформациялануы жағдайында Президент Қ.Тоқаевтың «орта державалардың» әлемдік саясаттағы рөліне тұжырымдамалық көзқарасы ерекше маңызға ие екенін еске салды.
Өз кезегінде РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанның халықаралық аренадағы маңыздылығын атап өтті. Оның бағалауынша, Республиканың әлеуеті «орта держава» шеңберінен асып түседі. «Қазақстан әлемге және біздің Еуразия құрлығына орасан зор үлес қосты, соның бірі – өркениетаралық үлес. Дәл осы Қазақстанда мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогына байланысты түрлі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары басталған болатын. Бұл серпінді оқиға болды. Біз әріптестерімізді мақтан тұттық және осы идеяларды насихаттау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық», – деді М. Захарова.
«Болашақ дағдылары: галстуксіз диалог» сессиясы барысында Елші қоршаған ортаға қарағанда тезірек өзгере білу қабілетін болашақтың басты дағдысы деп атады. «Біріншісі – қайта үйрену қабілеті. Екінші қабілет – дұрыс сұрақтар қоя білу. Үшіншісі – келісе алу, өзгені ести білу қабілеті», – деп Д.Абаев өз ойын түсіндірді. Оның айтуынша, болашақ адамына өз бағытын жоғалтпай, белгісіздік жағдайында өмір сүру қабілеті қажет болады, ал бұл эмоционалды жетілуді, өзін-өзі тәрбиелеуді және зейінді шоғырландыра білуді талап етеді. Елші қазіргі жастардың осыны үйренуге және біздің ортақ болашағымызды айқындайтын басқа да көп дағдылар мен қабілеттерді меңгеруге толық мүмкіндігі бар екеніне сенім білдірді. «Болашақ көшбасшыларға айтар кеңесім – ең алдымен, жақсы адам, өз ісінің кәсіби маманы болыңыздар және әлеуметтік капиталыңызды үнемі арттырып отырыңыздар», – деді Д.Абаев жастарға арнаған сөзінде.
Анықтамалық ақпарат:
Халықаралық жастар фестивалі Екатеринбургте 11-17 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 191 елінен 14 пен 35 жас аралығындағы 10 мың адам қатысуда. Олардың қатарында 200 қазақстандық бар.
Панельдік сессиялар мен пікірталастардың негізгі тақырыптары: ғылым және білім, цифрландыру және IT, кәсіпкерлік, креативті индустриялар, мемлекеттік басқару, медиа, азаматтық белсенділік, спорт.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Мәскеу сауда-өнеркәсіп палатасының (МСӨП) президенті Владимир Платоновпен кездесті.
Тараптар Қазақстанның және Ресей астанасының іскер топтары арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Цифрландыру, жасанды интеллект, «ақылды қала», көлік, медицина және телемедицина салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, МСӨП Мәскеу жоғары оқу орындарының ресейлік және шетелдік студенттеріне бағытталған «Өз бизнесіңді Мәскеуден баста» («Начни свой бизнес с Москвой») Халықаралық кәсіпкерлік мектебінің жобасын іске асыруда. Бағдарлама білім беру және акселерация кезеңдерін, сондай-ақ мәскеулік компаниялардағы тағылымдамаларды қамтиды. Үш жыл ішінде жобаға Қазақстаннан 18 студент қатысқан. МСӨП Мәскеуде оқитын қазақстандық студенттерді Палатаның кәсіпкерлік бағдарламаларына және Мәскеу компанияларымен өзара іс-қимылға белсенді тартуды ұсынды.
Өнімдерді бір-бірінің нарығына шығару мақсатында бірлескен іскерлік іс-шараларды, көрмелерді, өзара бизнес-миссияларды ұйымдастыру, бизнес-жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша оның қатысушылары өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде ресейлік парламентшілердің, дипломаттардың және саясаттанушылардың қатысуымен ҚР Құрылтайы сайлауының қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жиналғандарды Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс берудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. Ол «Әділет» партиясының жеңісі халықтың саяси бағытты қолдауының және Президент Қ.Тоқаевқа, оның мемлекеттілікті нығайту жөніндегі өзгерістеріне сенім білдіруінің дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау қазіргі Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңді ашып, мемлекеттің жаңартылған конституциялық моделіне көшуді білдіреді. Елші мемлекеттік институттар жүйесіне «Құрылтай» ұғымының қайта оралуы қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрін өкілдік демократияның қазіргі моделімен байланыстыратынын баса айтты.
Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Денисов өткен сайлауды «үлгілі» деп атап, сайлау учаскелеріне әлеуметтік белсенді халықтың төрттен үш бөлігі келгенін атап өтті. «70 пайыздан аса қатысу көрсеткіші қоғамның әлеуметтік жетілуінің және ішкі саяси процестердің басқарылуының ең жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді», – деді сенатор. Қытай философиясы тұрғысынан ол сайлаудың аяқталуы – бұл мәре емес, керісінше, дамудың жаңа кезеңінің басталуына көшу екенін атап өтті. Сондай-ақ, А.Денисов Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастық тетігінің сабақтастығы мен сақталуына сенім білдірді.
Оны Мемлекеттік Думадағы «Единая Россия» партиясы фракциясы басшысының орынбасары Виктор Селиверстов қолдады. Ол Қазақстандағы реформалардың жоғары сапасын атап өтті. «"Екі жыл ішінде 50 жылдық тарихқа жететіндей көп іске асырылды», – деп атап өтті депутат.
Ресей СІМ ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерникке сайлау науқаны барысында байқалған саяси мәдениеттің жоғары деңгейі зор әсер қалдырған. «Барлық партиялардың бәсекелестігі өркениетті пікірталас аясында жүргізілді, біз бұны өз бақылаушыларымыз арқылы біліп отырмыз, сондай-ақ достас миссиялардың қорытындылары да осыны көрсетеді», – деп атап өтті дипломат. Ол қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген науқанның екі тілді сипатын да маңызды сәт деп атады. Сондай-ақ, Ресей СІМ өкілі Президент Қ.Тоқаевтың сыртқы саясат тұжырымдамасына енгізген өзгерістеріне назар аударды.
РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары Сергей Афонцевтің пікірінше, сайлау нәтижелері соңғы жылдары қабылданған институционалдық шешімдердің дұрыстығын, сонымен қатар тұрақтылықты, айқындықты, ұлттық мүдделерді таңдаған Қазақстан халқының даналығын көрсетеді. Ол сондай-ақ, жаңа парламенттің «Құрылтай» деп аталуы тарихи сабақтастықты, бүгін ғана пайда болмай, ғасырлар бойы ел дамуының негізінде жатқан терең тарихи мүдделер мен дәстүрлердің өмірге дәйекті түрде енгізілуін бейнелейтінін атап өтті.
«Петербург саясаты» («Петербургская политика») қорының президенті Михаил Виноградов сайлау барысында Қазақстанның екі міндетті шеше алғанын еске салды: дауыс беруді заңдылықтың жеткіліксіздігі туралы сыртқы сын-қатер толқынын тудырмай өткізу және соңғы жылдары құрылып жатқан саяси құрылымды нығайту. Сарапшы сайлау процесінің оң жақтары ретінде парасатты консерватизм жағдайындағы динамика сезімін және ұрпақтар алмасуын, жасаруды атады, өйткені ротацияның болмауы әлеуметтік және саяси тәуекелдерді арттырады.
Саясаттанушы, «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев атап өткендей, Президент Қ.Тоқаев тұрақтылық пен дамуды қалай үйлестіруге болатынын біледі, жүргізілген саяси реформа осының дәлелі. «Қазақстанның сайлау жүйесі мен партиялық-саяси жүйесі ұлттық ерекшелікті, қоғам мен биліктің сұранысын, болашаққа деген ұмтылысты және прогреске деген талпынысты көрсетеді. Барша азаматтардың игілігі үшін жаңа реформалардың бастау нүктесіне айналатын бұл сайлаудың заңдылығына ешкім күмән келтіре алмайды», – деп түйіндеді сарапшы.
«Минченко консалтинг» талдау департаментінің басшысы Кирилл Петров Қазақстандағы президенттік республика бүкіл қоғам үшін инклюзивті үлгі ретінде жақсы жұмыс істейтініне назар аударды: бір жағынан, Президент жеделдетілген режимде кезектен тыс сайлау өткізіп, «Әділет» партиясын қолдаса, екінші жағынан, басқа партияларға да өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Сарапшы бұл - үйлестіруші тәсілдің айқын көрінісі екеінін атап өтті.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оған қатысушылар қазақстандықтарды сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, Мемлекет басшысының беделі мен қазақстандық қоғамның саяси жетілу деңгейін атап өтті. Шараға қатысушылардың айтуынша, халықтық сенім мандаты жаңа бірпалаталы парламент - Құрылтайға ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Олардың негізгі мақсаттары - елді одан әрі демократияландыру, азаматтардың, бизнестің, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне және ел ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген экономика құру, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың тұрмыс деңгейін арттыру болмақ.
Мәскеудегі «Каро 11 Октябрь» кинотеатрында қазақстандық «Алаяқтар» («Мошенники») өткір әлеуметтік криминалдық драмасының көрсетілімі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, белгілі мәдениет қайраткерлері, продюсерлер, режиссерлер, актерлер, блогерлер қатысты.
Соңғы жылдары қазақ киносы табысты дамып келеді, көптеген қызықты және өзекті фильмдер экранға шықты. Бұл фильмдер Ресейде де үлкен танымалдылыққа ие, соның арқасында аудитория Қазақстан туралы, бүгінгі таңда қазақ қоғамын не мазалайтыны және қазақстандықтардың не ойлайтыны туралы көбірек әрі жақсырақ біле түсуде. Бұл екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосылған тағы бір үлес болып табылады.
Көрсетілім қорытындысы бойынша «Алаяқтар» (Мошенники) фильмі оң пікірлерге ие болды. Көрермендерді тартысты сюжет пен мәселенің өзектілігі тәнті етті. Белгілі болғандай, бұл туынды қылмыстық схемалар, қаржы пирамидалары, жасырын колл-орталықтар туралы танымал сериалдың жалғасы болып табылады және қазіргі заманғы цифрлық алаяқтықтың ішкі қыр-сырын ашады.
Сценарист, продюсер және басты рөлді сомдаушы Рүстем Омаров фильм идеясы жеке тәжірибесінен туындағанын айтты, алаяқтар оның анасын алдауға тырысқан. «Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Ресей мен бүкіл посткеңестік кеңістік үшін де өте өткір мәселе. Алаяқтар - мықты психологтар, олар үнемі жаңа схемаларды ойлап табады, сондықтан біздің міндетіміз қырағы болу және олардың айла-амалдарына алданбау», - деп өз ойымен бөлісті ол.
Өз кезегінде режиссер Олжас Нұрбай бұл фильмді, ең алдымен, 50+ жастағы аға буын өкілдері көруі керек деп санайды, өйткені олар алған тәрбиесі мен тым сенгіштігінен осындай қылмыстардың негізгі құрбаны болып жатады. Қазақстандық киноның Ресейдегі танымалдылығы туралы айта келе, ол басты фактор ретінде оның өмірлік маңыздылығын, шынайылығын, өзектілігін және Ресей қоғамын да толғандыратын мәселелерді ашып көрсететінін атап өтті.
Көрсетілімді тамашалаған белгілі ресейлік суретші Никас Сафронов қазақстандық кинематографияға жоғары баға берді. Оның айтуынша, қазақстандықтар ең үздік жетістіктері мен озық шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, тамаша туынды шығара білген.