Минск, 2021 жылғы 18 тамыз – Минск «Достық үйінің» тарихи ғимаратында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен дипломатиялық өкілдіктер командалары арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шахмат турнирі өтті.
Турнирдің салтанатты ашылуында Қазақстанның 30 жыл тәуелсіздігі ішінде қол жеткізген негізгі жетістіктері атап өтілді.
Турнирге Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Швеция, Ұлыбритания, Сербия дипломатиялық миссияларының қызметкерлері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Беларусь Республикасындағы өкілдігі қатысты.
Кейбір ойыншылар бұған дейін шахмат тақтасында бірнеше рет кездесіп, бір-бірін жақсы білді және ұтысқа жету үшін зор күш салды. Ойын қызу басталды және ФИДЕ қатаң талаптарына сәйкес Швейцария жүйесі бойынша өтті.
Ымырасыз күресте ең көп ұпай жинаған үш ойыншы алдыға суырылып, турнир жеңімпаздары болып Хаджикурбан Довлетов (Түрікменстан) , Рикардсон Конрад (Швеция) және Ғалымжан Әлиханов (Қазақстан) атанды.
Ойын соңында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі барлық қатысушыларға зор алғыс білдіріп, турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне спорттық кубоктар мен грамоталар табыс етті.
Бұған қоса турнирге қатысқан дипломаттардың балалары – Мирас Әлиханов, Мадияр Қанат және Тамерлан Шуватов жеке марапаттарға ие болды. Олар жас ерекшеліктеріне қарамастан, ересек қарсыластарына лайықты қарсы тұра алды.
