Мадридте геосаяси өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы талқыланды

Мадридте геосаяси өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы талқыланды

Мадрид, 2026 жылғы 27 қазан – Испанияның беделді «IE University» университетінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуына арналған конференция өтті. Іс-шарада негізгі баяндаманы Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев жасады. Пікірталасқа испан саясаттанушылары Антонио Алонсо мен Хосе Луис Эрреро модераторлық етті.

Іс-шара барысында Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі қағидаттары, елдің халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі рөлі, сондай-ақ ядролық қарусыздануға, көпжақты ынтымақтастықты дамытуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге қосқан үлесі талқыланды.

Д. Мұсаев Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жыл ішіндегі басты жетістіктеріне де тоқталып, экономикалық жаңғыру, инвестициялық әлеует және Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік бағыты ретінде Орта дәлізді дамыту мәселелеріне назар аударды.

Саяси және конституциялық реформаларға, оның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануына, бір палаталы Парламентке көшуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Конференцияның ерекшелігі практикалық кейстерді (case studies) талқылауға негізделген интерактивті формат болды. Сессия барысында қызу пікірталас өрбіп, қатысушылар ұсынылған міндеттерді шешудің өзіндік жолдарын ортаға салып, оларды Қазақстанның тәжірибесімен салыстырды.

Конференция соңында Елші аудиторияның сұрақтарына жауап беріп, елдің сыртқы саясаты мен дамуының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.