Алматының туристік әлеуеті Лондондық көрмеде таныстырылды

Алматының туристік әлеуеті Лондондық көрмеде таныстырылды

ЛОНДОН, 2020 жылғы 18 қаңтар – Қазақстанның ірі туристік компаниялары шетелдік туризм әуесқойлары үшін маңызды оқиғалардың бірі болып табылатын «Adventure Travel Show 2020» халықаралық туристік көрмесіне қатысты.

Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 120-дан астам жетекші туристік операторлар қатысуда. «Adventure Travel Show 2020» көрмесіне қатысушылар қатарында қазақстандық «Visit Almaty», «Sky Way LTD», «Turan Asia», «Trans Avia Tour» және «Хан Тәңірі» сияқты ірі компаниялар мен туристік ұйымдар бар.

Көрмеге қатысуды Алматы қаласының Туризм басқармасы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен қаланың туристік өнімін еуропалық нарықтарда ілгерілету, Алматыға халықаралық туристік ағындарды көбейту және Алматы қаласының туризм және демалыс үшін қолайлы қала ретінде беделін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырды.

Қала Алматы брендіне сәйкес жеке стендпен ұсынылды. Көрме аясында қонақтарға Алматы туралы бейнеролик көрсетілді, қала бойынша виртуалды турлары бар арнайы VR аймағы, сондай-ақ ұлттық тағамдар мен жарнамалық-ақпараттық өнімдер ұсынылды.

Көрме 19 қаңтарға дейін келесі мекен-жай бойынша өтеді: Olympia London, Hammersmith Road, London W14 8UX.