QazEta: Қазақстан Республикасына кіруге арналған электрондық рұқсатты ресімдеу

2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанға кіруге электрондық рұқсатты енгізуді көздейтін қаулы қабылдады.

Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі:

- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап - Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Ауқатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде;

- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - Астана және Алматы халықаралық әуежайларында;

- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап - Мемлекеттік шекарадағы қалған өткізу пункттерінде;

- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап - шетелдіктер үшін электрондық рұқсат алу міндетті болады. Осы күннен бастап оның болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болады.

Өтпелі кезеңде, яғни 2027 жылғы 1 шілдеге дейін, электрондық рұқсаттың болмауы өздігінен елге кіруден бас тартуға негіз болмайды. Бұл ретте шетелдік азаматтарға оны рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі.

Қазақстан Республикасына кіруге электрондық рұқсат барлығына тегін беріледі және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған цифрлық платформа арқылы рәсімделеді.

Жаңа жүйе көші-қон процестерін цифрландыруға, шетелдік азаматтар үшін рәсімдерді жеңілдетуге және елге келетін адамдарды алдын ала тексерудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Электрондық рұқсатты рәсімдеу тәртібі

1.  QazETA ресми мобильді қосымшасын жүктеу. Қосымша Google Play және App Store дүкендерінде қолжетімді. Сондай-ақ qazeta.kz сайтындағы веб-нұсқаны пайдалануға болады.

2.  Тіркелу. Электрондық пошта мекенжайын немесе телефон нөмірін көрсетіп, оны растаңыз.

3.  Өтінім беру. ETA алуға өтінімді шекарадан жоспарланған өту уақытына дейін кемінде 72 сағат бұрын беру қажет. Әдетте жауап бірнеше минуттан жарты сағатқа дейінгі уақыт аралығында келеді.

4.  Қажетті құжаттар мен мәліметтерді дайындау:

·шетелге шығуға арналған паспорт немесе қабылданатын өзге жол жүру құжаты. Паспорттың жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болғаны ұсынылады. Ресей азаматтары үшін кейбір жағдайларда ішкі паспортты пайдалану мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін - мұны қосымшада нақтылау қажет;

·паспорттың сканерленген көшірмесі немесе фотосуреті. Қосымша NFC-чиптегі деректерді оқи алады;

·сапардың мақсаты, болжамды мерзімі және байланыс деректері;

·қажет болған жағдайда қосымша құжаттар.

5. Электрондық рұқсатты алыңыз. Рұқсат 180 күн бойы жарамды және осы кезеңде елге бірнеше рет кіруге мүмкіндік береді.

Электрондық рұқсатты тікелей шекарада да рәсімдеуге болады.

Маңызды ақпарат

- ETA қажет болған жағдайда визаны алмастырмайды, елде болу мерзімін ұзартпайды және Қазақстанға кіруге кепілдік бермейді.

- Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері, ресми делегациялардың мүшелері, аккредиттелген дипломаттар, сондай-ақ Қазақстанның қолданыстағы визасы немесе елде тұруға ықтиярхаты бар адамдар электрондық рұқсат алу талабынан босатылады.

- Сапар алдында өзекті ақпаратты qazeta.kz ресми сайтынан тексеру қажет.

Электрондық рұқсат жүйесі елге келетін адамдар туралы мәліметтерді алдын ала тексеруге, көші-қон рәсімдерін ыңғайлы етуге және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту кезіндегі бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жарияланған күні

25 қараша 2026

Жаңарту күні

25 қараша 2026