Қазақстан Республикасының 2021 жылғы халық санағы
Халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау (респонденттерге жаппай сауал салу арқылы), өңдеу және алынған ақпаратты, статистикалық көрсеткіштер жүйесін және олардың талдауын қалыптастыру, халық туралы агрегатталған (иесіздендірілген жиынтық) деректерді бағалау және тарату процесін қамтитын арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында елімізде Ұлттық халық санағы өтеді.
2021 жылғы Ұлттық халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады:
- Дайындық кезеңі. 2021 жылы маусым айының 1 мен 30 аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Санақтық аудандастыру – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
- Негізгі кезең. 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қазақстандықтар онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс шет елдерде тұратын ҚР азаматтары www.sanaq.gov.kz сайтында немесе әлеуметтік желіде «Aitu» мобильдік қосымшасы арқылы санақ парақтарының сұрақтарына жауап беруге шақырылатын болады.
Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда әркім маңызды!