
Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жоғары белсенділігімен ерекшеленеді. Екі ел халықтарының рухани жақындасуына ықпал ететін ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, шығармашылық ұжымдардың концерттері, музыкалық және мәдени фестивальдер, сондай-ақ спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Екі мемлекет арасында білім және ғылым саласында берік ынтымақтастық орнатылған. 2012 жылғы 18 сәуірден бастап жоғары білім беру саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум әрекет етеді, сондай-ақ Қазақстан-Малайзия жоғары білім жөніндегі бірлескен жұмыс тобы құрылған. Қазақстан мен Малайзияның жоғары оқу орындары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 20-дан астам меморандумға қол қойылған. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Малайзияның жоғары оқу орындарында 1724 қазақстандық студент білім алуда.
2019 жылы Куала-Лумпур қаласындағы Малайзия Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде алғаш рет «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ұйымдастырылып, оны 21 мыңнан астам адам тамашалады.
2020 жылы қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Куала-Лумпурдағы Малайзия Ұлттық кітапханасында Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуы және алғаш рет малай тіліне аударылып басылған Абайдың «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақстандық шығармашылық ұжымдар Сабах штатында өтетін «Sabah International Folklore Festival» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты. «Astana Pro Team» кәсіби велокомандасы Малайзиядағы «Tour de Langkawi» көпкүндік веложарысына тұрақты түрде қатысып келеді. 2017 жылы Астана қаласында өткен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстанда Малайзия мәдениетінің күндері ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 2021 жылғы 15 сәуір мен 6 мамыр аралығында көрнекті ғалым әрі философ Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына арналған «Әл-Фараби – Қазақстанның інжу-маржаны» деректі фильмі Малайзияның «Al-Hijrah TV» телеарнасында көрсетілді.
2023 жылғы маусымда Куала-Лумпурда әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің «Stranger» әлемдік туры аясындағы жеке концерті өтті. Axiata Arena алаңында өткен концертке Малайзия, Қазақстан және өңірдің басқа елдерінен көрермендер жиналып, жылдың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналды. Іс-шараның арнайы қонағы ретінде танымал малайзиялық әнші Сити Нурхализа өнер көрсетіп, бұл Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени ықпалдастықтың жарқын көрінісі болды.
Қазақстан диаспорасының қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі 2024 жылғы 11 қарашада Куала-Лумпурда Қазақстан Елшілігі мен «Отандастар» қорының қолдауымен өткен Азия қазақтарының алғашқы Құрылтайы болды. Форум аясында шетелдегі қазақ тілі мен мәдениетін сақтау, білім беру және іскерлік байланыстарды дамыту, сондай-ақ қандастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтағы ерекше оқиғалардың бірі 2024 жылғы 7–10 қараша аралығында Куала-Лумпурдағы Pavilion Damansara Heights сауда-көрме кешенінде өткен «Kazakh Culture Week» – Қазақстан мәдениеті апталығы болды. Іс-шара Малайзия жұртшылығы арасында Қазақстанның туристік әлеуетін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Мәдениет апталығы аясында Алматы қаласы әкімдігі, туризм саласындағы ұлттық компания және қазақстандық туроператорлар өкілдерінің қатысуымен арнайы роуд-шоу ұйымдастырылды. Малайзиялық аудиторияға Қазақстанның туристік бағыттары, экологиялық, мәдени және іскерлік туризм мүмкіндіктері, сондай-ақ екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейту перспективалары таныстырылды.
2025 жылғы желтоқсанда Куала-Лумпурда Түркістан облысындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен Куала-Лумпур мэриясы оркестрінің қатысуымен қазақ және малайзиялық халық шығармашылығының бірлескен фьюжн-концерті өтті. Қазақстан Елшілігі мен қала әкімшілігі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара мәдени диалогты дамытудың жарқын үлгісіне айналып, малайзиялық қоғам тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі MATTA Fair, International Tourism and Culture Exhibition (INTAC) және World Islamic Tourism & Trade Expo (WITEX) секілді Малайзиядағы ірі халықаралық туристік көрмелер мен салалық форумдарға жүйелі түрде қатысып келеді. Осы іс-шаралар аясында Елшілік қазақстандық туристік ұйымдармен және өңірлермен бірлесіп Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған презентациялар, B2B-кездесулер, мәдени бағдарламалар мен роуд-шоулар ұйымдастырады. Туризм саласындағы ынтымақтастықтың жандануы, тікелей әуе қатынасының дамуы және визасыз режимнің енгізілуі өзара туристік ағынның айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Қазақстанның туристік ұйымдарының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанға келген малайзиялық туристер саны алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда бес еседен астам артты.