Қазақстан мен Молдованың инвестициялық мүмкіндіктері Бизнес-форумда талқыланды

Қазақстан мен Молдованың инвестициялық мүмкіндіктері Бизнес-форумда талқыланды

Ү.ж. 14 маусымда Қазақстанның Кишиневтегі Елшілігінің бастамасымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің, МР Вице-Премьері – Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі В.Боляның, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік құрылымдарының және іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция режимінде «Қазақстан – Молдова: жаңа мүмкіндіктер» атты Бизнес-форумы ұйымдастырылды.

Форумды аша отырып, ҚР Елшісі А. Айдарбеков бұл іс-шара тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтып, оның Қазақстан-Молдова өзара іс-қимылының әлеуетін жүзеге асыру платформасы, Астана қаласында өткізілуі жоспарланған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын іске асыруға дайындық болатынына сенім білдірді.

Өз сөзінде МР Вице-Премьері – Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі министрі В.Боля Шығыс Еуропа өңіріндегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Молдова тарапы Қазақстанмен екіжақты өзара
іс-қимылды одан әрі дамытуға ниетті екенін, оны бүгінгі Бизнес-форум растайтынын атап өтті. Бұл ретте В.Боля Молдовадағы мүмкіндіктер туралы толығырақ ақпарат бере отырып, қазақстандық бизнесмендерді оның инвестициялық әлеуетімен танысу мақсатында елге келуге шақырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторының ағымдағы дамуы, осы саланың инвестициялық әлеуеті, оның ішінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін салықтың негізгі түрлерінен босату туралы айтып берді. Е.Қарашөкеев Молдова кәсіпкерлерін Қазақстан экономикасына инвестиция салуға шақырды.

Қатысқан екі елдің квазимемлекеттік құрылымдары мен іскер топтарының өкілдері инвестициялық әлеуеті мен кооперацияның перспективалары туралы баяндамалар жасады. Қазақстан мен Германия компаниялары басшыларының сөз сөйлеуі ерекше қызығушылық тудырды. Олар Молдовада шыны зауытын салу туралы өз жоспарларымен бөлісті.

Жалпы, бұл іс-шара Қазақстан мен Молдовада өз қызметін жандандыруға ниет білдірген екі ел кәсіпкерлерінің шынайы қызығушылығын тудырды.