Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

Ардақты ағайын!   

Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі. Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.   Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.    Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.  Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!   Айттан айтқа аман-есен жете берейік!

Басталу уақыты

20 шілде 2021

Соңғы күні

23 шілде 2021

Оқиға түрі

Послание Президента