Қазақстанның туристік әлеуеті Вьетнамда ұсынылды

Ханой, 2024 жылғы 11 желтоқсан – Қазақстан Республикасының туристік әлеуетін ілгерілету тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға Вьетнам Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығының Президенті Динь Вьет Хоа мырза (Dinh Viet Hoa), Ханой колледжінің ректоры Чинь Тхи Тху Ха ханым (Trinh Thi Thu Ha), Вьетнам Аспаздық туризм федерациясының Бас хатшысы Нгуен Суан Куинь мырза (Nguyen Xuan Quynh), туризм саласының сарапшылары, жергілікті туркомпаниялар, БАҚ және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш өз сөзінде Қазақстан Үкіметінің осы секторда атқарған жұмысының негізгі элементтерін, оның ішінде визалық-көші-қон режимін жетілдіру, инфрақұрылымды жақсарту, тұрақты туризмді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары мен негізгі капиталға инвестициялар, сондай-ақ елімізді Еуразияда тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуді атап өтті.
Ол 2024 жылғы мамырда Қазақстан мен Вьетнам арасындағы визасыз режимнің күшіне енуі және "Эйр Астана" авиакомпаниясының жақында Астана-Фукуок және Алматы-Фукуок жаңа рейстерінің ашылуы, сондай-ақ 2025 жылғы сәуірде Алматы-Дананг бағыты бойынша "SCAT" авиакомпаниясының жаңа рейсінің ашылуы туралы айтты.
Бұған қоса, белсенді және іскерлік туризм үшін тартымды тау шаңғысы курорттары, әсем аймақтар, ежелгі қалалар мен кең далаларды қамтитын Қазақстан туралы бейнероликтер көрсетілді.
2024 жылдың қазан айында Қазақстан "Lonely Planet best in Travel 2025" беделді тізіміне енді, бұл оның әлемдік туристік картада өсіп келе жатқан танымалдылығын көрсетеді.
Сонымен қатар, Қ.Тумыш "Kazakhstan: Born Bold" экономикалық өсуге, әлеуметтік прогреске және инновацияларға елдің серпінді, көреген көзқарасын көрсетуге арналған Қазақстанның халықаралық жарнама компаниясын таныстырды. Компания мақсаты – Қазақстанның экологиялық және технологиялық прогресс саласындағы батыл әрі серпінді жаһандық экономикалық ойыншы ретіндегі беделін арттыру.
Қатысушылар елімізде вьетнамдық саяхатшылар үшін қолда бар мүмкіндіктерге, соның ішінде мәдени маршруттарға, тау туризміне және Қазақстанның ұлттық парктері бойынша бірегей сапарларға айтарлықтай қызығушылық таныта отырып, іс-шараның ақпараттылығын бағалады.