Гаагада Республика Күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

Жарияланған күні: 25 қазан 2023

Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі Гаагада Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты қабылдау өткізді.

Шақырылған қонақтардың арасында әртүрлі елдердің елшілері мен дипломаттары, іскер топтары, Корольдіктің министрліктері мен ведомстволарының қызметкерлері, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері болды.

Қазақстан Республикасының Елшісі Асқар Жұмағалиев өз сөзінде «25 қазан – еліміздің тарихындағы маңызды күндерінің бірі, өйткені 1990 жылы дәл осы күнде Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды». Осы орайда Елші Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси, экономикалық және мәдени бағыттағы реформалар, экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру бойынша тапсырмалар және т.б. ісшараларды атап өтті. Халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан Асқар Жұмағалиев біздің жолымызды қолдаудағы Нидерландтың маңызды рөлін де меңзеді. «Нидерландпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері біз екіжақты ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Біздің бірқатар салалардағы бірлескен байланыстарымыз нығайып келеді. Осы уақыт ішінде Нидерланд біздің экономикамыздың негізгі инвесторы және бесінші сауда серіктесі болды». Елші сөзін «Ынтымақ қайда болса – ырыс сонда» деген қазақтың мақалымен аяқтап, баршаны қарым-қатынасымызды нығайтуға шақырды.

 

Өз тарапынан Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің құрметті қонағы Мауриц Верхайден Қазақстанмен күн сайын нығайып келе жатқан өте жылы қарым-қатынасты атап өтті. Ол Отанымыздың даму векторын оң бағалап, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

Шараға келгендер үшін Елшілік концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Белгілі опера әншісі Айгүл Шәмшиденова Қазақстан мен Нидерландтың әнұрандарын орындап, жиналғандарды баурап алды.

Шараға келген қонақтар мерекелік қабылдауды жоғары бағалады.

Сонымен қатар, ісшара қарсаңында Елшілік «MIDDLE CORRIDOR – NEW HORIZON FOR EUROPE» атты дөңгелек үстел ұйымдастырғанын атап өтеміз, оның негізгі мақсаты Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы бірлескен бастамаларды талқылау болды.