ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Гаагада дауыс берді
ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов конституциялық құқығын пайдаланып, Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі жанынан ашылған Гаагадағы №282 сайлау учаскесінде дауыс берді.
“Біздің еліміз, жалпы, әлем дамудың жаңа кезеңіне бет алды. Қазақстанда Президентті 7 жылға сайлау бастамасы ел ішіндегі саясатта да, халықаралық аренада да еліміздің көптеген бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасалған таңдау”,-деді 24kz телеарнасына сұхбат берген Қайрат Әбдрахманов.
ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы өкілі Нидерландта тұратын қазақстандықтардың сайлауға белсенді ат салысқанын атап өтті.
Ол сондай-ақ Қазақстанның қазіргі саясатына, ұлтаралық келісімді нығайту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына және еліміздің БҰҰ Жарғысына берік екеніне жоғары баға берді.