Қазақстан Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетте баяндаманы сәтті қорғады

Женева, 2022 жылғы 21-22 сәуір - Қазақстанда адамға бағдарланған әділ және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру бойынша терең демократиялық реформалар жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бастаған қазақстандық делегация Женевада ұсынған Қазақстанның Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны орындауы туралы 8-10 мерзімдік баяндамада айтылған.
1998 жылдан бастап Қазақстан Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға қатысушы болып табылады, оған сәйкес еліміз нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністеріне тыйым салуға және жоюға, нәсілі, терісінің түсі, ұлттық немесе этникалық шығу тегіне айырмастан, әрбір адамның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге міндеттенді.
Комитет мүшелеріне тең мүмкіндіктерді көтермелеу және теңсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес стратегияларын нығайту бойынша Қазақстанның қабылдап жатқан шаралары туралы ақпарат берілді. Талқылау барысында этникалық азшылықтардың, мигранттардың, баспана іздеушілердің, босқындар мен азаматтығы жоқ адамдардың жағдайына ерекше назар аударылды.
Қазақстандық делегация әйелдер мен жастардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың сайлау процесіне кепілді тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, толеранттылықты, мәдениетаралық диалогты және әртүрлілікті құрметтеуді ілгерілету, нәсілдік кемсітушіліктің кез келген актілерін тиімді тергеуді қамтамасыз ету және олардан құқықтық қорғау құралдары, адам құқықтарын тиімді ілгерілету үшін адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мандатын нығайту, елдегі көші-қон режимін оңтайландыру және т. б. бойынша Үкімет қабылдап жатқан қадамдар туралы ақпарат ұсынды.
Комитет мүшелері тарапынан адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесінің негізгі элементтері - Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Адам құқықтары жөніндегі комиссия және Президен жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы мәселелер қызығушылық тудырды.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанның БҰҰ-ның құқық қорғау тетіктерімен өзара іс-қимылының деңгейін жоғары бағалады. Сонымен бірге, елге кемсітушілікке қарсы жан-жақты заңнаманы қабылдау, зорлық-зомбылық пен жеккөрушілік туралы шағымдарды тергеу жүйесін жетілдіру, әділ сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету және этникалық азшылықтардың саяси өмірдегі өкілдігін арттыру бойынша одан әрі жұмыс жүргізу ұсынылды.
Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенция адам құқықтары жөніндегі тоғыз негізгі халықаралық шарттардың ішіндегі ең көнесі және бүкіл әлемдегі нәсілдік дискриминацияны жоюға бағытталған негізгі келісім. Конвенция 1965 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының
бірауыздан қабылданды және 1969 жылы 4 қаңтарда күшіне енді. Құжатты ратификациялау арқылы мемлекеттер нәсілдік дискриминацияны, сегрегацияны және апартеидті айыптайды және нәсілшілдікті жою және нәсілдік түсінушілікті ынталандыру саясатын жүргізуге келіседі.