Қазақстан парламенттік инновацияларды халықаралық деңгейге шығаруда: Женевада AI-Quryltai таныстырылды

Групповое фото участников конференции AI Quryltai на фоне экрана с названием мероприятия в зале с деревянными стенами.

Женева, 2026 жылғы 15 қараша – Қазақстандық делегация Женеваға жұмыс сапары барысында БҰҰ алаңында AI-Quryltai цифрлық парламенттік платформасын таныстырып, халықаралық ұйымдар мен Женева кантоны парламентінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің жәрдемімен ұйымдастырылды. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин және Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова кірді.

Сапардың негізгі іс-шарасы Ұлттар сарайында өткен AI-Quryltai платформасының таныстырылымы болды. Қазақстандық делегация Құрылтайдың 2027–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация стратегиясын ұсынып, азаматтардың өтініштерін талдау, заң жобаларын әзірлеу, құқықтық сараптама жүргізу және парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін көрсетті. Заң шығару үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге, деректерді қорғауға және түпкілікті шешімдер қабылдауда адам бақылауын сақтауға ерекше назар аударылды.

Парламентаралық одақтың (ПАО) штаб-пәтерінде ұйымның Бас хатшысы Анда Филиппен кездесу өтті. Тараптар парламенттерді цифрлық трансформациялау және заң шығару қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. ПАО өкілдері Қазақстанның бастамаларына жоғары баға беріп, осы бағытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға қызығушылық білдірді. Келіссөздер қорытындысы бойынша парламенттік инновациялар саласындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

БҰҰ-ның Beyond Lab инновациялық зертханасының директоры Өзге Айдоғанмен кездесу барысында мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану, оның ішінде сценарийлік талдау арқылы тәуекелдерді болжау және қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді салдарын бағалау мәселелері қаралды. Тараптар Future Labs форматында бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану тәсілдерін талқылады.

Сапар аясында Женева Республикасы мен кантоны Үлкен кеңесінің (парламентінің) төрағасы Дилара Байракпен де кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Швейцарияның парламенттік жүйелерінің ерекшеліктері, мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы заң шығарушы органдардың рөлі және тікелей парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан мен Женева парламентарийлері арасындағы байланыстарды нығайтуға және өзара тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірілді.

Жұмыс сапары Қазақстанның парламент қызметін цифрландыру саласындағы тәжірибесін халықаралық әріптестерге таныстыруға, сондай-ақ жасанды интеллект пен мемлекеттік басқару салаларындағы алдағы практикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.