GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Бас Консулдық туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Все материалы
10 октября 2026
Франкфуртте «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-мәдени кеш өтті

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 9 қазан - Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы қазақтың ұлы халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-мәдени кеш ұйымдастырды.

Іс-шараға Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысу мақсатында Германияға келген Қазақстан делегациясының өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, баспа саласының мамандары мен қоғам өкілдері қатысты.

Кешті Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының атынан Бас консулдың міндетін атқарушы Мұрат Нұрғожаұлы Таукебаев ашып, кітап пен әдебиеттің ұлттық руханиятты сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуінің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен зияткерлік әлеуетті дамытуға, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.

Іс-шара барысында Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен халық поэзиясындағы айрықша орнына ерекше назар аударылды. Ақынның халық тарихын, рухани құндылықтары мен арман-тілегін бейнелейтін шығармашылығы ұлттық мәдени мұраның маңызды бөлігі екені айтылды.

Әдеби-мәдени кеш аясында академик, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» атты кітабын таныстырып, қазіргі жаһандану дәуіріндегі зияткерлік әлеуеттің, ғылыми ізденістің және рухани мұраның маңызы жөнінде ой бөлісті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Роза Мұқанова қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттарына, қаламгердің қоғамдағы орны және ұрпақтар сабақтастығы мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Анаргүл Жомартова қазақстандық әдебиетті шетелде ілгерілету, отандық авторлар мен баспалардың халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысуын қолдау, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны халықаралық оқырманға таныстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов «Зерделі ұлт – әлемдік зияткерлік қоғамдастықтың бір бөлігі» тақырыбында баяндама жасап, кітап оқу мәдениетін дамыту мен зияткерлік қоғам қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Кешке қатысқан Неслихан Мұстафақызы Өзтүрік те өз пікірін білдірді. Ол қазақ халқына, оның мәдениеті мен тіліне деген зор құрметін жеткізіп, шетелде өсіп келе жатқан жастардың бойында туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараға қатысушылар мұндай мәдени кездесулердің қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытуға, мәдени диалогты кеңейтуге және Қазақстан мен Германия арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

10 октября 2026
Қазақстанның ұлттық стенді Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды

Майндығы Франкфурт, 2026 жылғы 7-11 қазан – Қазақстан  Республикасы Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Messe Frankfurt көрме кешенінде 7–11 қазан аралығында өтіп жатқан 78-ші Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі (Frankfurter Buchmesse 2026) аясындағы Қазақстанның ұлттық стендіне барды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ұлттық стенді халықаралық кітап көрмесіне үшінші жыл қатарынан қатысуда. Қазақстандық делегация құрамына 30-дан астам өкіл кірді. Экспозицияға «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Arman-PV», «Мазмұндама», Steppe & World Publishing және басқа да жетекші қазақстандық баспалардың 300-ге жуық кітабы қойылды.

Бас консулдық өкілдері Қазақстанның кітап экспозициясымен танысып, отандық авторлардың шығармаларын таныстыруға арналған іс-шараларға қатысты. Аталған іс-шаралар қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттауға және еліміздің ұлттық мәдени мұрасын шетелдік оқырмандарға танытуға бағытталған.

Іс-шаралар аясында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасының The Angel of Karaul атауымен ағылшын тілінде ұсынылуына, сондай-ақ жас авторлар Арлан мен Аслан Айткалиевтердің «Гарольд пен ЛараБелль. Кітаптар патшалығы» атты кітабының таныстырылымына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Оразалы Сабденнің ұлы ойшыл Абайдың мұрасын заманауи технологиялық сын-қатерлер тұрғысынан зерделеуге арналған «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» атты еңбегі таныстырылды.

Жәрмеңке аясында Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасына арналған бірқатар жаңа басылым да ұсынылды. Олардың қатарында Жанат Аймұхамбеттің «BÖRTE. Дала ұлы ханшайымы» кітабы, «Мәңгілік әрі жаңарған Түркістан» және «Димаш Құдайберген: шексіз музыка» атты басылымдар бар.

Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі – әлемнің түкпір-түкпірінен авторларды, баспагерлерді, әдеби агенттерді және мәдениет мекемелерінің өкілдерін біріктіретін кітап индустриясындағы жетекші халықаралық алаңдардың бірі. Жәрмеңке барысында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, кәсіби кездесулер мен шетелдік баспалармен келіссөздер өткізіліп, тәжірибе алмасуға, халықаралық серіктестікті дамытуға және кітап шығару саласындағы бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік беріледі.

Бас консулдық қызметкерлерінің Қазақстанның ұлттық стендіне баруы отандық жазушылар мен баспагерлерді қолдаудың, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде ілгерілетудің, Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың және кітап шығару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын көрсетті.

02 сентября 2026
Қазақстан құрамасы Socca World Cup 2026 чемпионатында сенімді түрде 1/8 финалына жолдама алды

2026 жылғы 1 қыркүйек, Эссен – Эссен қаласында (ГФР) өтіп жатқан Socca World Cup 2026 халықаралық чемпионаты аясында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жарыстағы сәтті өнерін жалғастыруда.

Топтық кезеңнің үшінші кездесуінде Қазақстан құрамасы Бельгия құрамасын 5:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, өз тобында бірінші орынға ие болды және чемпионаттың 1/8 финалына тікелей жолдама алды.

Қазақстандық спортшыларға қолдау көрсету мақсатында матчқа Қазақстан Республикасының Бас консулдығының өкілдері, сондай-ақ Германияда тұратын қазақстандық отандастар қатысты. Олар ұлттық құрамамызға қолдау білдіріп, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктеріне ортақтасты.

Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ұлттық құраманың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне тілектестік білдіріп, команданың алдағы кездесулеріне сәттілік тілейді.

10 августа 2026
Кайзерслаутерн қаласында Халықаралық жастар күніне орай футбол турнирі өтті

Кайзерслаутерн, 2026 жылғы 8 тамыз — Кайзерслаутерн қаласындағы SOC Sportpark спорт кешенінде Халықаралық жастар күніне орай футбол турнирі өтті. Спорттық додаға Қазақстан Республикасының Бас консулдығы қызметкерлері командасы, өңірде тұратын отандастар және қазақстандық студенттер қатысты.

Іс-шараның ашу бөлімінде Қазақстан Республикасының Бас консулдығының кеңесшісі Рүстем Исабаев Германияда тұратын қазақстандықтар арасындағы өзара байланысты нығайту және бірлескен спорттық әрі қоғамдық бастамаларды дамыту тұрғысынан осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Турнир аясында командалар арасында футбол кездесулері өтіп, қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, командалық рух пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Жарыс достық және өзара құрмет қағидаттары негізінде өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Бас консулдығының командасы бірінші орынға ие болды. Жарыстың қорытындысы бойынша үздік ойыншыларға Бас консулдықтың атынан жекелеген номинациялар бойынша естелік грамоталар табысталды.

Турнирді өткізу жастар және қоғамдық дипломатияны дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған практикалық бастамалардың бірі болды.

21 июля 2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ ТУРАЛЫ

Құрметті отандастар!

2026 жылғы 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы (ГФР) Бас консулдығы жанындағы № 433 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау өтеді.

Сайлау өткізу туралы № 1338 Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 1 шілдеде қол қойды.

Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы жанындағы № 433 учаскесінде 18 жасқа толған және Баден-Вюртемберг, Гессен, Рейнланд-Пфальц және Саарланд федералдық жерлерінде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беру құқығына ие.

№ 433 сайлау учаскесінің дауыс берушілер тізіміне енгізу үшін өз деректеріңізді (Т.А.Ә., ЖСН, туған күні және тұрғылықты мекенжайы) Бас консулдықтың консулдық бөліміне konsul.fra@mfa.kz электрондық поштасы арқылы жолдау қажет.

Дауыс беру үшін сайлау күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасының жарамды паспорты немесе жеке куәлігі болуы тиіс.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда +49 69 9714670 телефоны немесе konsul.fra@mfa.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады.

Қазақстан Республикасы Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының мекенжайы: Beethovenstraße 17, 60325 Frankfurt am Main.

30 июня 2026
Франкфуртте қазақстандық жастар Конституция, Құрылтай сайлауы мен ұлттық құндылықтарды талқылады

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 26 маусым - Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына және Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасында білім алып жүрген және тұратын қазақстандық студенттер мен жастар қауымының өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Үмбетбаев жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі екенін атап өтіп, оның заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Әділетті Қазақстанды құру бағытын дәйекті түрде іске асыруға бағытталғанын жеткізді.

Өз сөзінде Бас консул жаңа Ата Заң мемлекеттің саяси жүйені одан әрі жетілдіруге, демократиялық институттарды нығайтуға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге деген ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, Бас консул алдағы Құрылтай сайлауының маңыздылығына ерекше тоқталып, шетелде жүрген қазақстандық жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Ол сайлауға қатысу әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағына ортақ жауапкершілігін білдіретін маңызды азаматтық борыш екенін атап өтті. Осы тұрғыда жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуы демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара барысында қатысушыларға Конституцияның негізгі ережелері мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың басым бағыттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Жастар еліміздің қоғамдық-саяси дамуының өзекті мәселелерін, конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызын талқылап, жалпыұлттық міндеттерді іске асырудағы жастардың рөлі жөнінде пікір алмасты.

Бағдарламаның мәдени бөлімі Ұлттық домбыра күніне арналды. Қатысушыларға домбыраның қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық болмысының ажырамас бөлігі ретіндегі маңызы туралы айтылып, оның ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ерекше рөлі атап өтілді.

Іс-шара аясында дәстүрлі қазақ күйлері орындалып, қонақтар қазақ халқының бай музыкалық мәдениетімен және ұлттық өнерінің терең рухани мазмұнымен танысты.

Кездесу ашық әрі сындарлы диалог рухында өтіп, шетелдегі қазақстандық жастардың елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтауға деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Осындай іс-шаралар шетелдегі қазақстандық қауымдастықтың бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

21 мая 2026
Қазақстан IMEX Frankfurt 2026 халықаралық көрмесінде туристік әлеуетін таныстыруда

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері IMEX Frankfurt 2026 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған Қазақстанның ұлттық стендіне барып, «Алматы Туризм Бюросы», «Астана Туризм», сондай-ақ басқа да туристік компанияларының (Cosmo Travel, Empire Travel Qazaqstan, Travel Plus және т.б.) өкілдерімен кездесті.

Көрме барысында қазақстандық делегация еліміздің туристік және MICE-индустриясындағы әлеуетін халықаралық аудиторияға таныстырып, шетелдік серіктестермен, инвесторлармен және туризм саласының жетекші өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізуде.

Қазақстанның ұлттық стенді көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырып, Алматы мен Астананың халықаралық іскерлік және туристік орталықтар ретіндегі әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, көрме аясында қазақстандық компаниялар шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату және жаңа туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылауда.

20 мая 2026
«Qymyzfest» көктемгі фестивалі Вальдбрунн-Мюльбенде өтті

Вальдбрунн-Мюльбен, 2026 жылғы 17 мамыр – Германияның Вальдбрунн-Мюльбен қаласында орналасқан Zollmann Stutenmilch GmbH ұйымдастырған көктемгі «Qymyzfest» мерекесі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының өкілдері қатысты.

Фестиваль аясында қонақтар жылқы шаруашылығы, бие сүтінен дайындалатын өнімдер және экологиялық ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи тәсілдермен танысты.

Қазақстандық тарап жылқы өсіру мен бие сүтін өндірудің тарихи және мәдени маңыздылығына ерекше тоқталып, қазақ халқының қымыз дайындауға байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері туралы мәліметпен бөлісті.

Мерекенің мәдени бағдарламасы аясында қазақтың ұлттық әндері шырқалып, домбыра үні әуеледі. Сонымен қатар фестиваль қонақтарының қатысуымен «Қара жорға» халық биінің флешмобы шараның ұлттық мазмұнын айшықтап, мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетуге ықпал етті.

09 мая 2026
Ұлы Жеңіс құрметіне гүл қою рәсімі

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Hauptfriedhof аумағында орналасқан мемориалда Қазақстан Республикасының Бас консулдығы қызметкерлерінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шара барысында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың ерлігіне тағзым жасалды. 

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Бас консулы Таубалды Умбетбаев Қазақстан халқының Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тарихи рөліне ерекше тоқталды. Өз сөзінде ол Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі орасан зор болғанын атап өтті.

«Соғыс жылдары Қазақстаннан миллионнан астам адам майданға аттанды. Қазақ жері майданды азық-түлікпен, өндірістік ресурстармен қамтамасыз етіп, жүздеген мың эвакуацияланған азаматтарды қабылдады. Қазақстандық жауынгерлер ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Біз олардың жанқиярлығын әрдайым есте сақтауымыз керек», – деді Бас консул.

Сондай-ақ, дипломат Жеңіс күні – бейбітшілік пен бірліктің, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды символы екенін атап өтті.

Мұндай тағзым шаралары тарихи әділеттілікті сақтау мен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде ерекше маңызға ие.

05 мая 2026
«Таза Қазақстан» науқаны Майндағы Франкфуртта жалғасын тапты

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 30 сәуір - Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында «Таза Қазақстан» науқаны аясында аумақты абаттандыру мен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған сенбілік жалғасын тапты.

Социальные сети
youtube
Twitter
Instagram
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары